Ауылдықтардың айтарын тың-дауға Айнакөлге арнайы бардық. Тұрғындар жандарына батқан жағдайды жарыса жеткізді. Ауыл ақсақалдарының бірі Жексенбай Әлиев екі жыл бұрын ауламызға жеткен тіршілік көзінен қайтадан тапшылық көреміз деп ойламап едік, дейді. Әңгімені ауылдасы Хамидолда Алшынханұлы жалғай кетті.

- 2018 жылы ауылымызға «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы құбыр тартылып, жеке су сорғысы, сүзгісі болады деп айтылған еді. 400 млн. теңге бөлінгенін де естігенбіз. Бірақ, аяғына жеткізілмеді. Құбыр тартылып болған соң ауылымызды іргедегі Ленин кентіне жалғайтыны белгілі болды. Бірақ, тұрғындарға бұл жайлы түсіндірілген жоқ. Қыста су үздіксіз келгенімен, жаз шықса, қиналып қаламыз. Билік бізді Ленин кентіне тәуелді етіп тастады. Ол елді мекен Павлодар қаласына, біздің ауыл Ақсуға қарайды. Осыны ескермеген билікке таңымыз бар, - деді ашына Хамидолда Алшынханұлы.  

Ауылдықтар биліктен мұндай шешімнің неліктен қабылданғанын сұрадық дейді. Мұндағы су ащы, тазартып, ауылдықтардың тұтынуына жарамайды деген жауап алыпты.

- Кезінде, яғни, 2018 жылға дейін кешенді блок модульден су алып келдік. Ащы су тереңнен тартылып, тазартылып, сүзгіден өткеннен кейін ауылдықтарға жетіп тұрды. Сол кезде жараған жерасты суымыз енді жарамай қалуы таң қалдырады. Салдарын ойламай биліктегілер жобаны арзандату үшін осындай төте жолды таңдай салғаны қынжылтады, - дейді Ж.Әлиев.

Биыл 26 мамырда Ленин кенті Айнакөлдің құбырын толық жауып, сусыз қалдырмағанда ауылдықтар сыздықтап аққан суға да шүкір-шілік етіп отыра берер ме еді?!

Бұған дейін газетімізге  сұхбат берген облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сатиевтің айтқанындай, көптеген ауылдарда орталықтандырылған таза суды тек ауызсу ретінде ғана емес, сондай-ақ, тұрмыстық  қажеттіліктерге, бау-бақша суаруға пайдаланып, ысырап қылады. Оның соңы судың жеткіліксіздігіне әкеліп соғады. Ленин кентіндегі жағдай осыған ұқсас көрінеді. Кент тұрғындары ауызсумен бау-бақша суарады. Салдарынан су қысымы төмендейді. Айнакөлдіктердің тіршілік көзін дұрыс тұтына алмай отырғандығының сыры осында.

Белгілі болғандай, Айнакөл ауылының тұрғындарына су кесте бойынша босатылады. Оның өзі сақталмайтынын айтады. Ал 26 мамырда құбыр бөгеліп, бетон қойылып тасталғанын көрген айнакөлдіктер бірден дабыл қаққан. Ертеңінде аталмыш ауыл қарайтын Алғабас ауылдық округі басшылығының қатысуымен тұрғындар жиыны өтіпті.

- Бұл жиында Павлодар қалалық коммуналдық шаруашылығынан өкіл болады делінген. Ешкім келмеді. Бізде су тұтынуға байланысты қолымызда еш құжат жоқ. Есептеуіш құралдар қойыңдар деді, қойдық, бірақ оны келіп пломбалап, ай сайын төлем алатын да орган жоқ. Былайша айтқанда ешкімге керексіз қалғандаймыз. Айнакөлдіктер суды көп тұтынады деп мамандар есебін де шығарып қойыпты. Жиынға дейін бір күн ғана бұрын орнатылған есептеуіш құралымен бәрін қалай есептей қойғандары түсініксіз, - дейді ауыл тұрғыны Маржан Намазбаева.

Ал жаз болса, бақшасын баптап, балаларына барын тосатын айнакөлдік Нина Петина су үшін жаздың екі айында 20 мың теңге болсын төлеуге әзір екенін айтады. Тек су тиісті деңгейде үйге жетіп тұрса дейді. Ауызсуды басқа қажеттілікке пайдаланбасын десе, жазғы құбырды іргедегі өзеннен тартып берсе болары еді деген пікірін бүгіп қалмады.

Айта кетейік, Айнакөлде 637 тұрғын тұрады. Олардың 70 пайызы суды үйіне тартып, өркениет келді деп қуанысқан. Үй ішіне жуыну бөлмесін, дәретхана, су жылытқыш құрылғы орнатып алғандар да оның игілігін көре алмауда. Судың қысымы оған мүмкіндік бермейтін көрінеді. Тұрғындар кейде сары су ағатынын да айтып қалды. Любовь Данилина есімді зейнеткер кейде екі сағатта екі шелек суды әзер толтырып алатынына налиды.

Қазіргі күні айнакөлдіктердің жалғыз талабы бар. Олар Ленинге тәуелді етпей, әу баста жобаланған жеке сумен жабдықтау құрылғыларының орнатылғанын қалайды. Ауылымызға бір резер-вуардың өзі жеткілікті, дейді айнакөлдіктер.

Бұл мәселенің қалай шешіліп жатқанын Алғабас ауылдық округі әкімінің міндетін атқа-рушы Аслан Қасеновтен сұра-дық. Ауылға баратынымызды айт-қанымызда өзі де келуге уәде берген еді.

-  Сәрсенбі күні Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев Айнакөлге арнайы келіп, мәселемен танысты. Нәтижесінде, сумен жабдықтау жағынан Айнакөлді Ленин кентінен ажыратамыз деген шешім қабылданды. Ауылымыздың өз ұңғымасы, су тазарту станциясы орнатылады. Қазіргі таңда мәселе пысықталуда. Айнакөлде жеке станциясы болғанға дейін, әлбетте, тұрғындар суды Ленин кентінен кесте бойынша тұтынатын болады, - деп түсіндірді Аслан Айдосұлы.

Тұрғындар су жіберу кестесінің мүлдем сақталмайтынын айтқан еді. А.Қасенов кейінгі күндері мұндай іркілістің орын алуын жобаны жүзеге асырған мердігер «Ай-Су Мелио-рация» фирмасы мамандары құбыр-лардағы ақауларды анықтау үшін аракідік суды бөгегендігімен  байланыстырды. Бірақ диспетчер мұны ауылдықтарға ескертпеген болып шықты. Алдағы уақытта негізсіз су жібермеу орын алмайтынына сендірді.

Айнакөлдегі құбыр желісіне қыз-мет көрсету, есептеуіш құралдарын пломбалау сынды жұмыстардың неліктен жүргізілмегенін де Аслан Қасенов түсіндіріп өтті. Айтуынша, Павлодар қалалық коммуналдық шаруашылығы кәсіпорнының өзге ауданның аумағындағы нысанға қызмет көрсетуге құқығы жоқ екен. Бүгінгі күні аталған мәселені шешу жолдары да қаралуда, деді.

Билік бір шешімі болады деп сендірді. Бірақ, нақты уақытын айту қиын екенін жасырмады. Аузы күйген ауыл тұрғындары сенуден қалдық деп налиды. Тағы 5 жыл таза ауызсу күтеміз бе деп қауіптенеді. Халықтың қолын жинап, ортақ мәселені билікке жеткізуге шапқылап жүрген Роза Әлімова есімді тұрғын жағдай біржақты болмайынша, айнакөлдіктер тынышталмайтынын айтады.

Тұрғындардың талабы орындалып, сүйінші хабар естиік.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz