Облыстық білім беру басқармасының мәліметін-ше, осы жазда павлодарлық оқушылардың 99,9%-ын демалыс және сауықтыру шараларымен, ал жоғары сыныптардың балаларын жұмыспен қамту жоспар-ланған. Алайда бұл бағыттағы іс-шараларды бастап кетуге қазіргі эпидемиологиялық ахуал қолбайлау болып отыр.

- Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес аймақтағы ауру көрсеткіші бір аптаның ішінде кем дегенде 2 пайыз болған жағдайда ғана жазғы лагерьлерді ашуға рұқсат беріледі. Сол себепті бұл мәселені 15 маусымнан кейін ғана қарастырамыз. Оған дейін облыстағы эпидемио-логиялық жағдай жақсара түссін деп үміттенейік, - дейді өңірдің бас санитарлық дәрігері Зәмзагүл Дощанова.

Сонымен, келесі аптада аймақтағы эпидемиоло-гиялық ахуал тұрақтанса, 750 жазғы лагерь өз жұмысын бастамақ. Бірақ, міндетті түрде санитарлық талаптарды сақтау ережесі қатаң қадағаланатын болады.

- Сауықтыру лагерьлері ашылған жағдайда да балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгілі талаптар қойылады. Мәселен, сонда қызмет істейтін адамдардың 72 сағат бұрын КВИ инфекциясына теріс нәтижесі бар екенін дәлелдейтін анықтамасы, санитарлық-эпидемиологиялық қоры-тындысы болуы қажет. Сондай-ақ, демалатын балалардың да коронавирус инфекциясы  бар адамдармен байланыста болмағанын растайтын құжат пен 086-У үлгісіндегі медициналық анықтамасы болуы шарт. Балаларды лагерьлерге тасымалдайтын көліктерге дезинфекция жасау шаралары да үздіксіз жүргізілуі тиіс, - деп атап өтті павлодарлық бас санитар дәрігер.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, егер лагерьлер ашылған жағдайда 1-10-сынып аралығындағы 105 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланып отыр.

- Оқушылардың демалысын мазмұнды ұйым-дастыруға дайынбыз. Барлық типтегі сауықтыру лагерь-лерінде жазғы мектептер жұмыс істейді. Сол арқылы жекелеген пәндер бойынша оқушылар біліміндегі олқы-лықтардың орнын толтыруға мүмкіндік беріледі. Яғни, арнайы сабақтар ұйымдас-тырылады. Сонымен қатар, облыстағы маманданды-рылған мектеп-интернаттары негізінде дарынды балаларға арналған жазғы 75 академиялық мектеп құру жоспарланып отыр. Мұндағы басты мақсат - ауыл мен қала жастары арасында білім сапасындағы алшақтықты жою. Сол үшін бұл лагерьлерге тек ауыл мектептеріндегі дарынды балаларды жинап, оларды бәсекеге қабілетті деңгейге жеткізу көзделуде. Яғни, мұны жазғы олимпиадалық мектеп  десек те болады. Осы жерде балалар ғылыми жобалар мен пәндік олимпиада-ларға қатысуға дайындалып, білімдерін шыңдайтын болады, - дейді Дінислам Болатханұлы. Оның айтуынша, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылары мен жетім балалар жаппай оқыту қорының қаражаты есебінен мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде демалатын болады. Өңірде мұндай 16 мыңнан астам оқушы бар. Бұл мақсатқа 189 млн.теңге бөлінген. Сондай-ақ, ерекше білім беруді қажет ететін жеткіншектер үшін де 4 арнайы лагерь жұмыс істейтін болады.

Қазіргі таңда қала сыртындағы лагерьлерде дайындық жұмыстары қызу жүруде. Жолдамалар да сатылымға шығып қойған. Оның құны орташа есеппен 24 мың теңгені құраса, мектеп жанындағы лагерьлердің бағасы шамамен 7 мың теңге тұрады екен.

 

Нұржайна ШОДЫР.

saryarka-samaly.kz