Қытай – Қазақстанның ең ірі сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі. Еліміз Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан-Қытай байланысы серпінді дамып келеді. Қос тарап та тең құқықты өзара тиімді серіктестікті орнатуға мүдделі. Екі ел энергетика, тау-кен өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, химия өнеркәсібі, тыңайтқыштар өндіру салаларында ынтымақтастық орнатқан.

Осы жылдың мамыр айында «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында екі мемлекет басшылары кездесіп, екі жақты серіктестікті дамытудың бірқатар мәселесі талқыланды. Әсіресе, Президенттер тауар айналымын ұлғайту, өнеркәсіп, инновация, транспорт және энергетика салаларындағы серіктестік жайында әңгімелесті.

Біздің облыс Қытайға мыс кені мен концентраттарын, кальций-лендірілмеген мұнай коксын және күнбағыс тұқымдарын экспорттайды. Павлодар өңірі мен Қытай арасындағы сауда серіктестігінің жарқын мысалы – «KAZ MineralsBozshakol» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл кәсіпорын мыс концентраты мен катодты мыс шығарады. Бүгінде кәсіпорын өндіретін өнімнің барлық көлемі Қытай Халық Республикасына жөнелтіледі.

Сондай-ақ, біздің өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындары қытайлық тауар өндірушілерден құрылғылар мен шикізаттың жекелеген түрлерін сатып алатынын атап өткен дұрыс.

Облыста Қытаймен 5 бірлескен кәсіпорын тіркелген.Соның бірі – «Асхар-Тау» ЖШС. Оның құрылтайшысы – «NFC Kazakhstan LLC» ЖШС. Компания құрылыс жұмыстарымен айналысады. Ал қалған бірлескен төрт кәсіпорын – шағын бизнес субъектісі.

«NFC Kazakhstan LLC» кезінде Павлодардағы электролиз зауытының, күйдірілген мұнай коксы қондырғысының құрылысына қатысты жобаларды жүзеге асыруға атсалысқанын атап өткен дұрыс. Сонымен қатар, бұл компания Павлодар мұнай-химия зауытының жаңғырту жұмыстарына да өз үлесін қосты.

Екі ел Үкіметімен 51 қазақ-стандық-қытайлық жоба мақұлданған болатын. Бірлескен жобалардың төртеуі біздің облыс аумағында жүзеге асырылуда. Соның бірі - «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы аумағындағы «Тымлай» титан-магнетит кен орны базасында химия-металлургиялық кешен. Бұйыртса, мұнда титан диоксид пигменті, кремний диоксиді, қосындыланған болат пен ванадий пентаоксиді өндірілетін болады. Бұл – «TENIR Logistic» компаниясының жобасы. Тағы бір жоба Екібастұз қаласының индустриалдық аумағында жүзеге асырылады. Мамандар «AnsaSilicon» компаниясы қолға алған техникалық кремний өндіретін зауыттың аймақ экономикасының дамуына қосар үлесі жоғары екенін айтады. Қалған екеуі - ERG компаниясының инвестициялық жобалары. Атап айтқанда, электролиз өндірісін жылына 140 мың тоннаға дейін кеңейту және Ақсу қаласындағы екі энергоблоктың қуаттылығын 300 МВт-тан 325-ке дейін арттыру үшін қайта құру жұмыстарын жүргізу.

Сонымен қатар, жергілікті Инвестициялар тарту агенттігі әлеуетті инвесторлар қатарына жататын қытайлық компаниялармен жұмыс жүргізуде. Бұл ретте, біздің өңірге «Baolong MachineryCo» компаниясының өкілдері келмек. Олар ауыл шаруашылығы жабдықтары мен мамандандырылған техникалар өндірісін ұйымдастыру мақсатында келіссөздер жүргізбек. Ал маусым-шілде айларында Гуйчжоу провинциясынан арнайы делегация келеді деп күтілуде. Делегацияның мақсаты – өңіраралық әріптестіктің болашағын бағамдау. Сонымен қатар, облыс әкімі Болат Бақауов бастаған павлодарлық делегацияның Қытайдың Шаньси провинциясына және Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапарының барысы пысықталуда. Мақсат – экономикалық интеграцияны одан әрі дамыту.

Павлодарлық делегация Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданының инвестициялық қорымен «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы аумағында «Тау-химия-металлургиялық комбинат құрылысы» бірлескен инвестициялық жобасын жүзеге асыру жайын талқыламақ. Сондай-ақ, Павлодар облысы үшін химия, мұнай-химия, металлургия, ауыл шаруашылығы салаларындағы басымдық берілген жобаларды қолға алу барысы сөз болмақ.

Ал Шаньси провинциясында көмір өнеркәсібі бағытындағы әріптестік мәселелері қарастырылмақ. Шаньси – машина құрастыру, заманауи көмірхимиялық өнеркәсіп саласы жақсы дамыған провинция. Шаньси тас көмірдің қоры мен оны өндіру жағынан Қытайда бірінші орында тұр. Сондықтан келіссөздер де осы бағытта өрбімек.

Фархат ӘМІРЕНОВ.

Суретті түсірген - Дархан Өмірзақов.

saryarka-samaly.kz