Бұл сұрақтарға облыстық туризмді және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашев жауап беруге тырысты.

- ERG демеушілігін тоқтатты. Қарыз күннен-күнге жиналуда. Сондықтан чемпионаттағы ойынды тоқтатуға тура келді. Бюджеттен қалған қаржы Екібастұз, Ақсу клубтарына және футбол орталығы мен «Ertis» жастар командасын сақтап қалуға бағытталады, - деді Марат Айдашев.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Ertis» клубына бюджеттен 1,8 млрд. теңге бөлінген. Ал ERG компаниясы 1,6 млрд. теңге бөлуді жоспарлаған. Осы уақытқа дейін демеуші тарапынан небары 200 млн. теңге түскен. Облыс қазынасынан жыл басынан 183 млн. теңге төленді. Қалған 1,6 млрд. теңге «Ақсу», «Екібастұз» және «Ertis» футбол орталығын қолдауға жұмсалады. «Екібастұз» және «Ақсу» командалары, сәйкесінше, Бірінші мен 2-лигадағы жарыстарын жалғас-тырады.

Марат Айдашев айтып өткендей, клуб өмір сүруін тоқтатпайды. Алайда өңірі-міздің бас спортшы-сы айтқандай, Қазақстаннның бес дүркін чемпионының тарихы жалғасатын-жалғаспайтыны тек маусым соңында ғана белгілі болады.  

- Әзірше клубты банкроттау-ды көздемейміз. Қазіргі кезде клубта қаржылық тазалау жүр-гіземіз. Салықтық қарыздарды төлеу мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырамыз. Әрі қарай жағдай белгілі болады, - дейді Марат Айдашев. Осы орайда, футбол орталығының жұмысы, жалпы өңірдегі балалар мен жасөспірімдер футболына үлкен қауіп төніп тұрғанын айтуға болады. Өйткені, кәсіпқой футбол клубы пирамиданың шыңы ғана. Ал оның тұғырында әуесқой футбол, футбол мектептері мен төменгі лига командалары болуы тиіс. Алайда, пирамиданың шыңы болмаса – оның тұғырындағы мектептердің қажеті болмай қалады. Қарапайым тілмен айтқанда, «Ertis» футбол клубы жұмысын тоқтатса, оның орталығының жұмысы да бекер болады. Орталық түлектері қайда ойнайды? Соңғы оқиғаларда пайда болған вакуум Павлодар футболын құрдымға әкетпейтініне кім кепіл?!

Мейлі, Милош Стаменкович, Пабло Подио, Кристиан Добрас, тіпті, бес жылдан бері Павлодарда доп теуіп, туғанымыздай боп кеткен португалдық Карлос Фонсека командадан кетті дейік. Команда сапында үлкен футболдағы алғашқы қадам жасаған Арман Кеңесов, Артем Попов, Данил Кузнецов, Изат Күлжановтар қайда барады?! 

Павлодарлық клубтың пробле-масына қатысты Мәжіліс депутаты Азат Перуашев та үн қосты. Халық қалаулысының пікірінше, футбол клубтарын мемлекет қаржысы есебінен асырау тәжірибесін тоқтату керек. Оның айтуынша, ERG компаниясының команданы қаржыландырудан бас тартуына түсіністікпен қарау керек.

- Қазір барлық бизнес күрделі жағдайды бастан кешіруде. Мемлекеттік қара-жатқа ғана арқа сүйеу – дұрыс емес. Меніңше кәсіби спорт бәсекелестік ортадан нәр алып, сол алаңда дамуы тиіс. Елімізде болып жатқан үрдістерге халықаралық жағдайды бағамдау арқылы қарау керек. Футболшылар гонорарларының мәселесі бүкіл әлемде көтерілуде. Футбол мәселесі қайта қаралуда. Әрине, «Ertis» чемпионатта өнер көрсетуін тоқтатқаны өкінішті. Клубтың бай тарихы бар дегендей. Дегенмен, қалған ақша «Екібастұз», «Ақсу» командалары мен жергілікті футболды қолдауға жолданады деген ақпарат расталса, бұл шешім негізсіз емес, - деді Азат Перуашев.

Енді футболсүйер қауымды тыңдап көрсек. Олардың да айтар пікірі, өз ұсыныстары бар ғой.

- «Ertis» чемпионатта ойнау-дан бас тартты дегенді естігенде шокта болдым. Егер бұл іс клуб банкроттығымен аяқталса, команданы 3-5 жыл бойы 2-лигаға да қатыстыруға болмайды. Былтыр «Ақтөбе» қалай істеді – сөйту керек еді: яғни легионерлерсіз-ақ жарысты жергілікті ойыншылармен жалғастыру керек еді. Ондай жағдайда команда Бірінші лигаға шығып қалса да, кем дегенде тарихын сақтап, келер жылдан бастап басқаша команда жасақтауға болар еді. Әлеуметтік желілерде футболшылар жалақыларын 50%, тіпті 70%-ға қысқартуға келісім берген еді. Бұл туралы өздері бастамамен шыққан», - дейді павлодарлық жанкүйер Әнуар Омаров.

Шынында да, былтырғы маусымда ұқсас жағдайға тап болған батыс қазақстандықтар қымбат легионерлерден бас тартып, жергілікті футболшыларға иек артты. Тек талай жыл Қазақстанда ойнаған ресейлік Виталий Волков командаластарына теңдессіз кеңес беретін «ақсақал» ретінде қалдырылды. Кеше ғана қосалқы құрамда өз кезегін күтіп сарғайған жас өрендер мүмкіндікті мүлт жібермеді: Асланбек Кәкімов, Ардақ Сәулет, Бағдат Қайыров, Есен Жасанов және Абат Айымбетов әрбір матчта кез келген қарсыласпен арыстандай арпалысты. Футболда бастысы нәтиже ғой, әрине. «Ақтөбе» 2019 жылғы чемпионатта соңғы орында қалып, 2020 жылғы маусымды Бірінші лигада бастамақ. Дегенмен, клубты жазалағанда алынып тасталған ұпайды қосса, Қобыланды батыр атындағы стадионда ойнайтын команда Премьер-лигада орнын сақтап қалар еді. Оның үстіне, «Ақтөбе» атын сақтап, небары бір дивизионға төмендеді.   

Ал облысымыздың спорт басшылығы бұған не дейді? Команданы осындай жолмен жасақтап, Премьер-лигадағы жарысты жалғастыруға болар ма еді?

- Ол мүмкін емес. Өйткені, қазақстандық ойыншыларға бюджеттен қаражат тапқанның өзінде, ақша орасан зор салықтық қарыздарды өтеуге жұмсалады. Тіпті, біз Павлодар облысының Құрметті азаматы Димитар Димитровпен келісетін болсақ және ол бізге барлық ақшаны кешірген жағдайдың өзінде ештеңе өзгермейді, - дейді Марат Айдашев.

 «Ertis» командасының даму тарихы үзілді. Команда кем дегенде 2021 жылға дейін ешбір жарысқа қатыса алмайды. Келесі жылы ең төменгі 2-лига турниріне іліккеннің өзінде клуб 3 жыл бойы Бірінші лигаға жолдама алу құқығынан айырылады. Демек, Павлодар үлкен футболмен кем дегенде 5 жылға қош айтысты.

 

Айбек ЖҰМАТОВ.

saryarka-samaly.kz