Сырт қарағанда Есілбай ауылы - шағын ғана елді мекен. Десе де, ауылдың іші мұнтаздай тазалығымен көз тартады, тұрғындардың бірлігі еріксіз сүйсіндіреді. Бүгінгі күнге дейін қаймағы бұзылмаған қазақ ауылының іргесі де сөгілмеген. Керісінше, жыл сайын мектепке баратын бала саны артып келеді. Тіпті, еліміздің Оңтүстік өңірінен және шет елден тарихи отанына қоныс аударған қандастар көш басын осында бұрған. Жастар да ауылда қызмет етуден қашпайды. Міне, берекесі артқан, бірлігі жарасқан қазақ ауылының бүгінде жалғыз ғана «әттеген-айы» бар. Ол – мәдениет үйінің жоқтығы.

Дәл осы тақырыпты өткен жылдың қыркүйек айында газет  бетінде көтерген болатынбыз. Ол кезде тұрғындардан «сүйінші» сұрап, мәселенің оң шешілетінін жеткізген едік. Өкінішке қарай, осы мәселені қайта қозғауға тура келді.

Есілбай ауылының тұрғыны, Шарбақты ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты Қисамиден Машеновтің бұл мәселені көтеріп жүргеніне де біршама уақыт болған. «Бізге мәдениет үйі керек» деген мәселені сан рет көтерсе де шешімін таппағанына ашынады.

- Ауылымызда 700-ге жуық тұрғын бар. Олардың қатары жыл санап артып келеді. Жастарымыз да туған жеріне келіп еңбек етіп, ауылдың өркендеуіне үлес қосып отыр. Шағын ғана ауыл болса да, мұнда болашақ бар. Тұрғындар қарап отырмайды. Әркім қолынан келгенше жан бағып, ауыл ішінен өздері жұмыс көзін ашып отыр. Ауылдастарымның көбі мал шаруашылығымен айналысады. Біз ауылдың ертеңіне сенеміз. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың ертеңі үшін мұнда мәдениет үйін салуды қалаймыз. Себебі, тұрғын саны бізден де аз өзге ауылдарда жаңадан мәдениет үйлері салынып, клубтар беріліп отыр. Тек біздің ауылдың жобасы ғана іске аспай келеді. Егер ауылда аталмыш ғимарат бой көтеретін болса, мұнда бірқатар мәселе өздігінен шешімін табар еді, - дейді  Қ.Машенов.

Мұндағы халық қалаулысының айтып отырған «бірқатар мәселе» дегені – Есілбай ауылдық медициналық пункт пен пошта орналасқан ғимараттың апаттық жағдайда тұрғандығы. Ғимараттың жай-күйін біз де көрдік. Расымен де, қабырғасы қақырап тұрған 1 қабатты ескі ғимарат ауа райының кез келген тосын мінезіне төтеп бере алмайды. Ол көрген көзге бірден байқалады. Қабырғасындағы арасы 10-15 см жарықтан көк аспан көрінеді. Терезелерінің де тозығы жеткен. Ауа райы сәл бұзылса, ғимараттың шұрық-тесік шатырынан жаңбыр суы тамшылап, қабырғасынан, еденінен сыз өтеді екен. Тұрғындар «қыстың аязды күндері сырқаттана қалсақ, мұнда келіп, ем қабылдамақ түгілі, жарты сағат жай отырудың өзі мұң» дейді. Бар шарауаны бірлесіп, асарлатып шешіп үйренген есілбайлықтар тозығы жеткен ғимаратты өз күштерімен де жөндеп көрген. Нәтижесі суреттегідей.

- Біздің жыл сайын «ауылға мәдениет үйі керек» деп айта беруіміздің себебі де осында. Біріншіден, дәстүрімізді дәріптеп, балаларымызды өнерге баулуға жағдайдың жоқтығы кез келгеніміздің жанымызға батады. Жаңа мәдениет ошағы салынса, тұрғындар рухани тұрғыдан дамып, түрлі бағыттағы үйірмелер ашылып, талабы зор жеткіншектерді тәрбиелеуге үлкен үлес қосылар еді. Екіншіден, медициналық пункт те осы жаңа ғимараттан орын тауып, алаңсыз емделетін едік, - дейді ауыл тұрғыны Шаймардан Баденов.

Ш.Баденов айтып отырған үшінші мәселе – ауыл поштасының жағдайы. Тұрғындардың көпшілігі газет-журналдарға жазылуды тоқтатқан. Себебі, пошта бөлімшесі жоқ. Ал газет-журналдар бірнеше күнге, тіпті қыс кезінде апталап кешігіп келеді екен.

- Газеттердің кеш жеткені былай тұрсын, оны үйді-үйге таратып беретін адам жоқ. Қажет болса пошташының үйінен алып кетесің. Зейнетақымызды да дәл солай аламыз. Біреудің босағасына барып, есігінен телміріп тұру кім-кімге де ұнамасы анық, - деді Ш.Баденов.

Осы орайда, ауыл тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Бақытжамал Байзақова тіпті, ауылдағы пошта бөлімшесінің жұмысы тоқтайтыны, бұдан былай ауылға пошта екі аптада бір рет көрші ауылдан келіп, газет-журналдарды, зейнетақыны таратып, коммуналдық төлемдер бойынша қызмет көрсету жүйесіне көшетінін айтты. Бұл мәдениет үйінің ғимаратын салдыра алмай жүрген ауылдастарының ашуын онан әрмен үдетті. Осы ретте Шарбақты аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сержан Иманқұлов мәселені сол жерде түсіндіруге тырысты.

- Ауыл поштасы жабылмайды. Бұл ауылдық округтегі пошта қызметінің өзара қабылдаған шешімі болар. Біз мұндай тапсырма берген жоқпыз. Есілбай ауылындағы пошта жұмысын ешқашан тоқтатпайды. Оған негіз де жоқ, - деді С.Иманқұлов.

Бір оқпен екі емес, үш қоянды атуды көздеп отырған ауыл тұрғындары өздерінің алтын бесіктерінің гүлденуі үшін аянып қалмайды. Ауыл халқы бірлесіп, басқа мәселелерді өздері-ақ шешіп келеді. Мәселен, 1995 жылы Есілбайда Шарбақты ауданы бойынша алғашқы мешіт бой көтерген. Оны да қарапайым халық өздері салған. Жуырда ғана ауыл жастары тұрғындар жинап берген қаржыға мешіттің ішін толықтай күрделі жөндеуден өткізген. Енді тек сыртқы жөндеу жұмыстары ғана қалған. Оны да жақын арада қолға алмақ ниетте. Тек, белсенді жастардың жігерін «биыл мәдениет үйі салынбайды» деген жаңалық жасытқан.

Бұдан бөлек, тарихы бай ауылда Ұлы Отан соғысының батырларына арналған ескерткіш те болмаған. Оны да тұрғындар Қ.Машеновпен бірлесіп, өз қаражаттарына тұрғызған. Ал былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығына, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» ескерткіші бой көтерсе, балаларға арналған ойын алаңын да өздері жабдықтап, жаңартқан. Осылардан тек биыл Ұлы Отан соғысының батырларына арналған ескерткіш қана ауыл әкімінің балансына өткен. Ал қалғандарын тағы да күтіп-баптау тұрғындардың еншісінде қалған.

Есілбай ауылы тұрғындарының базынасын тыңдап, мәселелерімен танысқаннан кейін аудан басшы-лығымен тілдестік. Жоғарыда аталған мәселелерге қатысты мән-жайды анықтадық. Бұл ретте, Шарбақты ауданының әкімі Әуезхан Әбеуов басында жоспарға енгізілген, кейін қысқарып қалған жобаның мән-жайымен таныстырды.

- Есілбай ауылындағы жағдаймен жақсы таныспын. Бұл мәселелер маған дейін де көтерілген. Оны оң шешудің сәті түскен еді, өкінішке қарай, елдегі Төтенше жағдай істің жүзеге асуына кедергісін тиігізді. Бұған дейін аталған ауылда жаңадан мәдениет үйін салуға қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптау- дан өткізілген болатын. Жобаға сәйкес жаңа нысанда мәдениет үйінен бөлек медицина және пошта бөлімшесін де орналастыруды жоспарлаған едік. Жобаның жалпы құны 154 миллион теңге болған. Негізгі талап бойынша тұрғындарының саны бір мыңға жетпейтін елді мекендерде жаңадан мәдениет үйі салынбауы тиіс. Осы жылдың көктемінде мәдениет үйінің құрылысын бастаймыз деп отырғанда республикалық бюджеттен бөлінген қаржы кері қайтарылды. Бірақ, біз қарап отырған жоқпыз. Өз тарапымыздан жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің мақсатымыз Есілбай ауылындағы қазақы қалыпты сақтай отырып, заман көшіне қосу. Болашақта «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасына енгізіп, осы ауылдағы барлық мәселені шешуді көздеп отырмыз. Қазіргі таңда мәдениет үйін салу бойынша қайтадан құжаттарды әзірлеп, тиісті орындарға жібердік. Жауап күтіп отырмыз, - деді аудан әкімі.

Ал облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің мәліметінше, ағымдағы жылы 2 ауылда мәдениет үйі салынуы тиіс екен.

- Биыл Шарбақты ауданы, Есілбай ауылынан бөлек, Аққулы ауданы Ямышев ауылында да мәдениет үйін салу жоспарланған болатын. Өкінішке қарай, екі жобаға бөлінген қаражат кері қайтарылды, - дейді ол.

Тұтас ауылдың тағдыры байланып тұрған мәдениет үйінің алғашқы кірпіші қаланатын күнді асыға күткен ауыл азаматтарының жанарынан сөнбеген үмітті байқадық. Жас пен кәріні қатар елеңдетіп қойған мәселе оң шешімін табады деген сенімдеміз.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz