Аталмыш мәселені облыстық «Saryarqa samaly» газеті бірнеше мәрте көтерген болатын. Ауданға іссапар кезінде Автобаза шағын ауданына арнайы соғып, қуанышты жағдайды көзбен көріп қайттық.

Талай жыл жыр болған ауызсуға қол жеткізген жұртшылықтың қуанышында шек жоқ. Автобаза аумағында 3 километр жерде бұрғылау мұнарасы орнатылған. Бұл арқылы Железин ауылының халқы сумен қамтылып отыр. Алайда Автобаза ауылының тұрғындары колонканың жоқтығынан аталмыш мұнараның суын пайдалана алмай келген болатын.

Аудандық нақты экономика бөлімінің басшысы  Ерғанат Серікбаев көпшіліктің тілегі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асқанын айтады. Бұл ретте су құбыры қайта жөндеуден өткен. Аталмыш бағытқа 132 млн. теңге қаржы жұмсалған. Оның ішінде респуб-ликалық бюджеттен  118,8 млн. теңге, облыстық бюджеттен 13,2 млн. теңге бөлінді. 

- Тұрғындар жергілікті билік өкілдерінен су мәселесін шешуді талай жылдан бері сұрап келді. Мердігер «Ай-Су Мелио-рация» серіктестігі жоспарды ойдағыдай орындады. Су құбырының ұзындығы 5 мың метрден асады. Жоспар бойынша 107 үй қосылуы керек еді. Мердігер ұйымның көмегімен 130 үйге су тартылды. Оның ішінде орта және шағын бизнес субъектілері де бар, - дейді Е.Серікбаев.

Автобаза бөлімшесінің тұрғыны Жасұлан Асайынов күрмеулі мәселенің шешілгені үшін жергілікті билікке ризашылығын білдіреді.

- Шыны керек, биыл таза ауызсуға қолымыз жетіп, қуанып жатырмыз. Қазір жуынатын бөлмеге су тартылды. Балаларым да мәз. Тұрғындар суды шамашарқына байланысты құдықтан, ұңғымалардан таситын еді. Көпшілігі бау-бақшаны, малды суаруда қиыншылық көретін. Енді мұндай мәселе туындамайды, - дейді тұрғын.

Талай жылдан бері ауызсудан үміт үзбеген тұрғындардың мәселесі шешілгеніне қуаныштымыз.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz