Жас кәсіпкер Тимур Қабдолов өткен жылы Баянауыл ауданынан көшіп келген. Жергілікті шаруа қожалығын сатып алып,  өз кәсібін дөңгелетуде. Кәсіпкер суармалы егістік алқабының көлемін ұлғайтып, картоп және сәбіз өсіру ісіне білек сыбана кіріскен. Шаруашылығында тәжірибелі агроном, механизаторлар жұмыс істейді. Биыл қожалықта көкөністі суаруға арналған заманауи құрылғы орнатылған.

- Шаруа қожалығын сатып алған соң бірден су құбырын тартуды жоспарладым. Бір жылдың ішінде су сорғы орнатылып, электр желісі тартылды. Заманауи суару жүйесінің тиімділігі зор. Бұл жұмыстардың барлығына 260 млн. теңге қаражат жұмсалды. Суармалы алқаптың көлемі 480 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта картоп пен сәбіз өсіруді қолға алып отырмын. Сонымен қатар, арпа егілді, - дейді Тимур Орынжанұлы.

Қожалық елдегі төтенше жағдай режимі кезінде жұмыс істеуде қиындықтар туындағанын айтады. Өзге өңірлерге тапсырыс берген құрылғылар уақытынан кеш жеткізілген. Бірақ жергілікті әкімдік барынша қолдау көрсетуге тырысқан. Бастысы, көктемгі дала жұмыстары  уақытылы басталған.

Кәсіпкер шаруалардың еңбегі жанса, көкөністерді оңтүстік өңірге сататынын айтады.

- Қазір қожалықта 30-ға жуық адам жұмыс істеуде. Оның ішінде 3 маман Қарағанды қаласынан келді. Қалғаны - жергілікті тұрғындар. Олардың ішінде механизатор, агроном, құрылысшылар мен суару жүйесімен айналысатын адамдар бар. Былтыр көкөніс сақтайтын қойма салғанбыз. Биыл ескі қойманы ретке келтірудеміз. Бұдан бөлек, сәбізді сақтауға арналған арнайы контейнерлерді де орнатамыз, - дейді кәсіпкер.

Азатбек Дайынбай аталмыш шаруашылықта агрономның қызметін атқарады. Осы салада 10 жылдан астам еңбек етуде. Шаруашылықты жүргізу үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген.

- 1200 гектарға арпа, 340  гектарға  картоп және 80 гектарға сәбіз отырғыздық. Жұмыс уақыты таңғы 8.00-де басталып, кешкі сағат 20.00-ге дейін еңбек етеміз. Былтыр картоп 100 гектарға егілген еді. Биыл көлемін 380 гектарға арттырып, көкөніс сақтайтын қоймалар салынды. 12 бірлік техника бар. Бастысы, еңбекақымыз көңілден шығады. Отбасымыз жанымызда, - дейді агроном.

Атап өтерлігі, қожалықта жұмыс істейтін адамардың дені - 22-28 жас аралығындағы жастар. Олар ауылдың болашағы зор деген сенімде. Бір жылдың ішінде кәсібін дөңгелетіп отырған  шаруашылықтың жұмысына табыс тілейміз!

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz