Волонтер дегеніміз кім?

Волонтер дегеніміз – адамның өз еркімен өзгеге ақысыз көмек көрсетуі. Көп елдерде волонтерлік іс жұмыс ретінде саналады. Өйткені олар өзінің уақытын бөліп, білімін іске асыра отырып, тегін жұмыс істейді. Еріктілікпен ұйымдар арқылы, ынталы топтар немесе жекелей де айналысуға болады. Волонтер – жұмысшы емес!

Жастар бастамаларын дамыту орталығының жанынан 2017 жылы құрылған «Волонтер» орталығының жетекшісі Саягүл Серікқызы волонтер болу үшін адамдарға ниет білдіру, жаны ашып, есіркей білу, ашуды ақылға жеңдіре білу,  командада жұмыс жасай білу ғана емес, адалдық, парасаттылық сияқты адамгершілік қасиеттер керек дейді.

- Мұнда атқарылатын жұмыстан алатын әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек басынан кешірген адам ғана оның қаншалықты қоғамға қажет мамандық екенін түсінеді. Бұл жерде біз ата-анасы бас тартқан баланы, балалары тастап кеткен ата-ананы, тағдыр тауқыметіне тап болған түрлі адамдардың мұң-зарына куә боламыз. Барынша оларды қолдап, қоғамда өзінің жалғыз еместігін түсіндіруге, өмірден өз орнын тауып кетуіне көмектесуді мақсат етеміз. Біздің назарымызда қарттар үйі мен аналар үйі барын атап өткім келеді, - дейді Саягүл Серікқызы.

Жас волонтердің айтуынша, мұқтаж адамдарға көмек қолын соза алатын кез келген адам волонтер бола алады. Волонтерлік қызметтің мақсатты бағытталған тобы түрлі көмекке мұқтаж жандар болуы мүмкін. Яғни, оған науқас балалар, нашақор немесе маскүнем ата-анасы бар балалар, жастар, мүгедектер, зейнеткерлер, сонымен қатар жануарлар мен табиғат және т.б жатады.

Жас талғамайды

Елімізде волонтерлер туралы сөз қозғалса, көз алдымызға бірден шоғырланған жастар, оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттері елестейді. Шетелдік тәжірибеде еріктілер жас ерекшелігіне қарай жіктелмейді. Қоғамға өзгеріс алып келемін деген кез келген адам бос уақытын волонтерлікке арнаса болады. Мысалы, АҚШ-та 24 жасқа дейінгі еріктілер 22,6 пайызды, 25-44 жастағылар 26,7 пайызды құраса, 45-65 жас аралығы мен 65 жастан жоғары еріктілер саны 51 пайызға дейін жетеді екен.

Біздің қоғамда волонтерлік – ол жастардың ісі деген түсінік қалыптасып қалған. Әзірге еліміздегі барлық жастағы еріктілерді жұмылдыратын шаралар экологиялық акциялар мен сенбілікпен шектеліп отыр. Дегенмен, «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюктың айтуынша, волонтерлікпен жастар ғана айналысады деген қате түсінік, еліміздің аймақтарында үлкен жастағы еріктілер жетерлік.

Жалпы, волонтерлік жаңа ұғым ретінде қалыптасқанымен, бұл нәрсе қазақ қоғамында ертеден болған. Әлсізге қол ұшын созу, жасы үлкен адамға көмектесу, жетім-жесірге қамқор болу – дұрыс қағидаларды ұстанатын кез келген қоғамның ажырамас бөлігі. Тек осы нәрсені жүйеге салып, заңдық тұрғыда реттеп, мақсаттары мен міндеттерін айшықтап, жаңа бір деңгейге көтерді.

Әлеуметтік сала қарқынды дамуда

Волонтерлік қызметтің аясы өте кең: әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық және т.б. түрлері бар. Бұлардың ішінде әлеуметтік сала қарқынды дамып отыр. Оған елдегі Төтенше жағдай мен өңірде жарияланған карантин режимі кезінде волонтерлердің көрсеткен ерекше ерлігі дәлел. Олар карантинге жабылған үйлердің тұрғындарын азық-түлікпен қамтып, блок-бекеттердегі мамандар мен полиция және медицина саласының қызметкерлерін 2 мезгіл ыстық тамақпен қамтып отырды. Осы уақытта облыс бойынша бейресми ақпарат бойынша 5 мыңнан астам ерікті жұмыс істеген. Соның бірі «Клуб Добряков Павлодара» болды. Аталмыш ұйымның төрағасы Асхат Құсдәулетов волонтер болу үшін адамға үлкен жүрек керек дейді.

- Ең әуелі, біз - ерікті емес, волонтерлерміз. Осыны анықтап алсақ деймін. Біздің қыз-жігіттер кез келген уақытта елмен бірге болып, қиындықтармен күресіп, жақсылықтың жаршысы болудан қашпайды. Себебі, олар - өз елінің патриоттары. Осы күнге дейін қаншама адам біздің топқа келіп қосылып, жұмыс істеуге ниет білдірді. Бірақ, кейбірі бұл жұмыстың қиын әрі ақысыз екенін білген кезде бас тартып жатты. Біз оларды сөге алмаймыз. Сондықтан белсенділер тобында тек жүректілер мен мейірімділер ғана бола алады. Мені қынжылтатын тағы бір мәселе, қоғамның волонтерлерге деген көзқарасының әлі де дұрыс қалыптаспағандығы. Тіпті, соңғы оқиғаларға сәйкес, тек азық-түлік тасушы ретінде қарайтындар да табылып жатыр. Үйде отырып алып, таңнан кешке дейін бастарын қатерге тігіп, қауіпті аймақтарда жүрген волонтерлердің еңбегі заңмен бағаланса, нұр үсітен нұр болар еді, - дейді А.Құсдәулетов.

