Күткен тауарлар бұл емес еді...

Жасыратыны жоқ, бүгінде пайдаланатын тауарларымыздың басым бөлігі - шетелдік. Импорттық үлесті азайту мақсатында бұған дейін түрлі бағдарламалар мен бастамалар қолға алынып, жүзеге асты. Бірақ олардың барлығы бірдей сәтті орындалды деуге келмес. Себебі, шетелден келетін тауарлар ағыны азайған жоқ.

Сондықтан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы әзірленіп, өткен жылдың ақпан айынан іске аса бастады. Тамақ, киім-кешек, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары мен жиһаздар шығаратын кәсіпорындар ғана тиімді тетіктерді пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Бұл дегеніңіз - 6 пайыздық мөлшер-лемемен несие алып, оны кәсіпті бастауға, кеңейтуге, қаржы айна-лымын толтыруға пайдалану. Осы мақсатқа 600 млрд. теңге қарастырылды. Оның 200 млрд. теңгесі агроөнеркәсіптік кешенге, 400 млрд. теңгесі өңдеу өнер-кәсібіне бағытталды.

Осылайша, қазақстандықтар күн сайын қолданатын тауарларды шығаратын 250 өндіріс орнының ашылуына серпін берді. Соның нәтижесінде қарапайым заттардың импорттық үлесін 59 пайыздан 37 пайызға дейін төмендетіп қана қоймай, 16 мың тұрақты жұмыс орнын ашып, қазынаға 1,1 трлн. теңге салық түсіру жоспарланды.

Импорттық өнімдерге деген тәуелділіктен арылу бағытында павлодарлықтардың қосқан үлесі де қомақты. Өткен жылы жалпы құны 14,7 млрд. теңге болатын 66 жоба мақұлданып, бұл көрсеткіш бойынша Павлодар облысы үздік үш өңір  сапынан көрінді. Десе де, 66 жобаның 57-сі мал басын көбейту, тағы бесеуі агроөнеркәсіптік кешенді кеңейту мақсатында қаржыландырылды. Ал тамақ өнеркәсібі, туризм, көлік пен жиһаз жасау салаларына қатысты жобалар саусақпен санарлық. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қабылданғанда отандық ыдыстар, киім-кешектер, дәрі-дәрмектер пайдаланатын болдық деген қуанышымыз су сепкендей басылды. Себебі, қаржының барлығы дерлік «Еңбек», «Сыбаға» сынды бағдарламалар арқылы ауыл шаруашылығына бөлінді. Ал химия, көлік құрастыру, тамақ өнеркәсіптері баяғы таз қалпында қала берді.

Мүмкіндіктер молайды

Әуелде бағдарламаның басым бағыты төмен пайызбен жеңілдік беру еді. Ұтымды тұсы да - осы. Бірақ, бағдарлама қабылданған бір жылдан астам уақыт аралығында оған бес рет түрлі өзгеріс енгізіліп, талаптарды бұрынғыдан да тиімді етудің амалдары қарастырылды. Соңғы толықтыру елімізде төтенше жағдай жариялаған тұста кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында жасалды.

Өңірлік кәсіпкерлер палата-сының бөлімінің басшысы Әмір Байысов бесінші өзгерістер кәсіпкерлердің тынысын одан әрі аша түскенін айтады.

- Былтыр 600 млрд. теңге бөлінсе, биыл қосымша 400 млрд. теңге қарастырылып, қаржылан-дыру көлемі 1 трлн. теңгеге жетті. Нақтысы, 200 млрд. теңге агро-өнеркәсіптік кешенге, 300 млрд. теңге өңдеу өнеркәсібіне және қызмет көрсету саласына бағыт-талды. Одан бөлек,  несие беру мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартылды. Екінші деңгейлі банктер қатарына «Аграрлық несие корпорациясы» қосылып, қайта өңдеу жобаларының операторы атанды. Шаруалардың көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 100 млрд. теңге көлемінде несие қарастырылып, айналым қара-жатын толтыру мүмкіндігі берілді, - дейді Ә.Байысов.

Осы орайда кәсіпкерлерге қарастырылған екі бірдей тетік - несиені субсидиялау мен кепіл-дендірудің оңтайлы тұсы көп екенін баса айтқан жөн. Аталмыш бағыттардың іске асуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жауапты.

Қордың облыстық филиа-лының директоры Айнагүл Байдәулетованың айтуынша, бағ-дарламаға шағын және орта бизнес қана емес, ірі кәсіпкерлік нысандары да қатыса алады. Бағдарлама аясында ресімделетін несиенің шекті сомасы жоқ. 10 млн. теңге аласыз ба, 100 млн. теңге аласыз ба - өз еркіңіз. Бағдарламаның қатысушысы ретінде субсидия алатын мүмкіндік те бар. Яғни, несиенің жартысынан көбін мемлекет өзі төлейді. 

- Субсидия алу мерзімі жобаның мақсатына тікелей байланысты. Егер несиені инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында ресімдесе, 10 жыл бойы мемлекет несиенің басым бөлігін төлеуге көмектеседі. Ал қаржыны айналымды толтыру үшін алса, 3 жыл бойы субсидия беріледі, - дейді А.Байдәулетова.

Кәсіпкерлер осындай мүмкін-діктерді иеленіп, бизнес бастауды қаласа да, кепілге қояр затының болмауы тығырыққа тірейді. Дәл осындай қысылтаяң кезеңде де «Даму» қорының көмегіне жүгінуге болады. Егер кепілге қояр мүлкіңіздің құны несие ресімдеуге жетпесе, аталмыш қор кепілдендіру қызметін ұсынады.

- Төтенше жағдай режимінде кәсіпкерлердің біразы қиындыққа тап болғанын ескере келе, «Қара-пайым заттар экономикасының» кепілдендіруге қатысты бағытына өзгеріс енгізілді. Бұған дейін құны 3-5 млрд. теңгелік жобалардың 20 пайызына кепілдік берілсе, енді 30 пайызға дейін кепілдік бере аламыз. Мәселен, кәсіпкер 3 млрд. теңгенің ісін бастауды қаласа, бірақ оның кепілге қояр мүлкінің сомасы несие ресімдеуге жетпесе, «Даму» қоры 900 млн. теңге көлемінде қолдау көрсетеді, - дейді А.Байдәулетова.

Белгілі болғандай, биыл аталмыш тетіктерді пайдаланған павлодарлық кәсіпкерлер саны былтырғымен салыстырғанда өскен. Өткен жылдың наурыз-сәуір айларында 17 кәсіпкер кепілдендіруді пайдаланса, биыл осы айларда 21 тұрғын бұл көмекке жүгінді. Сол сияқты, былтыр наурыз-сәуірде 30 адам «Даму» қоры арқылы несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау мүмкіндігін иеленсе, биыл 33 өтініш мақұлданды.

Төтенше жағдай кезінде бағ-дарламаға қатыса алатын салалар ауқымы кеңейтілді. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқар-масының басшысы Жайық Хасановтың айтуынша, бұдан былай күріш өсіретін, нан-тоқаш, кондитерлік өнімдерді пісіретін, жеңіл металл құрылымдарын шығаратын, кран, лифтілер сияқты көтеру құралдарын дайындайтын, агроөнеркәсіптік кешен саласында қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар да бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалана алады. Бұған дейін аталмыш бағыттар өзге бағдарламалар аясында аз көлемдегі жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз қаржыларды ғана алып келген еді.

- Тұрғындар «Қарапайым заттар экономикасының» тиімділігін түсінген болуы керек, қатысуға ниеттілер қатары артып келеді. Жыл басынан бері жалпы сомасы 4,4 млрд. теңге болатын 16 жоба мақұлданды. Екінші деңгейлі банктердің қарауында тағы 20-дан астам жоба бар. Одан бөлек, жобалық кеңсе 193 жобаны жан-жақты талқылап, әзірлеуде, - дейді Ж.Хасанов.

Қайтпек керек?

Жасыратыны жоқ, бүгінде тұрғындардың көбі өзінің жеке бизнесін бастауды қаласа да, қайда бару керектігін білмейді. Бұл жағдайда ең алдымен тұрғылықты жеріңіздегі кәсіпкерлер палатасына барған дұрыс. Бұл мекеменің мамандары бизнес-жоспар жасау-дан қаржы алғанға дейін кеңес беріп, көмек қолын созады.

Екіншіден, екінші деңгейлі банктердің филиалдарына барып, заңды тұлғаларға қызмет көрсету бөлімінің көмегіне жүгінесіз. Осы орайда кез келген банктің қояр ішкі талаптары барын да ескеру керек. Мәселен, былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» аясындағы жобалардың басым бөлігін қаржыландырылған «Банк Центр Кредит» АҚ облыстық филиалы қызметкерлері өтінішті қабылдамас бұрын кәсіпкерлік нысаны мен оның басшысының жеке құжаттарын талап етеді. Кейін кепілдікке қояр затты бағалайды.

- Қомақты көлемдегі қаржыны кепілзатсыз беру мүмкін емес. Себебі, тұрғынның бизнесі дамымай, салған ақшасы пайда әкелмесе, банктер де шығынға ұшырайды. Сондықтан жылжитын және жылжымайтын мүліктердің болуын талап етеміз. Кепілзат ретінде ауылдағы да, қаладағы да нысандар қабылдана береді, тек олардың бағалау құны әртүрлі болады. Мәселен, Павлодар және Екібастұз қаласындағы нысандардың бағасы бірдей емес. Сонымен қатар, саманнан жасалған үйлерді кепілдікке ала алмаймыз, себебі олардың бағасы тым төмен, - дейді банктің облыстық филиалы директорының орынбасары Ақбөпе Мырзабекова.

Банк қызметкерлері бағдар-ламаға қатысуға ниетті адамның құжаттарын, бизнес жобасын қабылдап, бағалаудан өткізіп, несие тарихын тексерген соң өтінішті мақұлдау мәселесін мемлекеттік мекемелермен, банктің орталық кеңсесімен келісіп, екі аптадан бір айға дейінгі мерзімде қарастырады. 

Банк несие беруге әзір екендігін білдірген соң «Даму» қорының облыс орталығындағы кеңсесіне барып немесе ресми сайты арқылы субсидия, кепілдендіру алуға өтініш жолдауға болады. Осы кезеңнен өткеннен кейін ғана сіз «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының толыққанды қатысушысы атанып, бизнес жоспарыңызды жүзеге асыра аласыз.

Аталмыш сатылардың барлы-ғынан өткен кәсіпкерлердің бірі - Павлодар ауданының тұрғыны Амангелді Құсайынов. Ол жары Маринамен бірге 2017 жылы отбасылық бизнестің негізін қалап, нан-тоқаш, жартылай дайын фабрикат өнімдерін дайындап, сатудан бастады. Ауылда тек экологиялық таза шикізаттардан әзірленген бұл өнімдер тез арада зор сұранысқа ие болып, Құсайыновтар кәсібінің тасы өрге домалады. Кейін бұл табысқа тоқмейілсіп қалмай, кәсіп аясын кеңейтуді ойластырды. Сөйтіп, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, сүт өңдеу ісін де қолға алды.

- Бұл мемлекеттік бағдарлама еңбек етіп, өндірісті дамытуға ниетті тұрғындар үшін тиімді. Екінші деңгейлі банк 15 пайыздық мөлшерлемемен беретін несиенің 9 пайызын мемлекет төлеуінің өзі - кәсіпкерлерге көп көмек. Экономикалық жағдай қандай болса да, азық-түлік тауарлары үнемі сұранысқа ие болары анық. Сондықтан, нан, ет өнімдерімен шектеліп қалмай, сүт өңдеп, одан май-қаймақ, ірімшік пен сыр жасап, жергілікті нарықты қамтуды жөн көрдік. Әрине, құжаттарды жинау, мемлекеттік қолдауды иелену - бір күнде бітетін іс емес. Бастысы, төзімділік танытып, тынбай еңбектену керек, - дейді А.Құсайынов.


Түйін: Түптеп келгенде, жеке ісін бастауды қалайтындар үшін мол мүмкіндік бар. Оған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы дәлел. Тек осы ретте жеңіл өнеркәсіп өркендеп, отандық киім-кешек өндірісі өрге жүзсе деген тілек бар.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz