Тиімділігі есептелуі тиіс

Аудандағы ең ірі шаруа қожа-лықтың бірі - «Молочное село». Бүгінде қожалықтың иелігіндегі 320 гектар суармалы жерде картоп және басқа да көкөністер өсіріледі. Шаруа алдағы уақытта суармалы жерді кеңейтіп, мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын қазірдің өзінде мал ұстауға арналған орынжайларды салып, импортталған ірі қара мал сатып алу мүмкіндігін қарастыруда.

Өңірдегі картоп өсірумен айналысатын тағы бір ірі шаруа қожалығы - «АгроТерра» ЖШС. Мұндағы фермерлер 120 гектар алқапты суару ісін толық игерген. Серіктестік басшысы Ербол Әлібековтің айтуынша, алдағы уақытта бұған қосымша 360 гектар жерді қосып, суармалы егістік алқабын кеңейтпек.

- Бізге қолбайлау болып отырған бір ғана мәселе бар. Ол - суармалы жерлерге тартылатын су қорының аздығы. Яғни, Талинка өзені сағасынан алынатын су жеткіліксіз. Өзен тасыған кезде оның тереңдігі 2,5 метрді құрайды, ал қалған уақытта 1,5 метрден де аспайды. Қалыпты жұмыс істеу үшін Талинка өзенінің тереңдігін кем дегенде екі есеге арттыру немесе егістікті сумен қамтамасыз ету үшін Ертіс өзенінің арнасын тазарту қажет. Өзен арнасы соңғы рет 1984 жылы тазартылған, - деді Е.Әлібеков.

Аталған мәселе бойынша аудан әкімі Қаршыға Арынов өзен арнасын кеңейтсе, қосымша 2,2 мың гектар жерді суаруға болатынын айтты.  Аймақ басшысы Әбілқайыр Бақтыбайұлы бұл жобаның тиімділігін мұқият есептеу керектігін атап өтті.

- Қосымша көлем алғаннан кейін су тек жерге сіңіп кетпеуі керек. Жергілікті шаруалар ұзақ мерзімді нәтижесі бар нақты суару жобаларын ұсынуы керек. Су қоймасы бойында көкөніс өсірудің жаңа нүктелері пайда болуы шарт. Бұл жағдайда фермерлердің өздері суаруға қаржы салуға дайын болуы тиіс. Олардың жобаларын қаржыландырудың көптеген тетіктері бар. Мәселен, «ҚазАгроҚаржы», «Аграрлық несие корпорациясы» компанияларының бағдарламалары, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несиелер алуға болады, - деді Ә.Сқақов.

Жаңабеттегі жарқын істер

Өңір басшысы сапар барысында Мүткенов ауылдық округіне қарасты Жаңабет ауылына ат басын бұрып, ондағы Қ.Нұғыманов атындағы орта мектеп тынысымен танысты. Білім нысанының 1982 жылы бой көтерген ескі ғимаратын бұзбай, қаз қалпында сақтай отырып, 2018 жылы 71 млн. теңгеге мектеп кеңейтілген. Ал 2019 жылы 25 млн. теңгеге кең әрі ыңғайлы спорт зал салынған.

Өңір басшысы білім беру мекемесінің бүгінгі тынысына оң бағасын беріп, әрі қарай да заман ағымынан қалмай, өркендей беруін тіледі. Кейін Жаңабет ауылында сумен жабдықтау желісі құрылы-сының барысымен танысып, жергі-лікті тұрғындармен жүздесті.

- Бізді алаңдатып отырған мәселе - су үйімізге дейін жетпей қалуы мүмкін. Яғни, мердігер компания су құбырын тек аула сыртына дейін ғана жеткізіп беретінін айтып отыр.  Одан әрі үйге кіргізу  тұрғындарға тиесілі. Ауылдың 70 пайызы - зейнеткерлер. Олар оны қалай істемек? Осы мәселені біржақты етіп берсеңіз, - деді Жаңабет ауылының тұрғыны Иманбек Қабенов.

Тұрғындардың пікірін тыңдап, тілдескен облыс әкімі аудан басшысына мердігер компания-мен бірлесіп, бұл мәселені тағы бір зерделеуді тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындарға су тарту жұмысын қадағалайтын тәуелсіз топ құруды міндеттеді.

«Ақтоғай Агрода» - айтулы істер

Жоламан ауылындағы «Ақтоғай Агро» ЖШС 1000 басқа арналған сүт фермасын салу жобасын осыдан 1 ай бұрын қолға алған. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 6 миллиард теңгені құрайды.

«Ақтоғай Агро» ЖШС басшысы Александр Терентьевтің айтуынша, жоба басталмас бұрын олар қазақстандық, голландиялық және украиндық жобаларды қарастырып, ішінен украиндық нұсқаға тоқтаған екен.

- Біздегі төлдейтін малдар гольштейн-фриз тұқымына жатады. Ол үшін Франциядан тәжірибелі генетиктерді жалдап, солардың тәжірибелеріне арқа сүйедік. Мамандардың бізге ірі қара мал таңдауда көмегі мол болды. Westfalia компаниясының өкілде-рімен жабдықты жеткізу, монтаждау және іске қосу жөнінде келістік, - деді А.Терентьев.

Серіктестік басшысы «Ақтоғай Агро» ЖШС–нің тағы бір ірі инвестициялық жобасымен таныс-тырды. Қуаты 5 мың тонна болатын тоңазытқыш жабдықтары бар көкөніс сақтау қоймасының құрылысының басталғанына да ұзақ болмаған. Бұл жаңа нысан ауыл шаруашылығы өнімдерін ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік бермек. Ол өңір тұрғындарын маусымаралық кезеңде, яғни, сәуір-шілде айлары аралығында белгіленген бағамен арзан көкөніспен қамтиды деп күтілуде.

Алғашқы 2 қабатты тұрғын үй

Аудан орталығында 2 қабатты, 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмысы басталған. Ол «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. 

- Дәл осындай тұрғын үйдің құрылысы алғаш рет қолға алынып отыр. Мұндағы пәтерлер 1, 2 және 3 бөлмеден тұрады. Жаңа үйге бірінші кезекте «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша келген жастар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен медицина қызметкерлері орналас-тырылады. Құрылыс жұмысын жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Келер жылы да дәл осындай 24 пәтерлі тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз, - деді аудан әкімі Қ.Арынов.

Құрылыс жұмысымен танысқан аймақ басшысы кемшіліктерге жол бермей, әр кезеңде бақылап отыруды тапсырды.

Осылайша, ауданның бүгінгі өмірімен танысқан облыс әкімі Ә.Сқақов әр жобаны іске асыруда қырағылық танытуды және халық мүддесі үшін қызмет етуді естен шығармауды атап өтті.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz