Татулық мекені

Межелі жерімізге жеткенге дейін аудан орталығынан 50 шақырым-дай жол жүрдік. Церковное ауылы республикалық маңызға ие жолдың бойында орналасқан. Сондықтан тұрғындар үшін Железин ауылына, Павлодар қаласына қатынау қиынға соқпайды. Тақтайдай тас жолмен біз де тез жеттік. Ауыл әкімі Темірхан Шайықов қарсы алды. Әңгімеміздің әлқиссасы елді мекеннің жалпы жай-күйінен басталды. Мұндағы жұртшылықтың негізгі күнкөрісі - мал және егін шаруашылығы. Церковныйда жалпы саны 518 адам тұрады. Бір шаңырақ астында бірнеше этнос өкілдері мекен етеді. Атап айтсақ, тұрғындардың 200-і- қазақ, 200-і- орыс және 118-і өзге ұлт өкілдерін құрайды. Олардың арасында украин, молдаван, неміс, татар және т.б. ұлттар бар.

Ата кәсіпке ден қойған ауылда 8 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 6 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Ауыл жастары мемлекеттік бағдарламаға қатысып, бақтарын сынауда. Бұл ретте 3 адам «Бизнес бастау» жобасына қатысып, қайтарымсыз грант ұтып алған. Оның ішінде бір адам фотосалон ашса, енді бірі тырнақ әрлеу ісімен айналысуда. Тағы бір адам жылқы сатып алған. Әрқайсысы болашақта ірі көлемде жеңілдетілген несие алып, кәсіптерін кеңейтуді жоспарлап отырған көрінеді.

- Бір қуантарлығы, қазір жергілік-ті жастардың дені ауылда жұмыс істегісі келеді. Былтыр үш маман «Дипломмен - ауылға!» бағдарла-масы бойынша тұрғындарымыздың қатарын толықтырды. Ауылдағы шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарлама аясында мал санын арттырып, халықты жұмыспен қамтуда. Әрбір шаңырақта кемі 30-40 бас мал бар. Ірі қараның жалпы саны 2500-ге жуықтайды. Бұдан бөлек, 8500-ге жуық құс бар. Мектеп, мәдениет ошағы да  жұмыс істеп тұр, - дейді Т.Шайықов.

Темірхан Шайықовтан ауылдың атауы жөнінде сұрадық. Әңгімеміздің түп-төркінін ұқса керек, әкім тарихтан тартып жауап берді. Елді мекен-нің қазіргі атауында еш-қандай мән-мағына жоқ. Есесіне тарихы тереңде. Церковное ауылының ма-ңында жоңғар шапқыншы-лығы кезінде жерімізді жаудан қорғаған Дербісәлі батыр жерлен-ген. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде есімі аталған тарихи тұлға Абылайхан-ның, Қабанбай батырдың сенімді серігі болған деседі. Өткен жылы ұлы батырдың басына белгітас орнатылған екен.  Сол уақытта ауыл ақсақалдары Церковное ауылы-ның атын Дербісәлі батырдың атына ауыстыру жөнінде ойларын жеткізіпті. Осыған байланысты ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде екен...

Әкімнің «суреттеуіне» қарасақ, ауылдың тұрмысы жақсы-ақ. Ал тұрғындар не дейді екен?

Қариялар - қазыналар

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» демекші, алдымен ауылдағы жасы үлкен қарияларға сәлем бердік. «Облыстан журналистер келе жатыр» дегенді естіген тыл еңбеккері Сағадат апа өткен-кеткенді есіне түсіріп, бізге айтатын әңгімесін алдын ала дайындап қойыпты. 93 жылды артқа тастаса да, қария - тың. Жылы жүзбен қарсы алып, қан майданның қайнаған шағында өткен бала күнін еске алды.

- 1927 жылы Ресейдің Новосібір облысы Венгер ауданында тудым. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған уақытта небары 14 жаста едім. Сол уақытта ауылдың балалары аналарымызға болысып, шаруаға ерте араластық. Шөп шауып, мая тазаладық, қой қырықтық. Бала болып ойнауды білмей, ерте есейдік. Соғыс аяқталғанша ауыр жұмыс істедік, - дейді кейуана.

1948 жылы өмірлік серігін жолық-тырып, Железин ауданына қарасты Церковное ауылына көшіп келеді. Ұрпақ сүйіп, ата-енесін күтеді.

- Жолдасыммен шаңырақ құр-ған кезде отбасылық өмірді осы ауылда бастадық. Балаларымызды өсірдік. Өмірлік серігім 90-шы жылдары дүниеден өтсе де, елді мекеннен алыс кете алмадым. Бұл ауылдың иісі, топырағы, түтіні ыстық, - дейді Сағадат Асанова.

Ғасырға таяу ғұмыр кешіп отыр-ған қария балаларынан 12 немере, 3 шөбере сүйіп отырған жайы бар.

Жолдың екінші бетінде тұратын тыл еңбеккерлері Жасқайрат Медешұлы мен Гүлшайда Әмен-қызын жастарға үлгі болып отыр-ған мәуелі бәйтерек деп айтсақ, қателеспейміз. Қос қарияның отас-қанына 62 жыл толыпты.

- Әкем 1940 жылы әскерге аттанып, 1942 жылы соғыста қайтыс болды. Сол кезде мен 10 жаста едім. Аналарымызбен бірге еңбек етіп, колхозға болыстық. Егін егіп, мал бақтық. Ауыр жұмыстан қашпадық. Бар болғаны 7-сыныпты бітіріп, түрлі салада еңбек еттім. 15 жыл трактор жүргіздім, - дейді Жасқайрат Медешұлы.

Қария Церковное ауылында 1962 жылдан бастап тұрады екен. Жұбайы екеуі 10 бала тәрбиелеп, бүгінде 20-дан астам немере, шөбере сүйіп отыр. Бала күнінен мал өсіруге жақын болған ол балаларын да осы кәсіпке баулыған. Тұңғышын 5-6 жасынан бастап төрт түлікті баптауға үйреткен. Қазірде ол ата кәсіпке білек сыбана кіріскен. Немерелері де ата-әжесіне қолғанат болуда. 

Ата кәсіпті дамытқан әулет

Ауылдың ынтымақ-бірлігін сақ-тап отырған да осы көнекөз қария-лар ғой, шіркін! Үлкендердің бата-сын алған соң, тұрғындармен таныс-тығымызды жалғастырдық. Орта буынға қарай ойысып, жергілікті Әміриндер отбасының шаңырағына бет бұрдық. Төрт бала тәрбиелеп отырған отағасы Дәулет пен жан жары Айгүлді көрші-қолаң ерекше сыйлайды екен. «Дәстүрге берік әрі еңбекқор әулет» дейді. Оған өзіміз де куә болдық. Үйіне бар-ғанымызда үлкен ұлдары құдық тазалап жатты. Қызы бау-бақшадағы анасы екеуі баптап өсіріп жатқан жеміс-жидектерді суарып жүрді. Қалған екі ұлы аттарды ерттеуде.

Дәулет, Айгүл Әміриндер жергі-лікті мектепте ұстаздық етеді. Бала-ларын жастайынан ғылым-білімге, әсіресе, еңбекке баулиды екен.

- Аулада ерттеулі тұрған аттар-ды көрдіңіздер. Жылқы малын ерек-ше жақсы көремін. Балаларым да дәл солай. Жалпы, жанұямызбен атқа мініп, ауыл ішін, жазық даланы бір айналып өтпесек, көңіліміз көншімейді. Бұл - біздің отбасылық хоббиіміз десе де болады. Үлкен ұлым Алматыдағы оқуын тәмамдаған соң, ауылға келіп, шаруа қожалығын ашуды мақсат етуде. Бұл жоспарын әкесі ретінде мен де қолдаймын. Өз ауылынның игілі үшін еңбек еткеннен асқан бақыт жоқ қой. Екінші ұлым биыл мектепті бітірді. Ол болашақ мамандығы ретінде орман шаруашылығы саласын таңдап отыр. Оқуын тәмамдаған соң ауылда жұмыс істегісі келеді, - дейді Д.Әмірин.

Үйдің отанасы, білікті ұстаз А.Әмірина балаларының білімге құштар екенін атап өтті. Төрт баласы да мектепте үздік оқыған.

- Жолдасым екеуіміз балала-рымыздың болашағы үшін еңбек етудеміз. Қызым екеуіміз бау-бақша салып, үй гүлдерін өсіргенді ұнатамыз. Бұдан бөлек, отағасымен бірге құс өсіреміз. Ауылымызда бос жүрген адам жоқ. Барлығы да мал ұстап, құс өсіреді. Егін шаруашылығымен айналысады, - дейді көпбалалы ана.

Әңгіме барысында отбасының тұңғышы Әділ қазақтың қара домбырасымен төгілтіп күй шертіп берді.

Сағида апаның дүкені

Күмбірлеген күйдің әуенімен елітіп, шабыттанып, ауыл ішін ары қарай аралап кеттік. Ашық тұрған дүкеннің біріне соқтық. Елді мекенде 3 дүкен жұмыс істейді екен. Осы сауда орындарының бірін Сағида Тоқбатырова есімді кәсіпкер басқарып отыр. 2018 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы несие алып, дүкенін кеңейткен, жаңа құрылғылар сатып алған. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау зор екенін айтады.

- Саудамен айналысқаныма 40 жыл болды. Қазір бұл дүкенсіз өмірімді елестету қиын. Ағыл-тегіл табысқа кенелмесек те, отбасылық нәп-ақамызды тауып отырмыз. Үкімет тарапынан да қолдау бар. Дүкенімізді кеңейтіп алдық. Бүгінде қажетті тауарларды Тереңкөл ауданы мен облыс орталығынан тасымалдаймыз. Бұдан бөлек, шұжық, тұшпара, балмұздақты ауылға жеткізіп беретін жекеменшік фирмалар бар. Жұмысым өзіме ұнайды, - дейді кәсіпкер.

Сағида Тоқбатыровамен әңгі-мелесіп тұрған сәтте дүкенге жас азамат  келді. Ауыл әкімі оның Церковныйға қоныс аударған жас маман екенін айтты. Өзін Николай Жогорь деп таныстырған жігіт «Дипломмен – ауылға!» бағдарла-масының қатысушысы екен. Красноармейка аграрлық-техникалық колледжінде білім алып, Церковное ауылына мал дәрігері болып жұмыс-қа орналасқан. Өткен жылы тамыз айында келіп, бір жылға жуық уақыттың ішінде елді мекеннен баспана алмақшы.

- Мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа орналастым. Жақында баспаналы боламын. Ауыл тұрғындарының негізгі табысы – төрт түлік. Мал саны артып келеді. Сондықтан мал дәрігеріне деген сұраныс жоғары. Елді мекен жұртшылығымен тез тіл табысып кеттім. Халқы ұйымшыл екенін атап өткім келеді, - деді жас маман.

Болашақтың кілті - білімде

Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып жүріп, мектепке соқпай кете алмадық. Жергілікті білім ошағында ағымдық жөндеу жұмыс-тары жүргізіліп жатты. Жұмыс орнынан директорды жолықтырдық. Гүлнәр Шамсудинова 11 жылдық мектепте 58 бала оқитынын айтты. Биыл 3 түлекке үлкен өмірге жолдама беген. Қазір олар ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуда.

- Мектебіміздің 2 ұстазы ҚР Білім және ғылым министрінің грамотасымен марапатталды. Биылғы оқу жылында 26 оқушы түрлі білім додаларына қатысып, 3 шәкіртіміз жүлдемен оралды. Алдағы оқу жылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша мектепке күрделі жөндеу жұмыс-тары жүргізіледі. Білім ошағында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келген 6 маман жұмыс істеуде, - дейді Гүлнәр Тельманқызы.

Директор төтенше жағдай режимі кезінде балаларды оқытуда қиындық туындағанын айтты. Оның басты себебі – ғаламтор. Ауылда интернет желісі өте баяу жұмыс істейді. Соның салдарынан балалардың 48 пайызы курьер арқылы сабақ оқыған. Қалғаны үй тапсырмасын «WhatsАpp» желісі арқылы орындапты. Сондықтан ұстаздар қауымы осы мәселенің шешілуін сұрайды.

Алғыс арқалаған Наталья

Наталья Козлованы ауылдың еңбектеген сәбиінен бастап, еңкейген кәрісіне дейін жақсы таниды. Ол - ауылдағы медицина-лық бөлімшенің фельдшері. Елді мекенде басы ауырып, балтыры сыздағандар бірінші кезекте осы бөлімшенің есігін қағады.

- Екібастұз қаласында тудым. Отбасын құрғаннан кейін, жолдасыммен Церковное ауылына көшіп келдім. Медициналық бөлімшеде жұмыс істеп жүргеніме 15 жыл толыпты. Сондықтан ауылдың әр тұрғыны туысымдай болып кеткен, - дейді Н.Козлова.

Мұнда ауыл тұрғындары үшін күндізгі стационар жұмыс істейді.  Тұрғындарға тегін дәрі де үлестіріледі.

Жергілікті дәрігер ауылда туу көрсеткішінің қарқыны жақсы деңгейде екенін айтады. Биылдың өзінде бір әйел босанып, бала сүйген. Тағы 6 жүкті әйел алдағы айларда балаларын бауырына баспақ. Осыдан-ақ, ауылдағы демог-рафиялық ахуалдың деңгейін көре аламыз.

Жазира, жасыл кілем өрнектеген...

Ауылдағы халықтың басым көп-шілігі жылқы малына жақын екенін жоғарыда атап өттік. Осы орайда, «Жайлау PV» шаруа қожалығының иесі Келден Балтабаевтың шаруашылығын араладық. Келден ата бізді жайлауында қарсы алды.

Жасыл кілемге оранған жазық далада ақ шаңқан үй тігілген. Қазанда ет пісіп, самауыр қайна-тылуда. Айнала - атқа мініп, асыр салып жүрген балалар. Атбегі кішкентай ұл-қыздарды атқа мінуін үйретуде. Бұл ретте, балалардың қауіпсіздігі үшін арнайы заманауи қоршау да орнатылғанын көрдік.

Жаз мезгілін жайлауда өткізіп, ала жаздай киіз үйде қымыз ішіп  демалуды отбасылық дәстүрге айналдырған Келден атаны әңгімеге тарттық. Ол кісі - Дербісәлі батырдың 8-ші ұрпағы. Атасынан мұра болып қалған жерде жылқы ұстауы тегін емес.

- Шаруа қожалығының құрыл-ғанына 5 жыл болды. 100-ден астам жылқымыз бар. Бие сауамыз. Қымызға сұраныс жоғары. Әсіресе, той-томалақтарда тапсырыс көп түседі. Өткен жылы қымызымызды Нұр-Сұлтан қаласына апардық. Арнайы сараптамадан өтті. Нәтижесінде ұлттық сусынымыз бірінші орынға ие болды. Себебі, құрамы құнарлы. Жылқы малы түнімен жайылады. Бір орында ұстамаймыз. Жайылым жер көп, - дейді Келден ата.

Ақсақал биыл жайлауға ерекше өзгеріс енгізген. Киіз үй тігіп, этноауыл орнатуда. Мұның да себебі бар.

- Жайлауда жидектің түр-түрі өседі. Жыл сайын Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Балқаш қалаларынан келетін адамдардың саны көп. Саңырауқұлақ теріп, моншаға арналған сыпырғыш та дайындайды.  Сондықтан жолаушылар-дың демалуы үшін бірнеше киіз үй орнатуды жөн санадым. Бұдан бөлек, қалада өскен бала атқа мінуді де үйренсін деп арнайы қоршау орнаттым. Атбегім де бар. Бұдан бөлек, бәйгеге қосатын жылқы баптаумен де айналысамыз, - дейді Келден ата.

Жомарт кәсіпкер киіз үйге келушілер демалыс үшін қаражат төлемейтінін айтады. Бастысы, алғысын айтса болғаны.

Ауылды сағаттап жүріп, арман-сыз кездік. Жүзі бөлек болса да, жүрегі, тілегі бір тұрғындардың ыстық ықыласын көріп, бір мар-қайып қалдық. Тіпті, аз уақыт-тың ішінде бауыр басып та қалған-даймыз.

Сапар барысында біз байқаған басты ерекшелік – жұмыссыз жүрген бір адам жоқ. Ресми көрсеткіш бойынша да жұмыссыздар тіркел-меген. Тұрғындар мал шаруа-шылығына мықтап ден қойыпты. Оның ішінде, туған ауылына оралып, ата кәсіпті дамытып жатқан жастар көп.

Ауыл халқын мазалайтын екі мәселе бар көрінеді. Оның бірі ғаламтор желісінің нашарлығы болса, екіншісі - ауылдың атауы. Соңғысына қатысты жұрт арасында әртүрлі пікір қалыптасқан. Біреулері бұрындары мұнда шіркеу орнатылған десе, тағы бірі белгісіз адамның атымен аталған дейді. Қалай десек те, елді мекенге Церковныйдың орнына қазақы атау беретін кез келді. Мұны ауыл, аудан басшылығы да түсініп отыр. P.S.

Бізді шығарып салып тұрып, ауыл әкімі алдағы бірқатар жоспарларын тілге тиек етіп қалды. Ілкімді істер арқылы жас мамандардың санын арттыруды мақсат тұтып отыр. Биыл ауылда орталықтандырылған су жүйесінің құрылысы басталады. Жобалық-сметалық құжаты дайын. Бұдан бөлек, ұялы байланыс жүйесін орнату жоспарланып отыр. Демек, ғаламтордың жылдамдығы реттеледі. «Аталмыш мәселе алдағы 1-2 айдың көлемінде шешімін табатын болады», - деп уәде берді Т.Шайықов. Сондай-ақ, ауыл ішіндегі 3 көшеге асфальт төселмек. Шағын футбол алаңын салу да жоспарланып отырған көрінеді. Біз де, өз кезегімізде, осы ауылдан жететін жаңалықтарға құлақ түріп отырамыз. Жоғарыда аталған мәселелердің оң шешілетініне үміттенеміз.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА, Церковное ауылы, Железин ауданы.

Суреттерді түсірген - Серік Қапаров.

saryarka-samaly.kz