Ол елімізде әлеуметтік волонтерліктің қарқынды дамып келе жатқанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар, елімізде кең таралған бағыттың тағы бірі – спорттық еріктілік. Соңғы жылдары елімізде әр түрлі марафондар, триатлондар мен әлемдік чемпионаттар жиі өткізіліп, бұл бағыттың дамуына септігін тигізді. Халықаралық спорттық шараларда ерікті болу үшін шет тілін біліп, спорт түрлерінің ерекшеліктері мен Қазақ елінің тарихын да жақсы білгені абзал. Өйткені, волонтер - тек қызмет көрсетуші емес, шетелдіктерге еліміздің өткені мен бүгінін де танытатын жандар. Аталған бағыттардан өзге экологиялық, медициналық, төтенше жағдайлар, корпоративті, мәдени, халықаралық, онлайн, IT және т.б. түрлері де дамуда.

Нақты мәртебе берілуі керек

Елімізде волонтерлікті дамыту және қолдау мәселелері әлі де өзекті болып отыр. «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы ең әуелі нақты мәртебе берілу керек дейді.

- Волонтер болу еріккеннің тірлігі емес. Өкінішке қарай, біздің елімізде әлі күнге волонтерлердің нақты статусы жоқ. Кей елдерде волонтерлікті жұмыс санатына қосады. Өйткені, ол өзінің арнайы уақытын бөліп, күш-жігерін жұмсап, тегін жұмыс істейді. Рас, қоғамда олардың орны ерекше. Себебі еріктілер істеген жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Керісінше көмек көрсетуді парыз деп есептейді. Сондықтан өз басым, волонтерлікке нақты мәртебе беріліп, заң шеңберінде қорғалғанын қалаймын, - дейді ол.

Е.Жанғазының айтуынша, волонтерлік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, өзгелерге көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік береді.

Шетелде қалай шешімін тапқан?

Әлем бойынша еріктілер саны 970 миллионға жетіп жығылады. Джон Хопкинс университетінің зерттеуі бойынша олардың осы қызметке арнаған уақыты 125 млн. адамның толық жұмыс күніне сай келеді екен. Төрт адамның біреуі ғана уақыты мен біліктілігін арнайы ұйымдар арқылы осы іске арнаса, қалған үшеуі айналасындағы адамдарға тікелей көмектеседі. Экономикалық әсеріне келсек, еріктілер қызметі 1348 триллион АҚШ долларымен есептеледі, бұл ғаламдық экономиканың 2,4 пайызын құрайды.

Еріктілер барлық қоғамда бар, тек көп мемлекет бұл қозғалысқа жүйелі түрде есеп жүргізбейді. Зерттеулерге сүйенсек, халықаралық еріктілердің ең көбі АҚШ-та. Көмекке дайын азаматтардың 84 пайызын ғаламдық проблемалардың ішінде кедейлік мәселесі алаңдатады екен. Мысалы, Үндістан еріктілерді ең көп қабылдайтын ел болса, қоғамдағы мәселелерді жақсартуда өз күшіне сенетін азаматтар құрлықтар арасында Африкаға қарай ағылады.

Сонымен, жеке басының пайдасын ойламай, өзін қоршаған ортаның не қоғамның дамуына үлес қосқысы келетіндер не себептен ерікті болады? Әр қоғамда бұл құбылысқа түрлі нәрсе түрткі болуы мүмкін. Мәселен, АҚШ-та мектеп жасынан бастап балаларға «жақсылық жасау» идеясы кең таратылады. Жалпы, волонтерлікпен айналысу – АҚШ азаматының басты қасиеттерінің бірі деген түсінік қалыптасқан. Немесе көптеген дамыған елдерде жеке адамның күші ғаламдық мәселелерді шешуге жетпегенімен, өзін қоршаған ортаны жақсарту әркімнің қолынан келетініне кәміл сенеді. Ал жұмысқа орналасқысы келген тәжірибесі жоқ жоғары оқу орнының түлектері үшін түйіндемесінде волонтерлік қызметтің болуы – үлкен жетістік. Сол себепті де шетелде университет немесе колледж студенттері ерікті болуға қуана келіседі.

Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Сонымен қатар, Германия мен Жапонияда еріктілердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді екен.

Түйін: Елімізде 150-ге тарта волонтерлік ұйым бар. 5000-дай ҮЕҰ еріктілердің көмегімен түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған. Бүгінде БҰҰ-мен екіжақты байланыс орнаған. Қазір қазақстандық волонтерлер түрлі бастамалардың жүзеге асуына өз үлестерін қосуда. Ал Президенттің бұл салаға зор көңіл бөлуі жастарды жігерлендіреді әрі жауапкершілік жүктейді.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz