Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов Павлодар ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Алдымен облыс әкімі Ертіс-Успен каналына ат басын бұрды. Кеңестік кезеңде құрылысы басталып, аяқсыз қалған 13 шақырым арнаны қалпына келтіруге мемлекеттік қазынадан 7,8 млрд. теңге қарастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстармен Қ.Сәтбаев атындағы каналдың мамандары айналысуда.

- Арнаның өнімділігі секундына 11 текше метрді құрайды. 40 млн. текше метр су жіберуге қауқарлы болмақ. Белгіленген жұмыстарды келесі жылы толы-ғымен аяқтап, 2022 жылы пайдалануға беру жоспарда бар, - деді мердігер компания дирек-торының кеңесшісі Леонид Баталов.

Павлодар ауданының әкімі Жанат Шұғаевтың айтуынша, арна іске қосылған соң суармалы алқап көлемін 15 мың гектарға дейін көбейтуге болады. Қазірдің өзінде 6 мың гектар жер 33 шаруа қожалығына тіркеліп, олар инвестициялық жобаларын ұсынып отыр.

- Шаруалар дайындық шараларын қатар жүргізуі тиіс. Олар каналдың суын пайдалануға әзір болуы керек. Мыңдаған гектар жерді суармалы алқапқа айналдыру қарапайым тұрғындарға кері әсерін тигізбеуі тиіс. Қазірден бастап жайылым жерлер ұсыну жолдарын қарастыру қажет, - деді Ә.Сқақов.

Аймақ басшысы жергілікті көкөніс өсірушілермен де жүздесіп, олардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Черноярка ауылында картоп, сәбіз, тіпті соңғы жылдары пияз өсіретін шаруалар суға субсидия беру мәселесін көтерді. Айтуларынша, бұған дейін сорғы станциясы арқылы су пайдаланған шаруаларға мемлекет тарапынан 60 млн. теңгеге дейін субсидия беріліп келген. Ал соңғы екі жылда бұл үдеріс үзіліп, кәсіпкерлердің қалтасына салмақ салып отыр. Әбілқайыр Бақтыбайұлы егер шаруа-лар технологиялары мен техникаларын жаңартып, шаруашылықтарын дамытуға ниетті болса, субсидия-лау мәселесін қарастыруға болатынын айтты.

Ә.Сқақов агроөнеркәсіптік кешеннің бірнеше нысанына барып, жұмыс барысымен танысты. Айталық, «ИнтерТек» заманауи қоймасы 2 мың тоннаға дейін сәбіз сақтауға қауқарлы. Серіктестік басшысы Василий Логин дайын өнімді сатып алып, сақтаумен шектелмей, өздері де салуға көшкенін айтты. Биыл «Қарлығаш» шаруа қожалығымен бірлесіп, 40 гектар жерге сәбіз екті.

Ал Шақат ауылындағы «Turkey PVL» ЖШС күркетауық етін өндіретін құс фабрикасын салды. Жаңа кәсіпорында төрт құс қорасы мен құс сою цехы бар. Алғашқы өнім тамыз айында шығарылып, жылына 8 мың тонна құс еті нарыққа жөнелтілмек.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Павлодар ауданындағы «Андас», «Маяк», «Жаңақала», «Луганск» шаруашылықтарында болып, жоба-жоспарларымен танысты.

Биыл Новочерноярка ауылында орталық-тандырылған жылу және су желілері салынуда. Осылайша, қыс бойы пәтерлерінде от жағатын 16 көпқабатты баспана мен жеке сектор тұрғындарының, әлеуметтік нысандардың мәселесі шешіледі. Жылу желісін тартуға қазынадан 507 млн. теңге бөлінді. Бірақ, бұл тұрғын үйлердің барлығын бірдей жылумен қамтуға жетпейді.

- Елді мекенде барлығы 170-тен астам үй бар. Бөлінген қаржыға тек 73 үйді жылуға қоса аламыз. Жеке сектордағы қалған 100 баспананы да қамту үшін тағы 150 млн. теңге керек, - деді «Ай-Су Мелиорация» ЖШС директоры Валерий Левченко.

Оның айтуынша, орталық желіден әр үйге дейін жылу тарту шығындарын тұрғындар өздері төлейді. Бір бөлмелі пәтерлер 118 мың теңге, екі бөлмелілер 184 мың теңге, үш бөлмелі баспаналар 200 мың теңгеден астам қаржы шығарады. Желілерді тарату жұмыстары маусымда басталып, қыркүйекте әр баспана жылу желісіне қосылуға дайын болады. Бұл ретте заңды тұлғалар төлейтін тариф бір шаршы метр үшін 350 теңге, тұрғындарға 205 теңгені құрайтынын атап өту керек. Соның нәтижесінде айына көмір мен ағашқа жұмсалатын шығын 40 пайызға дейін азаяды.

-  Қазандыққа үйлердің неғұрлым көп бөлігі қосылған кезде бұл жоба тиімділігін көрсетеді. Ал тұрғындар құрылыс жұмыстарының аяқталуын күтпей-ақ, қазірден бастап желілерді үйге дейін тартуға дайындалуы тиіс, - деді Ә.Сқақов.

Сондай-ақ, Новочернояркада орталық-тандырылған су жүйесінің құрылысы қарқынды жүруде. Жоба құны - 518 млн. теңге. Судың әр текше метрі үшін тұрғындар шама-мен 300 теңге төлейтін болады.

- Біріншіден, тұрғындар орталық желілердің тарифтерін нысан пайдалануға берілмей тұрып білуі тиіс. Екіншіден, облыс орталығына жақын орналасқан ауданның таза ауызсумен қамту көрсеткіші облыста ең төмен болуы - қисынға келмейтін дүние. Үшіншіден, су құбырларын салу бір бөлек, оларды күтіп-баптайтын жеке мекеме керек. Әйтпегенде, екі-үш жылдан соң бұл құбырларды қайта жөндеуге тура келетін түрі бар. Аудандық әкімдік жанынан тиісті орталық құру мәселесін қарастыру керек, - деді Ә.Сқақов.

Аудан әкімі Жанат Шұғаевтың айтуынша, биыл 7 елді мекенде орталықтандырылған су құбырының құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы тағы 4 ауылда осы бағыттағы жұмыстар басталады.

Сонымен қатар, Новочерноярка ауылында Қайрат Тұрлыбаев басшылық ететін жергілікті «Жаңақала» шаруа қожалығының қаржысы есебінен 50 балаға арналған, бассейні бар балабақша салынуда. Алдағы оқу жылында балабақша бүлдіршіндерді қабылдауға дайын болады. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігін жоғары бағалап, өзгелер үлгі алуы керек, деді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz