Арулат биыл 6-сыныпты тәмам-дайды. Өткен жылы тырнақ әрлеу ісіне қызығушылық білдіріп, осы жұмысты қолға алуға тәуекел еткен. Міне, бір жылға жуық уақыт ішінде тұрақты тұтынушыларын да жинап үлгерді. Көпбалалы отбасында тәрбие көрген Арулат - отбасындағы 5 баланың ортаншысы. Қосымша кәсібі арқылы туған інісінің еміне қаражат жинауда. Бекарыс есімді  бауыры кішкентай кезінде терезеден құлап, жүйке жүйесін зақымдап алған. Сол уақыттан бері ата-анасы баласының денсаулығы үшін күресіп, шетелдегі емханаларға барады. Қырғызстандағы емдеу мекемелерінің бірінде қабылдаған ем-шарасы өз нәтижесін беріп, інісі айналасындағы адамдармен байланыс орната бастаған. Сондықтан мұндай тексерулер отбасылық бюджетке салмақ салған. Інісінің жүзінен күлкі көрген Арулат ата-анасына көмектескісі келген. 

Арулат алдымен жергілікті кәсіби мамандардың бірінің шеберлік сағатынан өтіп, тырнақ жасаудың қыр-сырын үйренеді. Қызметінің бағасы да нарықтағы бағадан анағұрлым төмен. Қызметі үшін 1500 теңге алады. Сабақтан, спорттан қолы босаған кезде осы іспен айналысады.

- Жұмыстың үлкен-кішісі болмайды ғой. Анам үйге тырнақ жасайтын шеберді шақырған кезде, бұл қызметтің менің де қолымнан келетінін түсіндім. Барлық жұмысын толық бақылап шығып, тәуекелге бардым. Әу баста әкем қарсылық білдіргенімен, кейін рұқсатын берді. Қазір өз тұтынушыларым бар. Бір жылдың ішінде осы іске машықтанып алдым десем болады. Болашақта мамандығымды да осы саламен байланыстыру ойымда бар. Жеке шеберлік сыныбын ашқым келеді. Оны уақыт көрсетеді. Бастысы, інім жазылып кетсе екен деймін.

Бауырмал әрі еңбекқор баланың болашағына сәттілік тілейміз!

saryarka-samaly.kz