Қ.Сәтбаевтың 40-шы жылдары Жездіде марганец кен қазбасын ашуы және Ұлы Отан соғысы жылдарында Совет Одағына Грузиядағы Украин Никополь және Чиатурск қазбаларын жоғалтқанына қарамастан, бронды болатты шығаруды жалғастыруы тарихта алтын әріптермен жазылып қалды.

Ол 1942 жылы неміс фашистері Украинаны жаулап алған кезінде жезділіктердің зор еңбегімен 38 күннің ішінде жезді марганец кенін ашып, жұмыс істей бастауы,  сұрапыл соғыс жылдарында бірнеше миллион тоннадан асатын өнім өндіргені де асқан ерлік еді. Соғыс жылдары КСРО-ның марганец кені 70,9 пайызы Жезді кен орнынан алынған болатын.

Академиктің сұрапыл жылдарда қосқан тағы бір баға жетпес үлесі ғылыми мәдениет пен ғылымда методологиялық әдістерді орнатуы еді. Бұлар Қазақстанның ғылыми қызметкерлерінің қазіргі буыны мен ғылымға қызығатын жастар үшін жүйеленген зерттеу жұмысының үлгісі іспеттес.

Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай ғалымның Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесін  ерекше атап кеткен жөн.

Қазақстандағы қара металлургияны дамытудың аңыздылығы бойынша қырқыншы жылдардың басында республика аумағында ірі металлургия зауытын салу мәселесі көтерілді. Сол кездерде КСРО Ғылым Академиясы Қазақстандағы филиалының Геология институтында Қ.Сәтбаевтың бастамасы бойынша Қазақстандағы темір мен марганец кен орындарының геология – экономика сипаттамаларын беру және болашақ металлургия заводының шикізат қорын әрі қарай ұлғайту жөнінде үлкен жұмыстар атқарылды.

Қаныш Имантайұлы әріптес-терімен бірге 1942 жылы осы зауытты салатын жерді белгілейтін Үкімет комиссиясының жұмысына қатысады. Олар Қарағанды қаласының іргесіндегі Теміртау алабын таңдап алды. Осыған орай, республикада барлық ғылыми-зерттеу мекемелерінің жұмысын үйлестіріп отыратын ғылыми–техникалық кеңес құрылды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан, Орал, Батыс Сібір ресурстарын қорғаныс мұқтажына жұмылдыру мақсатымен құрылған КСРО Ғылым Академиясының В.Л.Комаров басқарған комиссиясы Қазақстанда ауыр өнеркәсіптің көптеген салаларын құру қажет екендігін айғақты фактілермен дәлелдеген жұмысқа да белсене атсалысады.

Ал 1942 жылы «Қазақ КСР–дегі Жезқазған аймағының кен орындары» деген еңбегі үшін Қаныш Имантайұлына КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді және осы жылдың тамыз айында ғылыми еңбектерінің жинағы бойынша әрі ғылымды ұйымдастырудағы зор еңбегі үшін ол геология-минералогия ғылым-дарының докторы дәрежесін алды.

Ұлы Отан соғысы кезеңі КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы үшін  өсу кезеңі болды. Бұл туралы ғалым өз еңбегінде: «КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалындағы ғылыми жұмыстардың өте–мөте анағұрлым өсуі біздің еліміздің қанқұйлы жауға қарсы қайрат-күш жұмылдырған Ұлы Отан соғысы кезінде байқалды» - деп, жазады.

1943 жылы Қ.И.Сәтбаев геология ғылымындағы үздік жетістіктері үшін КСРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, ал 1946 жылдан толық мүшесі (академик) болып сайланды.

Ел басына түскен ауыр кезеңде халқы үшін аяусыз еңбек етіп, ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан Қаныш Имантайұлы Сәтбаев та қазақ елінің тарихында, рухани өмірінде өзгеше орын алатын шоқ жұлдыздарының санатында аталады.

 

Қ.И.Сәтбаев мемориалдық музейіненБаянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz