- Бибігүл Төлешқызы, сізаймағымыздағы жасөспірімдердің қылмысын азайтумәселесімен талай жылдан бері күресіп жүрген тәжірибелі мамансыз. Биыл өңірдекәмелетке толмаған балалардың қолымен жасалған қылмыс көрсеткіші азайды ма?

- Ағымдағы жылдың 4 айы ішінде жасөспірімдердің қатысуымен болған қылмыс саны 30 пайызға артып отыр. Мәселен, өткен жылы сәуір айындағы көрсеткіш бойынша 10 қылмыс орын алса, биыл 13 фактіні құрайды. Қылмыстық әрекеттің барлығын 18 жасқа толмаған жасөспірімдер жасаған. Кәмелетке толмағандардың көпшілігі ұрлыққа барған. 13 оқиғаның ішінде 6 бала - мектеп оқушысы. 5-еуі колледждің студенттері болса, екі жасөспірімнің жұмыс істемейтіні анықталды.

- Жасөспірімдер жапа шеккен қылмыстық істерге тоқталсаңыз...

- Ағымдағы жылы жасөспірімдерге қатысты 54 қылмыс тіркелді. Өкініштісі, оның 32-сі балалардың жыныстық қол сұқпау-шылығына байланысты істерді құрайды. Ақсу қаласында 25 жасөспірім жыныстық қатынаста жәбір көрген. Сонымен қатар, Екібастұз қаласында – 2, Павлодар қаласы, Павлодар ауданы мен Баянауыл ауданында бір жағдайдан орын алды. Оның ішінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабы – зорлау бойынша 7 оқиға, 121-бап бойынша – 20 оқиға, 122-бап – 16 жасқа толмаған жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсу бойынша 4 оқиға, 124-бап – жас балаларды азғындық жолға түсіру бойынша 1 оқиға тіркелді. Бұдан бөлек, жасөспірімдерге ішімдік ұсынған фактілер де кездеседі. Мәселен, Успен ауданында ересек адам 16 жастағы баланы араққа тойдырған. Бұл әрекеті үшін кінәлі адам әкімшілік жазаға тартылып, 2 тәулікке қамауға алынды. Жыл басынан бері балаларға ішімдік сатқан 75 сатушы, темекіні саудалаған 21 саудагер анықталды.

- Кәмелетке   толмаған   балалардың  ер адамнан  қорлықкөріп, тағдырына  балта  шабуына не себеп?

- Балалардың зорлық-зомбы-лықтың құрбаны болуына бірінші себеп – ғаламтор. Өйткені жасөс-пірімдер әлеуметтік желі арқылы әлдебіреумен танысуға бейім. Біраз уақыт сөйлескеннен кейін бейтаныс адамның махаббатына алданады. Бойында сенімділік пайда болып, кездесуге асығады. Баласымен емін-еркін әңгімелесуге уақыт таппаған ата-аналардың кейін бармақ тістеп қалатындары да сондықтан...

Жалпы, өсе келе әрбір баланың мінез-құлқы өзгереді. Мұндай өзгеріс 5-7-сыныптар аралығында орын алады. Міне, осы сәтте баланың бос уақытын қатаң қадағалап, уақыт бөліп әңгімелесу  қажет. Тәжірибемізде кездескен оқиғаларды мысалға келтірейін. 16 жастағы қыз бала ата-анасымен ренжісіп, апасының үйіне кетіп қалады. Қадағалау қатаң болмағандықтан, жас бала әлеуметтік желі арқылы ер адаммен танысқан. Сөйтіп кешкі уақытта танымайтын адамның үйіне өзі барады. Әлеуметтік желі арқылы жазған хаттарын тексерген кезде кездесу уақытын екеуі бірге белгілегенін анықтаған болатынбыз. Тағы бір оқиғада да қыз бала ата-анасының жұмысбастылығына байланысты  бақылаусыз қалған. Кәмелетке толмаған жасөспірім де ғаламтор арқылы  өзінен біршама үлкен жігітпен танысып, бірнеше рет кездесуге шыққан. Бала махаббатқа сеніп қалған қыздың өміріне балта шабылды. Осылайша, қашықтан танысуға мүмкіндік беретін ғаламтор жастардың болашағына балта шабуда. Жаға ұстатарлық жағдайлар өгей әкенің тарапынан да орын алып жатады. Мұндай айуандық әрекетке туған әкелер барған жағдайлар да тіркелген еді.  Шешесінен айырылған қыз бала  араққа құмар әкесінің құрбанына айналды. Егер жасөспірімдердің мінезінде өзгеріс пайда болса, психолог маманға апаруға кеңес беретін ем. Өкініштісі, біздің қоғам аталмыш сала мамандарына барудан қорқады. Керісінше, тәжірибелі маманмен тілдесу арқылы баланың жан дүниесіне үнілуге мүмкіндік алады. 

- Қазір жасөспірімдерге қатысты қылмысқа қолданылатын жазаның күшей-тілгенін білеміз. Толығырақ тоқталып өтсеңіз...

- Биылдан бастап жыныстық қатынасқа қатысты қылмыстар ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Қазір 16 жасқа толмаған баламен жыныстық қатынасқа түскендер  5 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылады. Бала өліміне қатысты фактілер үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабында арнайы бөлім бекітілді. Мұндай азғындыққа барғандарды 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына түрмеге жабу жазасы белгіленді. Жәбір көрген баланың ата-анасы тәрбие таяздығы үшін жазаланады. Педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны, жасырғаны, біле тұрып, хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделген. Бұл әрекеттер ауыр қылмыстар санатына кіреді. Баланың зорланғаны туралы хабар бермегендер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Атап өтерлігі, жаңа заң бойынша жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі жоқ. Егер бұрын кінәлі тарап зардап шеккен адамды татуласуға, ақша төлеуге немесе жауапкершіліктен жалтаруға көндіре алса, ал жаңа заңнама бойынша ымыраға келуге рұқсат жоқ. Айыпталушы бірден қамауға алынады. Ал бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған ата-аналар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 127-бабы бойынша жауапқа тартылып, есепке алынады.

- Төтенше  жағдай  режимі кезінде  аймағымызда  отбасылық жанжал жиі орыналғанын  естідік.  Сол уақытта жасөспірімдердің қатысуымен заңбұзушылықтар болды ма?

- Елімізде төтенше жағдай режимі енгізіліп, аймағымызда карантин жарияланған тұста ата-аналар мен ұстаздар арасында балалардың уақытын тиімді өткізу, тәлім-тәрбиесіне мән беру жөнінде түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Сәуір айында балаларға қатысты бірде-бір қылмыс тіркелмегенін атап өткен жөн. Бұл жағдайға жасөспірімдердің ата-анасының бақылауында болғаны әсер етті. Жалпы, балалардың қатысуымен болатын қылмыс тек полицейлердің құзырындағы мәселе емес. Өскелең ұрпақтың тағдырына ата-анасы мен ұстаздары да жауапты. Құқық қорғау саласы жасөспірімдерді жөнге салып, кінәлі болса жазалайды. Ал әке-шеше мен ұстаздар оларды мұндай жағдайға түсірмеуі үшін бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бала туған сәтінен бастап ата-анасының қамқорлығында болып, жақсы мен жаманды ажырата білуі тиіс. Жоғарыдағы ұрлық фактілерін ата-ананың бақылауынан қалған балалар жасаған. Бірақ жасөс-пірімнің қылмыстық әрекеті оның болашағына балта шабатынын ұмытпауы тиіс.

- Оқушының тәрбиесіне білім ошақтарындағы мектеп инспекторлары мен психологтар да жауапты екенін білеміз. Олар бұл міндетті қалай атқарып жүр?

- Әрине, мектеп инспекторлары ата-аналар мен сынып жетекшілерімен жиі жиналыс өткізеді. Қазір мектептердегі оқушылармен 78 инспектор жұмыс істеуде. Бірақ әлі де 113 маман қажет. Бала тәрбиесімен психологтар да айналысуы тиіс. Біз олармен үнемі кездесіп, балалармен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіреміз. Әсіресе, баланың ішкі ойын ашуда психологиялық тестерді жүргізу керектігін айтамыз. Мектеп инспекторлары мен психологтар баланың мінез-құлқына, көңіл-күйіне ерекше мән беруі керек. Барлығының ата-анасымен тұрақты байланыс орнатуы тиіс. Егер оқушының мінезі ауыр болса, оны қосымша үйірмелерге жазған дұрыс. Бала іштегі ашуын қандай да бір іспен шұғылдану арқылы сыртқа шығарады. Егер ата-аналарда баласын үйірмеге қатыстыруға қаржы болмаса, сынып жетекшісіне хабарласа алады. Мұғалімдер облыстық білім беру басқармасының шешімімен әке-шешелердің мәселесін шеше алады. Бұдан бөлек, жаз мезгілінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы да қызмет көрсетеді. Бастысы, еңбек шартының бұзылуына жол бермеу қажет. Әсіресе, жасөспірім түнгі уақытта, келісімшартсыз, тәулігіне 4 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек.

-  Балалар  жазғы  демалысқа шықты. Осы уақытта сіздердің де жұмыстарыңызкүшейе түсетіні белгілі...

- Жаз мезгілінде рейдтік шараларды жиі өткіземіз. Әсіресе, балалар кешкі сағат 22.00-ден кейін жалғыз жүрмеуі тиіс. Биыл 129 жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Оның ішінде 77 бала ұсақ құқықбұзушылық жасаса, 52-сі ішімдік тұтынған. Міне, жазғы демалыс кезінде осындай әрекет-тердің алдын алуымыз керек. Қазір 432 бала есепке алынған. Оның 335-і - тұрмысы төмен отбасының балалары. Сондықтан есепке алынған жасөспірімдерді тұрғылықты мекенжайы бойынша қадағалайтын боламыз. Биыл бала тәрбиесіне жауапсыздық танытқан 894 ата-ана жазаға тартылған еді. Оның ішінде 158-і ҚР Әкімшілік Кодексінің 127-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Қалған 736-сы ұл-қызын түнгі уақытта қараусыз жіберген. 87 әке-шеше ата-ана құқығынан шектелді. Осы статистиканы азайтуда бар күш-жігерімізді салатын боламыз.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Айқарманы әзірлеген - Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz