Жобаның игілігін көріп отырған ауылдардың бірі – Ақтоғай ауданындағы Ақжол ауылы. Жергілікті тұрғын Маруя Садриденованың айтуынша, бұрындары су мектептен тасымалданып келген. Әсіресе, қыстыгүні су жеткізу қиынға соғып, тұрғындар бұл қуанышты асыға күткен.

- Осыдан 2 жыл бұрын ауылымызға су құбыры тартылып, «көзіміз ашылды». Қазір жағдайымыз қалалықтардан кем емес. Үйге дәретхана, жуынатын бөлме орнаттық. Кір машинасы да жұмыс істеп тұр. Тариф бағасы қымбат емес. Екі айдың түбіртегін қоса есептегенде, 200-300 теңге ғана шығыпты. Ауыл тұрғындарының атынан осы іске ұйытқы болған азаматтарға алғысымды білдіремін, - дейді зейнеткер.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың тапсырмасына сәйкес, 2022 жылға дейін барлық ауылдар сапалы ауызсумен қамтамасыз етілуі тиіс. Әзірге көрсеткіш – 40,1 пайыз. Межеге қол жеткізу үшін арнайы жол картасы құрылып, әр теңгені мақсатты жұмсау көзделіп отыр.

Аймақ басшысы аудандарға жасаған жұмыс сапары барысында сумен жабдықтау жүйесінің жағдайын басты назарда ұстады. Қуантарлығы, әр өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі атқарылуда. Оған дәлел, осыдан 3 жыл бұрын ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 19,4 пайызды құраса, жыл соңына дейін оны 50 пайызға жеткізу жоспарда тұр. Сандар республикалық көрсеткіштермен салыс-тырғанда төмен екенін ескерсек, тиісті шаралардың жедел әрі сапалы атқарылғаны абзал.

Жеделдік демекші, бір ауылға су тартудың өзіне кем дегенде 4-5 жыл қажет екен. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін іске қосу 3 кезеңнен тұрады. Ең әуелі жерасты су көздерін іздестіру-барлау жұмыстары жүргізіледі. Оған шамамен 3 жылдай уақыт қажет. Мердігер ұйым жыл бойы судың деңгейін, сапасын анықтап, «Қазжер қойнауы» орталығына сараптамалық құжаттарды жібе-реді. Ол жақтан қолдау тапса ғана жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді. Одан кейін жобаға қаражат қарастыру, конкурс жария-лау, қысқасы, су құбырын тарту жұмыстарының машақаты көп. Мұны тәптіштеп жазып отырған себебіміз, кейбір ауыл тұрғындары қомақты қаражат құйылған жобаның қадірін сезінбей отыр.

- Жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес, су құбырлары аулаға дейін тартылады. Бұған дейін мердігерге үй ішіне дейін жеткізіп беру міндеттелген еді. Алайда, тұрғындар тарапынан қарсылық көп болды. Ауылдағы үйлердің сапасы төмен болуы салдарынан су құбырын тарту кезінде үй бөліктері зақымдалды. Басқа да кедергілер кездесті. Қысқасы, «артық қыламыз деп, тыртық қылдының» кері орын алды. Сөйтіп, еліміз бойынша жеке аулаға аяқ баспай, құбырды сыртына дейін тарту тәртібі бе кітілді. Десе де, бүгінде мердігер мекемелер жергілікті әкімдікпен кеңесіп, әлеуметтік әлсіз топтың өкілдеріне құбырды үйіне дейін тартып беруде. Ал тұрмысы жақсы тұрғындардың «құбырды үйге дейін кіргізіңдер» деп байбалам салатыны өкінішті. Екіншіден, тұрғындар суды бақша суаруға есепсіз пайдаланып отыр. «Ауыз су» деп аты айтып тұрғандай, оны ішуге, әрі кетсе ыдыс-аяқ, кір жууға қолданған абзал. Су жер түбінен тұтынушыға жеткенше қыруар қаржы тұратын қондырғылардан тазартылады. Су үнемсіз пайдаланылса, құрылғылар көп ұзамай істен шығуы мүмкін. Бұрындары КБМ-нан су тасымалдап, үнемшілдік танытатын тұрғындар жаңа су жүйесінің қадіріне жетпей отыр, - дейді Қ.Сәтиев.

Тариф бағасы – бөлек әңгіме. Тариф бағасы өссе, тұрғындардың елең ете қалатыны рас. Бүгінде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған ауылдардағы тариф бағасы көңілге қонымды, - дейді мамандар. Әр ауданда судың құны әртүрлі. Мәселен, Баянауыл ауданындағы жер қабатының ерекшелігіне байланысты су шығару жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары қымбатқа түскен. Сәйкесінше, тариф бағасы да өзге аудандармен салыстырғанда қымбаттау. Тариф бағасы елді мекендерде қоныс тепкен адам санына қарай есептелетінін де ескерген жөн. Десе де, тариф бағасына көңілі толмайтындар аз емес. Осы жылдың 1 маусымынан бастап Ленин кентіндегі орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінен аққан судың әр текше метрі үшін тұрғындар 137 теңге төлеуі тиіс. Кент тұрғындары тариф бағасы Павлодар қаласымен салыстырғанда қымбат екенін алға тартуда. «Павлодар қаласы мен Ленин кенті тұрғындарының суды тұтыну көрсеткішін есепке алсақ, тариф бағасы бірдей болуы әсте мүмкін емес. Қазір дүкендегі 1 литр судың бағасы 100 теңгеден асып жығылады. Ал 1000 литр үшін 137 теңге төлеу әлдеқайда тиімді», дейді Қ.Сәтиев.

Статистиканы сөйлетсек, бүгінде облыстағы 352 елді мекеннің 141-і (168,1 мың адам) орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. 50 ауылда КБМ орнатылған. 157 ауылдың тұрғындары құдықтан су ішіп отыр. Ал 4 елді мекенге су тасымалдау арқылы жеткізілуде.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Мақпал Лепесованың мәліметінше, бүгінде халық саны 200-ден көп 97 ауыл іріктеліп, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосу жұмыстары қолға алынған.

- Қазір 53 елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. 10 ауылда жоба дайын. 29 ауыл бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. 4 ауылдағы құбырдың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаражат қажет. Ал, Павлодар ауданы Луганск ауылының тұрғындары орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылудан бас тартып отыр. Олар әр үйде құдықтар жеткілікті екенін, су құбырын тарту жұмыстары асфальт төселген жолдың сапасына кері әсерін тигізетінін алға тартуда, - дейді М.Лепесова.

Тұрғындар саны 200-ден аз 114 елді мекен бар екен. Оның 24-і КБМ және су бөлетін мұнаралардан су алып отыр. 78 ауылға 2022 жылға дейін КБМ орнату жоспарлануда. Биылдың өзінде 32 ауылға КБМ орнатуға 142,6 миллион теңге қаражат бөлініпті. Ал тұрғындар саны 50-ден төмен елді мекендерді біріктіру ісі қолға алынатындықтан, ол жерде қандай да бір құрылыс жүргізіледі деп айту қиын.

Былтыр орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі бойынша 52 жоба әзірленіп, 13 миллиард теңге қаражат бағытталған. Жыл соңына дейін 39 жоба сәтті жүзеге асып, 34,5 мың тұрғын сапалы ауызсудың дәмін татыпты. Биыл 45 жобаны іске қосу үшін 10,9 миллиард теңге бөлінген. Қала берді, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» 2020-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде қосымша 3,5 миллиард теңге қарастырылып, тағы 8 жоба жүзеге асады деп күтілуде. 2021-2023 жылдардың бюджетін нақтылау кезінде құны 15,7 миллиард теңгені құрайтын 48 жобаны қаржыландыруға өтініш берілген. Әзірге 42 жоба қолдау тапқан.

Иә, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту үшін қомақты қаражат бағытталуда. Алайда, кейбір ауылдарда мердігер өз міндетін толық орындамай, жобалар кестеден кешігіп тапсырылған жағдайлар да аз болған жоқ. Мәселен, Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылындағы су құбырының жобасында кемшіліктер орын алып, әлі күнге дейін су босатылмай отыр. Мұндай қателіктерге жол бермеу үшін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов әр ауданның басшысына, мердігер өкілдеріне тиісті жұмыстарды кестеге сай әрі сапалы атқаруды тапсырды. Қала берді, ауыл азаматтары арасынан белсенді топ құрылып, құрылыс жұмыстарын қадағалауға ұсыныс білдірді. Сапалы ауызсу жүйесі – тек зор денсаулықтың кепілі ғана емес, ауыл тұрғындарының ата қонысында тұрақтап қалуына жасалған қуатты инфрақұрылым екені хақ.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

Суретті түсірген – Валерий Бугаев.

saryarka-samaly.kz