Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов айтып берді.

Тесік жолдарды жамау бір бөлек, биыл бірқатар көше жолдарына асфальт төселмек. Әсіресе, 1 Южный, Лесозавод, Радиозавод сияқты шағын аудандардағы асфальттің «иісі» бармаған жолдар тегістеледі. Бүгінде Совхозная, Репин, Таганрогская, Молодогвардейская көшелеріндегі жұмыстар аяқталыпты. Ал Лесозавод шағын ауданында «ИНЕК Казақстан» ЖШС-і өкілдері жер қабатын өндеу шараларын жалғастыруда. Сондай-ақ Екінші Павлодар шағын ауданындағы 5 көшенің жолына асфальт төселіп, жиектастар орнатылып жатыр. Сегіз көшеге қиыршықтас төселуде. Бұдан бөлек, Қамзин көшесінің бірқатар бөлігі, Павлов, Амангелді және Абай көшелеріндегі жолдар асфальтталмақ.

Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлерде ыстық су жоқ. №1 ЖЭО мамандары қаланың оңтүстік бөлігінде сынақ жұмыстарын жүргізіп, 80 ақау анықталыпты. Олқылықтың орнын толтыру үшін 6 энергоблок, №5 және №15 жылу магистралі жөнделуде. Усолка шағын ауданында да тиісті жұмыстар қолға алынған. №3 ЖЭО қаланың солтүстігіндегі сынақ жұмыстарын 3 маусымға дейін, №2 ЖЭО 28 маусымға дейін жүргізбек. Әзірге 15 ақау табылған.

Облыс орталығындағы тұрғын үй құрылысы – басты назарда. Әсіресе, «Сарыарқа» және «Достық» шағын аудандарында жаңа үйлер бой көтермек. Қайрат Нүкеновтің мәліметінше, «Достық» шағын ауданындағы 75 саяжайды сатып алуға 170 млн. теңге қаражат жұмсалмақ. «Бұл бағыттағы жұмыстар 3 кезең бойынша жүргізіледі. Соңғы кезеңде 350-ге жуық саяжай сатып алынады деп күтілуде. Бүгінде 75 саяжай бағалаудан өтті», дейді қала басшысы.

Қала әкімі Қайрат Нүкенов ауланы жарықтандыру ісін жүргізген мердігердің жұмысына көңілі толмайтынын айтады. Бүгінде 560 аулада ғана жарық бар. Мердігер демекші, Торайғыров көшесіндегі субұрқақты қосуға жауапты мекеме де жұмысын салғырт жүргізген. Осындай жайттардан кейін тұрғындар қала билігін кінәлап жататыны жасырын емес.

- Соңғы кезде ТҮКШ жұмысына қатысты көп сын айтылуда. Шағымдар бұрын да болған. Әлі де тоқтамайды. Тұрғындар шаруаның бір күнде шешілгенін қалайды. Алайда, жұмыстарды реттеу үшін уақыт қажет. ТҮКШ саласына жауапты адамдар тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Жалпы, аталған бөлім қызметкерлерінің жұмысын қанағаттанарлық деңгейде деп бағалауға болады, - дейді Қ.Нүкенов.

Облыс орталығында ағаш егу жұмыстарына да баса мән берілмек. Ағаштар кәсіпорын аумағында ғана емес, қала көшелері бойында да отырғызылады. Шамамен 28,6 гектар аумаққа 14225 түп ағаш егу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 13 мың шаршы метр аумақта гүлзарлар пайда болмақ. Гүл отырғызу ісіне 2 мердігер жауапты. Атап айтсақ, «Ерекше таңдау» корпоративтік қоры 35 учаскеде, «Павлодар қаласының қазақ кереңдер қоғамы» 27 учаскеде жұмыс істеуде. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстардың 90 пайызы орындалыпты. Биыл Қаныш Сәтбаев ескерткіші және «Астана» мұз сарайының жанында жаңа гүлдер отырғызылады. Бұл - француз раушан гүлі. Аталған гүл жергілікті ауа райына бейімделген. Жалпы, гүл отырғызуға 100 млн. теңге қаражат бөлінгенін атап өткен жөн.

Биылғы жылдың ерекшелігі – облыс орталығындағы саябақтарды цифрландыру жүйесіне енгізу көзделуде.

- Саябақтар мен гүл бақтарын цифрландыру бойынша жобалық есеп жасалды. Барлық қызметтерді есептегенде, жоба құны - 25 млн. теңге. Саябақтарда 250 шақты кіреберіс бар. Сол жерлерде QR кодтар орнатылса, тұрғындар телефон арқылы саябақ туралы барлық ақпараттан хабардар болады. Атап айтсақ, ағаштардың түрі мен отырғызылған уақыты, инфрақұрылым, суару жүйесі, жөндеу жұмыстары туралы ақпараттар қамтылады. Жобаны қолға алмас бұрын тұрғындар арасында сауалнама жүргізіледі. Себебі, мол қаражатты саябақты көріктендіру шараларына жұмсаған тиімді болуы мүмкін. Цифрландыру көшінен де қалмаған дұрыс, - дейді Қ.Нүкенов.

Жиын барысында қоқыс шығаруға арналған тариф жайлы да айтылды. Қала басшысының мәліметінше, тариф бағасын көтеру туралы әңгіме өткен жылдың тамыз айында басталған. «Спецмашин» ЖШС өз есептерін көрсетіп, қаржының мақсатты жұмсалатынын дәлелдеп берген. Атап айтсақ, 50 пайыздық жеңілдік берілетін топтардың қатары артып, қондырғыларды жаңарту жұмыстары жүргізілмек. «160 теңге – республика бойынша ең төмен тарифтердің бірі. Тариф бағасын мәслихат депутаттары бекітетін болады», деді Қ.Нүкенов.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz