Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов «Тұз қала» туристік аймағына барып, демалушыларға жасалған жағдайды көріп қайтты. Былтыр мұнда 16 мыңға жуық тұрғын тынықса, биыл 20 мың адамды қабылдау жоспарда бар. Ол үшін бірнеше кәсіпкер демалыс орындарын ашып, инвестиция салды. Алайда атқарылған жұмыстар аймақ басшысының көңілін көншітпеді.

- Мұнда кәсіпкерлердің өз күшімен жасалған жағдай жазда емін-еркін демалу үшін аздық етеді. Жергілікті әкімдік күрежолдан туристік аймаққа дейінгі аралықты жөндеу үшін 300 млн. теңгеге жуық қаржы қажет екенін айтты. Бәлкім, бұл соманы үш-төрт минут жүретін жолды жөндеуге емес, көлдің жағасындағы инфрақұрылымды жақсартуға жұмсаған әлдеқайда тиімді болар? Осы мәселені саралау керек, - деді Ә.Сқақов.

Аймақ басшысы 37 шақы-рымдық Лебяжі су арнасын қалпына келтіруге жоспарланған қаржы көлемін де қайта қарау қажеттігін айтты. 1987 жылдан бері қараусыз қалған каналды жандандыру үшін 132 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, кейін 7 млрд. теңгеге жөндеу қажет. Тиісті жұмыстар аяқталған соң оның суын небары үш шаруашылық пайдаланбақ.

- Үш шаруашылық салатын 100 млн. теңге инвестиция үшін мемлекеттік қазынадан 7 млрд. теңге жұмсау - ойға қонымсыз. Агроөнеркәсіптік кешенді, суармалы алқапты дамыту туралы бастаманы құптаймын, бірақ бұл жобадан ешқандай тиімділік көріп тұрған жоқпын. Арнаны қалпына келтіру жобасы әлі де шикі, сондықтан қайда қарау қажет, - деді облыс әкімі.

Әбілқайыр Сқақов Аққулы ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 1 млрд. теңгеге салынған жол бойы сервисінің пайдаланбай тұрғанын да сынға алды. 15 бөлмесі, асханасы, көлікке техникалық қызмет көрсету орталығы мен дөңгелек жөндеу орны бар бұл кешеннің құрылысы осыдан бір жарым жыл бұрын аяқталған. Сол уақыттан бері нысан қаңырап бос тұр. «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директоры Ақылбек Қабылдиннің айтуынша, нысанды кәсіпкерлерге сенімді басқаруға беру - заңғы қайшы әрекет. Ал ай сайынғы 4 млн. теңгелік жалдау ақысын бизнес өкілдерінің қалтасы көтермейді.

- Жол бойы кешенінің осы уақытқа дейін пайдаланылмауы - мемлекеттің 1 млрд. теңге қаржысының желге ұшуымен бірдей. Бұл сервис бюджетке де, тұрғындарға да түк пайда әкеліп тұрған жоқ. Керісінше, жыл сайын оны күзетіп, жылытып, күтіп ұстауға қосымша шығын жұмсалуда. Бұлай болмайды. Орталық органдармен келіссөздер жүргізіп, кәсіпкерлердің немесе «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқаруына берудің тетіктерін қарастыру қажет, - деді Ә.Сқақов.

Аққулы ауданының әкімі Абзал Балғабаевтың айтуынша, аудан орталығында, Ямышев және Черное ауылдарында барлығы 9 үй салынуда. Солардың бірі - Аққулы ауылында «Nurly Ertis» бағдарламасы аясында бой көтерген баспана. Десе де, Әбілқайыр Бақтыбайұлы атқарылған жұмыстың сапасы сын көтермейтінін әрі бұл үйде тұру мүмкін емес екенін айтты.

- Үй қалай болса солай салынған. Күз, көктемде қабырғасы жарылып, көгеретін түрі бар. Тіпті, аула сыртындағы қоршаулардың өзі дұрыс емес. Құрылыс компаниясы жұмыстарды жетілдіруі тиіс, - деп тапсырды аймақ басшысы.

Сапар соңында Шарбақты ауылында «Қайрат», «Ардақ», «Алтай» және тағы басқа шаруашылық өкілдерімен жүздесіп, мемлекеттік бағдар-ламалардың шарттарын талқылап, жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz