Павлодар облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің  басшысы Еркінбек  Аязбаевтың айтуынша, биыл елдегі барлық білім беру мекемелерінде дәстүрлі соңғы қоңырау салтанаты тек онлайн режимінде ғана өткізіледі. 

- Біздің басты мақсатымыз – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол үшін министрлік тарапынан осындай шешім қабылданды. Сонымен, 22 мамыр күні сағат 11.00-де «Ел Арна» және «Балапан» телеарналарында 11-сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдарлау бойынша бірыңғай телесабақ ұйымдастырылады. Ал 25 мамырда сағат 11.00-де онлайн-трансляция арқылы ҚР Білім және ғылым министрі қазақстандық шәкірттерді оқу жылының аяқталуымен құттықтайды. Ары қарай онлайн режимінде 1-10 сыныптарға арналған соңғы қоңырау сынып сабақтары өткізеледі, - деді Еркінбек Аязбаев. Сондай-ақ, осы жылы түлектер кеші болмайды. Ал мектеп бітірушілер үшін аттестат тапсыру және соңғы қоңырау рәсімі 3-4 маусым күндері санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіледі деп жоспарлануда. Департамент басшысының айтуынша, мектепке оқушылармен қатар ата-аналардың да келуіне рұқсат беріледі. Бірақ, шара әр сыныпта жеке өткізіледі. Мәселен, 30-40 минуттың ішінде бір сынып қатысса, одан кейін сәл үзіліс жасап екінші сыныптың түлектері шақырылатын болады.

- Бұл шараға түлектер қарапайым мектеп формасымен қатыса береді. Сондықтан арнайы костюмдер мен сәнді киімдер алудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, міндетті түрде бетперде тағып, ара қашықтықты сақтауы қажет. Іс-шараларды өткізу барысында әртүрлі агенттіктерді, жекеменшік студияларды не аниматорларды шақыруға, мерекелік дастарқан жаюға, автомобиль жалдап, қала ішін аралауға және мектеп әкімшілігі мен ұстаздарға сыйлық алу үшін ақша жинауға тыйым салынады. Қысқасы, биыл елдегі жағдайға байланысты мектеп бітірушілер үшін ұлан-асыр сауық кештері өтпейді. Түлектердің қатысуымен өтетін шағын іс-шаралар мектеп ішінде педагогтердің, сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен ғана жүргізілуіне рұқсат. Осы айтылған ережелерді сақтау және балалардың үйлеріне уақытылы қайтуын қадағалау ісі мектептер мен ата-аналар комитетіне жүктеледі, - деді Еркінбек Аязбаев.

Айта кетерлігі, биыл облыс бойынша 3770 оқушы 11-сыныпты тәмамдайды. Олардың қатарында «Алтын белгіге» үміткер 189 түлек, үздік аттестатқа үміткер 151 бітіруші бар. Ал биыл аймақ бойынша 3250 талапкер (қазақ тілінде білім алатындар саны - 1693, орыс тілінде білім алатындар саны - 1538) ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Қуантарлығы, соңғы жылдары шет тілінде ҰБТ тапсыратын түлектердің саны артып келеді.

- Былтыр павлодарлық 4 оқушы шет тілінде тест тапсырса, осы жылы 19 түлек шет тілінде өз білімін сынап көрмек. Осы шәкірттердің басым бөлігі - дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің түлектері. Болашақта олардың саны бұдан да көбейеді деген сенімдеміз, - дейді департамент басшысы. Оның сөзінше, ҰБТ науқаны әдеттегідей 20 маусым мен 5 шілде аралығында ұйымдастырылады. Бірақ, санитарлық талаптар бойынша бір аудиторияда тест тапсыратын түлектердің саны биыл 50 пайызға дейін қысқартылатын болады. Сол арқылы ара қашықтықты сақтау көзделуде. Сонымен қатар, бұған дейінгі жылдары талапкерлер бір пунктте екі лекпен тест тапсырса, биыл 3-4 лекпен кіретін болады.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz