Халық арасында «Ұлы жұт» деп аталып кеткен бұл апаттың шарықтау шегі 1932 жылға сәйкес келді. Осы бір нәубетке қатысты айғақтар Павлодар облысы мемлекеттік архивінің ХХ ғасырдың 20-30- жылдарғы құжаттарында сақталған. Әрине, құжаттардың әртүрлі кешені сол кезеңдегі шындықты әртүрлі деңгейде бейнелейді. Айта кету керек, бұл архивтік мәліметтер Кеңес өкіметі тұсында ұзақ жылдар «Аса құпия», «Құпия» режимінде сақталып, зерттеушілерге берілмеді. Тек еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бастап бұл архивтік құжаттар қолжетімді болды.

Осы құжаттарға сүйенсек, астық дайындау саясатының деревнялар мен ауылдарды әлсіреткендігін байқауға болады. 1929 жылдан бастап астық дайындаудың жоспарлы көрсеткіші күрт өсе бастайды. Қатаң тапсырманы орындау мүмкін болмады. Округтік атқару комитеті президиумының 1929 жылғы 26 қаңтардағы отырысы хаттамасынан мына мәліметті көруге болады: 1929 жылдың қаңтарында Павлодар округінде 1 миллион 300 мың пұт астық дайындау туралы айлық тапсырманың тек 139 мың 68 пұты ғана дайындалған. Билік тапсырманы мүлтіксіз орындауды талап етті. Ал, шаруалар болса асыра-сілтеп, еселенген жоспардың қабылдануына қарсылық танытты. 1930 жылғы 30 тамыздағы Павлодар аудандық комитетіне жолданған хатта Демьяновка ауылы тұрғындарының: «Астық дайындау басталды, енді міне, ойға қонымсыз жоспар беріліп отыр. Жоспарды жалған деректерді басшылыққа алған, мисыз адамдардың дайындағаны көрініп тұр» деген мәлімдемесі баяндалады.

Астық дайындау жоспарларының орындалуы уәкілетті институттардың көмегімен қатаң бақыланды. Олар жергілікті «белсенділердің» қолдауымен ұжымшарлар мен жекеменшік шаруалардың астықтарын түк қалдырмай, тіпті, тұқым және тағам ретінде пайдалануға арналғандарын да күштеп алып қойып отырған. ОГПУ округтік бөлімінің 1930 жылғы 7 наурыздағы ақпараттық хатында: «Нақты деректер бойынша Ертіс ауданы Ново-Алексеевка ауылдық Кеңесінің бригадасы тұқымды дайындауды қылмыстық жолмен жүзеге асырғандығы анық. Бір қыл қалдырмай тартып алған. Адамдарды тұтқынға алып, тіпті атуға дейін барған», - делінген.

Ауыл шаруашылығын жоспарлау және басқару әкімшілік қысыммен, қудалаумен жүргізілді. Округтік атқару комитеті президиумының 1929 жылғы 31 қазандағы отырысының хаттамасында былай деп көрсетіліпті: «Округтік атқару комитеті астық дайындаудың шешуші маңыздылығын көрсетіп отыр; аудандық атқару комитеттеріне жоспарды орындағанға дейін ауылдық уәкілдерді бір жерге бекіте отырып, оларды қайта топтастыруды және астық дайындауды жүргізу бойынша округтік атқару комитетінің нұсқауын бұрмалаған және орындамаған уәкілдерге қатысты репрессияны күшейтуді ұсынады. Жазалау органдары тарапынан кулактар мен байларға қарсы жаппай репрессияны күшейту, кедейлер мен орта шаруалардың артық астықты тапсыруы бағытындағы жұмысты жандандыру қажеттілігін, жоспарлы тапсырмалардың орындалуына қарамастан, кулактар мен байлардың тауарлық астығын толығымен тартып алуды ұсынады». Ет, май және т.б. мал өнімдерін дайындау жұмыстары да осындай репрессиялық әдістермен жүзеге асырылды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін мәжбүрлі түрде дайындату және салықты қатаң түрде төлету нәтижесінде округте азық-түлік дағдарысы орын алды. Бұл жаппай ұжымдастыру мен қазақ халқын күштеп отырықшыландыру саясатын одан бетер ушықтырып жіберді.

Негізінде, елде ұжымдастыру 1932 жылға қарай аяқталуы керек болатын, алайда, Филипп Голощекин басқарған Қазақстан басшылығы бұл үдерісті жасанды түрде жылдамдатты: БК(б)П Қазөлке комитеті 1930 жылға қарай 566 мың көшпенді және жартылай көшпенді шаруалардың 544 мыңы отырықшылыққа көшуі керек деп қаулы етті. Бұл жағдайда шаруашылықты жүргізудің дәстүрлі үлгісі көшпелі мал шаруашылығы болып табылатын, ғасырлар бойы қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық тұрмыс салтын аз уақыттың ішінде өзгертуге қазақ халқының дайын еместігі есепке алынбады. Халықты күштеп отырықшыландыруға мәжбүрлеу шаралары жергілікті жерлерде мүлтіксіз орындалып жатты. Павлодар округтік атқару комитеті президиумының 1929 жылғы 28 қарашадағы отырысы хаттамасында «отырықшыландырылған шаруаларға берілген аумақты тезірек және ұтымды игеру мақсатында, олар егіншілік шаруашылығын жүргізулері үшін бейімделулері және көндігулері керектігі» айтылады. Ұжымдастырудың қаншалықты қарқынды жүргізілгендігіне мына архивтік мәліметтер айғақ. Егер 1928 жылғы 1 қазанда округте барлығы 2 мың 583 шаруашылықты біріктірген 177 ұжымшар болса, 1930 жылғы 1 қаңтарда 15 мың 55 шаруашылықтың басын біріктірген 339 ұжымшар болған.

Күштеп ұжымдастырумен қатар кулактардың мүліктерін тәркілеу саясаты қатаң жүргізілді. ОГПУ округтік бөлімінің 1930 жылғы 26 қаңтардағы хатында «кулактарды тұрғылықты жерлерінен дереу көшіруді» бұйырған БК(б)П Қазөлке комитетінің нұсқауы туралы хабарланады. Осы жұмыстарды ұйымдастыру үшін округтік орталықтарда жедел үштіктер құрылды. 1930 жылғы 19-20 ақпанда осындай үштік Максим Горький ауданы бойынша 213 және Тереңкөл ауданы бойынша 202 бай-кулак шаруашылықтарын Павлодар округі мен аудандарынан тыс жерлерге көшіру туралы қаулы қабылдайды. Сөйтіп 1930 жылғы 16 наурыз жағдайында-ақ округте 117 шаруа қожалығы жойылады.

Кулактардың мүліктерін тәркілеу үдерісінде шектен тыс асыра сілтеушілік орын алды, бұған орта тап өкілдері де түсіп кетіп жатты. 1930 жылғы сәуірде БК(б)П округтік комитетінің уәкілі Коновалов: «Тіпті үй тұрмысына қажетті кішігірім, ұсақ-түйек заттар мен азық-түлік қорларына дейін тәркіленген. Мүліктердің бір бөлігін тәркілеуге қатысушылар өз араларында бөліске салған, ал бірқатар азық-түлік қорлары операцияны жүргізу барысында желінгендігі белгілі болып отыр» деп хабарлайды. ОГПУ Павлодар қалалық бөлімшесінің 1931 жылғы 2 сәуірдегі мәліметінен: «Көшірілгендердің, тәркіленгендердің жағдайы аса сұмдық, азық-түлік мүлдем жоқ. Жергілікті жерлерде көшіру кезінде барлық мүлік тәркіленген. Көшірілгендерге бөлінген колонияға (№1 ауылға) балаларымен бірге, орыс және қазағы бар 200 адам әкелінді. Әрбір қыстауға 5 отбасынан орналастырылды, кейбір отбасында бір үзім нан жоқ, балалары аш. Көшірілгендердің көбі осындай жағдай жалғасатын болса, балаларымызды тағдырдың тәлкегіне тастаймыз да, өзіміз аштан өлмес үшін бас сауғалаймыз» дегенді оқуға болады.

Ұжымдастыру шаралары шеңберінде жүргізілген, мүлде ойластырылмаған малдарды ортақтастыру саясаты мал шаруашылығының құлдырауына әкеліп соқты. Павлодар ауданы «Песчаное» ұжымшарында 1932 жылғы 15 сәуірдегі жағдай бойынша «бірде-бір ұжымшар мүшесінің жеке қожалығында мал мүлде қалмаған. Малдың көбі арам өліп, болмаса сатылып кеткен, немесе ет дайындауға өткізілген». Жалпы аудан бойынша 1931 жылғы 1 шілде мен 1932 жылғы 1 ақпан аралығында мал басы 40 мың 814 бастан 24 мың 820 басқа дейін қысқарған.

Орталықтың осындай солақай, асыра сілтеушілік саясатының салдарынан қазақ халқы бұрын-соңды болмаған ашаршылыққа душар болды. Ашаршылық туралы мәліметтер 1930 жылғы құжаттарда тіркеле бастаған. 1930 жылғы 20 қаңтарда ОГПУ Павлодар округтік бөлімі: «Азық-түліктің болмауынан аштық орын алған жерлер бар. Аштықтың салдарынан Цюрупа ауданы тұрғындары жаппай көше бастады. Ауданнан ауылдық кеңестерге айтпастан қора-қопсысын және тұрмыстық керек-жарақтарын, үйлерін тастап, Павловка кентінен 34 шаруа қожалығы, Свободный кентінен 21 шаруа қожалығы кетіп қалған» деп хабарлайды.

1931 жылдың соңы мен 1932 жылдың басында Ертістің Павлодар өңірінде ашаршылықтан жаппай өлгендер «бір-бірден тіркелсе, кейіннен ондап, жүздеп тіркеле бастаған, бұндай жағдай, әсіресе, қазақтардың арасында көптеп байқалады». 1932 жылғы 31 қаңтарда БК(Б)П Павлодар аудандық комитетінің бюросы мына жағдайды жария етеді: «а) қазақтар арасында ашаршылықтан 498 адамның өлгендігі туралы факті бар; б) ұжымшар мүшелерінің аштықтан ит, мысық етін, қой терісін және тіпті адам етін де жегендігі туралы мәлімет бар; в) ұжымшарлар ыдырап, аштықтың салдарынан мал жаппай қырылуда, 1-ші, 2-ші ауылдарда 627 мал басынан бар-жоғы 36, ал №11-ші ауылда 2 мың 396 бастан 806 бас қана қалған».

1932 жылы жасалған БК(б)П аудандық комитеті комиссиясының материалдарында Павлодар ауда-нының ауылдарында халықтың жаппай ашығуы туралы келесідей мәліметтер көрсетіледі: «№1 ауылда барлығы 39 шаруа қожалығы ғана қалған. 1931 жылғы қарашадан бастап ауылда әртүрлі сүзек, шешек, т.б. аурулар кең етек жайған. Ауыл «Сағынай» және Көшен-Шүрек» руларынан тұрады. Комиссия «Сағынай» руының орналасқан жерін зерттеп, жерленбеген 44 мәйітті анықтады. «Көшен-Шүрек» руынан қалғандар «Сағынай» руының орналасқан жеріне көшірілген, Көшен-Шүректерде 30-дан астам жерленбеген мәйіт қалған. Жерленбеген мәйіттерді қорымға жиі тастап отырған, ал бұған шамалары келмегенде мал қораға апарып тастай берген. №14 және №15 ауылдардың көптеген үйлерінде адамдардың барлығы дерлік төсектерінде жатыр. Ашыққандардың көпшілігі терінің қиқымдарымен қоректенуде. Жерленбеген мәйіттер саны - 12». БК(б)П Павлодар аудандық комитетінің комиссиясы ауданда ашыққан 4 мың адамды анықтаған.

Аштық жылдары ішерге ас таппай теңселген ауыл халқы өлместің күнін іздеп Павлодарға және Ресейдің көршілес өңірлеріне бас сауғалады. Оның көбі қазақтар болатын. «Күз, қыс бойы Сібір жаққа аудан тұрғындарының 50%-дан астамы бас сауғалап кеткен, бүгінгі күні ұжымшарлардың көбінде негізгі жұмыс күшін әйелдер құрайды, №1, 6-ншы ауылдарда азын-аулақ ақсақ-тоқсақты қоспағанда, бірде-бір тұрғын қалмаған» - делінеді БК(б)П Павлодар аудандық комитетінің 1932 жылғы 2 ақпандағы телеграммасында.

1931 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Павлодар ауданында 11 мың аула болса, 1932 жылдың 1 сәуіріне қарай олардың саны 3 мыңға жетер жетпес болып қалған. 1932 жылғы 26 қазандағы жағдай бойынша құрамына Павлодар облысы аумағының көп бөлігі кірген Шығыс Қазақстан облысынан 142 мың 932 адам басқа жаққа қоныс аударған, бұл 35 мың 733 шаруашылықты құрады.

Ашаршылық жылдары Павлодар қаласына да ауыр соққы, ұмытылмас қасірет әкелді. Аштықтан құтылу жолдарын іздеген ауыл тұрғындары қалаға қарай ағылып жатты. Оның үстіне бұрын Сібір өлкесіне қоныс аударып, кейін ол жақтан елге әкімшілік шараларымен қайта кері қайтарылған адамдарды орналас- тыруда да көптеген проблемалар туындады. 1932 жылғы наурыздан бастап Новосібірден Павлодар станциясына күн сайын бес вагон адам келіп тұрған. «Аштықтан бас сауғалап, қоныс аударғандардың кері ағылуы Павлодарды адамға лық толтырды. Қала мен темір жол станциясына баспанасы, не ішерге асы жоқ аш-жалаңаш, жалаң аяқ мыңдаған адам жиналды. Ең аяныштысы - балалардың бір үзім нан таба алмай қала ішін шарлап жүргендері» - делінген Павлодар аудандық атқару комитетінің 1932 жылғы 8 маусымдағы хатында. 1932 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 21941  адам кері қайтып, Павлодар қаласы арқылы өткен. Оның көбі аштан және аурудан қайтыс болған, бір бөлігі аудандарға жіберілген.


Халқымыздың басынан өткен осы бір орны толмас қасіреттің жансыз куәгерлері - архивтік құжаттар. Бұл құжаттарды тебіренбей, толқымай оқу, зерделеу тіпті мүмкін емес. Сарғайған құжаттар беттерін парақтай отырып, қаңырап бос қалған ауылдарды елестетесіз. Содан кейін аштан қырылып жатқан адамдардың ыңырсыған дауысын еріксіз естігендей боласың... Тарихымыздың мұндай аянышты беттерін ұмыту әсте мүмкін емес.

 

Қаншайым МАҚАЖАНОВА, Павлодар облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары.

saryarka-samaly.kz