Тарихқа шегініс

Есілбай ауылының алғашқы атауы «Алғабас» болған екен. Кеңес өкіметі орнаған тұста, яғни 1935 жылы мұнда ТОЗ ұйымдастырылады. Колхоздың алғашқы ұйымдастырушылары – ағайынды Сағит, Ахметжан Шегебаевтар, Қали, Қанафи, Қарман Әміреновтер, Мұқажан, Ғайса Жүнісовтер және т.б. Ауылдың атауы бүгінгі күнге дейін сан мәрте өзгерген. Мәселен, 1936 жылы ТОЗ-дың атауы «8-съезд Советов», 1950-1951 жылдары шағын 5 ауыл ТОЗ-дың құрамына еніп, «Молотов» деген атауға ие болған. Уақыт өте келе бұл атау «Октябрьдің 40 жылдығы» болады. Ал 1961 жылы колхоз Шегірен ауылдық округінің құрамына кіріп, оның екінші бөлімшесі аталады. 1957 жылы ауыл төрағасы Рамазан Наймановтың басқаруымен мұнда мектеп салынып, шұрайлы өлкенің болашаққа деген қадамы беки түседі. Ал 1991 жылы ауылда жаңа орта мектеп бой көтеріп, Тәуелсіздік жылдарынан кейін ерекше қарқынмен дамыған.

Темірғалы кім еді?

Сөз басында бұл ауыл - қазақтан шыққан алғашқы қажы Нұрекен Түйтенің атақонысы болғанын тілге тиек еттік. Бүгінде ауыл маңында Нұрекен қажының баласы Темірғалы Нұрекеннің мазары бар. Темірғалы Нұрекен - патша үкіметі тұсында қазақ жерінде мешіттердің көптеп бой көтеруіне, қазақ балаларының сауат ашып, оқып-білуіне барынша жағдай жасаған. 2018 жылы дара тұлғаның есімін ұлықтап, ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында ауылда ас беріліп, Т.Нұрекеннің кесенесінің ашылуына куә болған едік.

Қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылған Темірғалы Нұрекеннің өмірінде ерекше орын алатын Қарқаралы петициясы туралы философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім былай деген еді:

- Петицияның жазылуына бірнеше себептер түрткі болды. Соның біріншісі - қазақ жерінің мәселесі. Екінші, қазақтың билігі толығымен отаршылардың қолына өтіп кетті. Біздің тек болыс не ауылнай болуға ғана құқымыз бар еді. Яғни, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Болыс болдым дегенше, орыс болдым десеңші» деуі де осыдан еді. Міне, ел басына күн туған зар заманда қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев және Темірғалы Нұрекен Қоянды жәрмеңкесінде ІІ Николайға арналған 47 тармақтан тұратын петиция жазады. Бұл Т.Нұрекен бас болып, қолға алған істің бірі ғана, - дейді.

Бүгінде ауылда 1995 жылы тұрғындар өз күштерімен салған мешітке Темірғалы қажының есімін берген. Міне, ұлдары батыр, қыздары қайсар Есілбайда бүгінде еселі еңегімен көпке үлгі азаматтар жетерлік.

 Тракторшы Алтын апай!

Бүгінде ауылда осы заманның талабынан шығып, берекелі ісімен жастарға жол көрсетіп келе жатқан тұрғындар жетерлік. Соның бірі - Алтын Әбелдинова. 7 бала тәр-биелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бүгінде немерелері мен жиендерінің ортасында шалқып отырған Алтын апаның жастық шағы аумалы-төкпелі кезеңдерге тап келген. Жастайынан анасынан жетім қалған ол 17 жасында Есілбай ауылының азаматына тұрмысқа шығып, үлкен әулеттің түтінін түтетеді. Отбасын асырау үшін жарымен бірге түзде еңбек етеді. Алтын апай өмір жолын әріден баяндады.

- Мен - Ресейдің Алтай өлкесінің тумасымын. Анам өмірден өткен-нен кейін біз атажұртқа қоныс аудардық. Алғаш табан тіреген жеріміз Лебяжі ауданының Шақа ауылы болды. Осы ретте, анадан ерте айырылған бір топ баланың жайы айтпаса да түсінікті ғой. 17 жасымда отағасының етегінен ұстап, осы ауылға келін болып түстім. Алғашқы жылдары келіндік міндетімді атқарып, ата-енеге қызмет еттім. Бірақ, күн көру үшін жолдасыммен бірге түзде еңбек етуге тура келді. Әуелгі кезде егістікте, мал шаруашылы-ғында болсын - кез келген жұмысты істей бердік. Себебі, ол уақыт жұмыс таңдайтын кез емес еді. Кейіннен аудан орталығындағы «Сабан тракторист» оқу училищесінде 1 жылдай трактор жүргізу бойынша курстан өттім. Осыдан кейін, ерлермен бірге қысы-жазы трактордың кабинасынан түспедім. Таңда кетеміз, түн ортасы үйге келеміз. Біз жұмыстан келгенде балалар ұйықтап жатады, кеткенде де тура солай. Бұл қиындық тек біздің ғана басымыздан өтпеді. Тұтас қазақ елі басынан өткерген ауыр кезең болды ғой, - дейді Алтын апа.

Темір «тұлпарымен» қыста шабандарға жем-шөп тасыса, күзде егістіктегі өнім жинау науқанында негізгі қызмет атқарған ол бүгінде трактор жүргізуге қауқарым жетеді дейді. Тек, балалары жастайынан бейнет көрген ананың тым құрыса қарттығын бақытты әрі тыныш өткізуін қалайды.

- Қазір балаларым маған жұмыс істеуге рұқсат бермейді. Кей кездері олардың жұмысына көмектесіп, қол ұшын бергім келеді. Менің бар ермегім - немерелерім мен жиендерім, - дейді ол.

Көпбалалы ана қазір еңбек етіп, тіршілік жасаймын деген кез келген адамға мүмкіндік барын айтады. Әсіресе, жастардың мемлекет тарапынан жасалып отырған барлық қолдауды пайдалануын, елінің өркендеуі үшін аянбай еңбек етуі керектігін жеткізді.

 Еңбек етсең ауылда...

Алтын апайдың жастарды еңбек етуге шақыруының өзі тегін емес. Боламын деген баланың бетінен қақпай, барынша қолдау көрсетіп, жарқын болашаққа жол бастап беріп отырған мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Соның бірі – «Дипломмен - ауылға!». Есілбай ауылының фельдшері Мәдина Бексұлтанова өзге ауылдастары тәрізді оқуын аяқтаған соң өзінің туған жеріне оралып, қызмет жолын бастаған.

- Мен былтыр Павлодар меди-циналық колледжін бітірдім. Қолыма дипломымды алғаннан кейін өз ауылыма оралдым. Оның өзіндік себептері де бар. Яғни, біріншіден, мен ауыл әкімінің грантымен оқысам, екіншіден, өзімнің өскен ауылымның өркендеп дамуына үлес қосу менің перзенттік парыздарымның бірі деп білемін. Ауыл тұрғындары маған «жас маман» деп қарамай, барынша қолдап, қызметімді қорқынышсыз бастап кетуіме жол берді. Әркез ақыл-кеңестерін айтып, жасап жатқан ісіңе құрметпен қарайтыны қуантады, - дейді жас маман.

М.Бексұлтанова - бүгінде жас келін. Декреттік демалысқа шықса да, қызметінен қол үзген емес. Кейін де өзінің туған ауылында қалып, қызмет етуін жалғастырмақ.

- Менің мамандығым уақыт талғамайды. Біз өзге қызметкерлер тәрізді 8 сағат жұмыс істеп, үйге келіп демалмаймыз. Түн ортасында, таңда, кеште - бәрібір, шақырту түссе болды, жүгіре жөнелеміз. Бұл мамандық осынысымен қызық шығар, - дейді ол.

Болашақта біліктілігін жоға-рылатуды қалайтын жас маман тек «Дипломмен - ауылға!» бағдар-ламасы бойынша берілетін мем-лекеттік қолдаудың біріне де ие болмаған. Жеке отау болса да ата-анасының үйінде тұрып жатқан жас маманның жас шаңырақ екенін естен шығармау керек тәрізді.

«Қандастарға құшағымыз айқара ашық»

Шағын ауыл болса да, соңғы жылдары мұнда еліміздің Оңтүстік өңірінен және де шеттегі қазақ қандастарымыз көптеп көшіп келуде. Көштің басы былтыр басталған. 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша Оңтүстіктен-Солтүстікке және тарихи отанына барлығы 8 отбасы қоныс аударған. Солардың бірі – Қалибек Матайдың жанұясы.

- Мен 2007 жылы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға, ата жұртқа оралдым. Содан бері ерінбей еңбек етіп, нәсібімізді тауып жеп жүрдік. Сауда-саттықпен айналысып, егін егіп дегендей. Былтыр «еліміздің Солтүстік өңірлеріне қоныс аударған жанұяларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі» дегенді естігеннен кейін, көп ойланбастан павлодар облысы Шарбақты ауданына көш басын бұруды жөн көрдім. Алматы қаласында тұрақты жұмысымыз болмады. Балаларымыз болса өсіп келеді. Солардың болашағы үшін Есілбай ауылына келдік. Мемлекет тарапынан берілетін барлық қолдауларға ие болып отырмыз. Аллаға шүкір, баспанамыз бар. Мекендегенімізге 1 жыл болса да жайлап жеке кәсібімізді бастауды қолға алып жатырмыз. Бұл жақта еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Егін егу қолыңыздан келсе жер береді, мал бағып, өсірем десеңіз оның да жолдары қарастырылған, - дейді Қ.Матай.

Қ.Матайдың айтуынша, алдағы уақытта бұл ауылға көшіп келушілердің саны артпақ. Алыстағы ағайындары құжаттарын әзірлеп, буынып-түйініп дайын отырса керек. Тек, көшке әлемді алаңдатқан COVID-19  вирусы кедергі болуда.

- Есілбай ауылының тұрғын-дары ерекше бауырмал. Кез келген істе бастары бірігіп, бір адамның қуаныш-қайғысын тең бөлісе алатыны тәнті етті. Болашақта бұл жерге көшіп келуді қалайтын туыстарымыз бар. Елдегі жағдай реттелсе әрине, оларда көштің басын осында қарай түзейді, - дейді ол.

Қалибектің 5 баласы бар. Оның 4-еуі мектеп жасында. Ал жары кенжесімен үйде. Оның мамандығы – шаштараз. Болашақта ғимарат табылып жатса, ауылдан шаштараз ашуды да жоспарлап отыр.

Ауыл мектебі, халің қалай?

Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылындағы жалпы орта мектептің жағдайымен бізді мектеп директоры Айгүл Абжанова таныстырды.

- Біздің мектепте 1-11-сыныпқа дейін 82 бала білім алады. Биыл 4 оқушымыз 11-сыныпты аяқтап, үлкен өмірге жолдама алып отыр. Мектеп жанында даярлық сыныбы мен 2 шағын орталық жұмыс істейді. Шағын орталықта бүгінгі таңда 23 бала бар. Мұнда 1-4 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Алла қаласа, келесі жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 8 бала қабылдаймыз, - дейді А.Абжанова.

Білім нысанында 20 мұғалім қызмет етеді. Білім сапасы бойынша ауданнан алдыңғы бестікке кіретін мектепте спорт саласы жақсы дамыған. Әсіресе, күрестен ауыл жастары түрлі деңгейдегі додаларда топ жарып, Есілбайдың ғана емес, тұтас қазақ елінің мерейін асқақтатып жүргендер жетерлік. Соның бірі – өткен жылы күрестен әлем чемпионы болған биылғы мектеп түлегі Алдияр Айтмұқамбетов. 

Мектепте «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша туған ауылына келіп, қызмет етіп жүрген жастар жетерлік. Бүгінгі таңда, білім берудің жаңа жүйесіне толықтай көшкен білім ордасы толығымен интернетке қосылған.

- Мектеп дәлізіне ауданда бірінші болып ата-аналарға арнап теледидар орнаттық. Ондағы мақсатымыз «Электронды күнделік» жүйесі енгізілгеннен кейін ата-аналар балалардың оқу үлгерімін өздері қадағалап отыруына жол ашу еді. Қазір кез келген ауыл тұрғыны мектепке келіп, баласының білімін бақылай алады. Алдағы уақытта оқушыларды робототехникаға баулуды көздеп отырмыз, - деді директор. 

Айта кетелік, мектепте күрделі жөндеу жұмысы 2011 жылы жасалса, соңғы жылдары ағымдағы жөндеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.  

Ауызсу мәселесі шешілуде

Күн санап көркейіп келе жатқан ауылға таза ауызсу да жетіпті. Сапар барысында су құбырының құрылыс жұмысымен танысуды жөн көрдік. Шалдай ауылдық округінің әкімі Марат Қожимов тіршілік көзін тұрғындардың қалауы бойынша үйге дейін жеткізіп беру туралы мердігер компаниямен келіссөз жүргізілгенін айтады. 

- Су құбырының құрылыс жұмысы басталмас бұрын аудан әкімі Әзілхан Әбеуов ауылға арнайы келіп, істі жүргізетін мамандармен тілдескен болатын. Онда аудан басшысы су құбырын әр үйдің іргесіне дейін тартып беру туралы тапсырма берген. Қазір осы мақсатта жұмыс істеліп жатыр, - дейді ол.

Осы ретте, Есілбай ауылының құмды жер екенін әрі ондағы үйлердің ағаштан тұрғызылғанын ескерген абзал. Яғни, іргеге дейін терең қазу баспананың жағдайына кері әсерін тигізуі мүмкін дейді мамандар. Дегенмен, тұрғын-дар ауылға таза ауызсудың жеткеніне дән риза.

«Дайк» ЖШС өз міндетіне алған құбыр биыл қыркүйек айында толық тартылып болуы тиіс. Жобаға 467 млн. теңге қарастырылыпты. Ауыл ішінде 11,5 шақырымға су тартылуы керек. Бүгінгі таңда оның 5,8 шақырымыш аяқталған. Ал 86 су құдығын орнату керек болса, қазір оның 62-сі дайын тұр. 6 жұмыс техникасымен жабдық-талған құрылыс басында 40 адам жұмысқа орналасқан. Олардың басым бөлігі - ауыл тұрғындары. Мердігер компания жұмысын уақытында аяқтайтын болса, әр үй таза ауызсумен қамтылады. Бұл дегеніңіз, тұрғындардың көптен күткен арманының орындалған күні болмақ. Бұрын есілбайлық ағайын тіршілік көзін өздері қазып алған құдықтан алып пайдаланып келген.

 Кәсібім - нәсібім!

Ауылда 7 шаруа қожалығы мен 3 жеке кәсіпкерлік нысаны бар. Олардың әрқайсысы ауылдың өркендеуі үшін өз үлестерін қосып келеді. Биыл бұл қатарға Амангелді Қалиоллаұлы қосылған. Өзінің қорасындағы мал санын арттырып, жеке шаруашылығын дамыту жолында еңбек етуде.

- Жылқымен бірге ірі қара малды өсіруді мақсат етіп отырмын. Себебі, біздің ауылдың шаруаларының көбі сарып індетінен қорқады. Бұған дейін, қорадағы талай сиырларымыз осы кеселмен ауырған еді. Сол үшін тек бір бағытта ғана жүрмей, жылқы санын көбейтуді көздеп отырмын. Қазіргі таңда малдарымның барлығы жайлауда. Күзде семіргеннен кейін етке тапсырамын, - дейді Амангелді.

Қиындықтан қаймықпайтын жас кәсіпкер құмды жерге егін егуді бастаған. Биыл алғаш рет мұнда 3 гектар жерге қарбыз еккен. Еңбегінің еш кетпейтініне бек сенімді.

Тынымсыз жігіт қолға алған ісіне мемлекеттен қолдау көрсетуін де сұраған. Қазіргі таңда «Қолдау» мемлекеттік бағдарламасына құжат-тар тапсырған екен. Бастаған ісінің берекеті болар, қазір жанына жалғыз ғана көмекші алып, кәсібін дөңгелетіп отырған ол келер жылы жұмыскерлер санын арттыруды да көздеп отыр.

- 4 ұлым бар. Солардың ертеңі үшін бүгіннен бастап аянбай еңбек етуім керек. Осы жасап жатқанымыздың барлығы балалардың болашағы үшін ғой. «Әке көрген оқ жонар» дейді қазақ. Бүгін менің не істеп, қалай еңбек етіп жүргенімді көрген балаларым да соны қайталайды, - дейді ол.

Болашақта «Құлан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы  мал басын арттырып, өзіне тиесілі жерлеріне егін егу жоспары бар.


Түйін: Бір күндік сапар барысында ауылдың жасынан кәрісіне дейін тілдесіп, ондағы ағайынның өмірімен танысуды мақсат еттік. Шағын ауыл болса да, тіршілігі қайнап жатыр. Халық санының өсіп, көшіп келушілердің қатары артып келе жатқаны Есілбай ауылының келешегі кемелді екенін аңғартатындай. Халқы ұйымшыл, туған ауылының көркейіп, көгеруі үшін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін аянып қалмайтынын көргенде еріксіз сүйсіндік. Жасай бер, қазақ ауылы!

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген - Серік Қапаров.

saryarka-samaly.kz