Әбілқайыр Сқақов өзі барған барлық нысандарға қатысты ортақ ескерту барын айтты. Яғни, жергілікті әкімдер салынып және жөнделіп жатқан нысандардағы жұмыстардың сапасын тиісті деңгейде бақылап отырған жоқ.

Атап айтқанда, өңір басшысы Аққулы ауданының әкімі Абзал Балғабаевқа «Сіз аудан орталығынан үй сатып алғалы отырсыз. Ішкі әрлеуінің сапасы төмен. Ал бұл үйдің құны - 16,8 миллион теңге мемлекеттік қаражат» деді.

Аудан әкімі барлық ескертулер ескері-летінін жеткізді. Мердігер кемшіліктерді 15 маусымға дейін жою міндетін алды. Абзал Балғабаев осы жұмысты, сондай-ақ болашақта басқа мердігерлердің жұмысын да күнделікті қадағалайтынына сендірді.

Әбілқайыр Сқақов Успен ауданының әкіміне Дмитриевка ауылындағы тоқтап қалу қаупі төніп тұрған суармалы учаскенің құрылысына қатысты ескерту жасады. Аудан әкімі Николай Дычко қосалқы мердігер өзінің жұмысын атқарғанын, ал мердігердің өзі байланысқа шықпай отырғанын мәлім етті. Облыс әкімі бұл мердігерді жауапсыз деп тану рәсімдерін тез арада бастауды тапсырды. Сондай-ақ, барлық әкімдерге мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауды күшейту қажеттігін ескертті.

- Баспаналы болғанда, әсіресе, жылдар бойы жинаған ақшасына үй сатып алғанда, адам қосымша инвестицияларды қажет етпейтін сапа мен жайлылыққа қол жеткізуге құқылы, - деді әкімдерге халық алдындағы жауапкершіліктерін еске салған өңір басшысы.

Сонымен қатар Әбілқайыр Сқақов бос тұрған нысандар мәселесін көтерді. Шарбақты ауданының өзінде ғана осындай 38 нысан бар. Жұмыс істемей тұрған ғимараттар - жергілікті бюджеттің ықтимал шығындары. Сондықтан инвесторлар тарту және бизнес қауымдастықпен өзара әрекеттесу арқылы осы нысандарды пайдалану жолдарын іздеу керек. Облыс әкімі бір кездері бос тұрған нысандардың бірінде жұмыс істеп тұрған Екібастұз шағын индустриялық аймағын мысалға келтірді.

- Неге аудандардағы бос ғимараттарды олардың негізінде шағын индустриялық аймақтар құру үшін пайдалану мүмкіндігін қарастырмасқа?! Екібастұздағы шағын индустриялық аймақ сұранысқа ие, болашағы бар. Алайда аудандарда және Ақсу қаласында мұндай аймақтар ашу жұмыстары тым баяу жүруде. Аудандарда кәсіпкерлер тарапынан қолайлы орындарға деген қызығушылық бар шығар, - деді Әбілқайыр Сқақов әкімдерге.

Өңір басшысы коммуналдық меншіктің бос тұрған нысандарын қалпына келтіру және бұдан былай пайдалану  бойынша Жол карталарын әзірлеуді тапсырды.­

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz