Павлов көшесі, 28-үйдің тұрғыны Валентина Лютьконың айтуынша, аулада кішкентай балалар көп. Алайда, оларға ешқандай жағдай жасалмаған.

- Әткеншектер істен шыққалы қашан. Алтыбақан, белтемір, өзге де ойын құрылғыларына бару қауіпті. Жаңбырлы күндері ойын алаңы суға толып, ми батпаққа айналады. Әр аулаға ойын алаңдарын салуға қаржылық жағдай мүмкіндік бермейтінін түсінеміз. Сондықтан да бірқатар аулаға ортақ заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа ойын алаңы қажет. Оны салмас бұрын жерді дұрыс таңдап алған жөн. Себебі, бұл учаскеде жылу құбырлары жиі істен шығады, - дейді зейнеткер.

Кейбір аулада ойын алаңдары мүлдем жоқ. Бұған арнайы рейд барысында көз жеткіздік. Екінші Павлодар мөлтек ауданындағы Салтыков-Щедрин көшесі, 30-үйдің тұрғыны Мәдина Бекмағам-бетованың айтуынша, аталған ауданда балалардың бос уақытын өткізетін алаң жоқ. Амалсыздан тұрғындар қала аралап кететін көрінеді.

- Үй ауласын былай қойғанда, жақын  орналасқан аулалар-дағы ойын алаңы әбден тозған. Балаларды қараусыз қалдыру қауіпті. Салдарынан көп жағдайда үйде қамалып отыруға мәжбүр. Далаға шықсақ, үйден біраз ұзап, жақсы ойын алаңын іздеп кетеміз, - дейді Мәдина.

Минин көшесі, 40, 42, Украинская көшесі 97, 101-үйдің тұрғындарын да осы мәселе алаңдатып отыр. «Үйдің ауласында кеңестік заманнан бері ешқандай жұмыстар атқарылмады. Әйтпесе, ауламыз үлкен. Мұнда балалар алаңын да, спорт алаңын да салуға мүмкіндік бар», дейді Минин көшесі, 42-үй-дің тұрғыны Елизавета Капиносова.

Геринг көшесі, 79 мекен-жайындағы №18 мектептің аумағында орналасқан футбол алаңы да жөндеуді қажет етіп тұр. Екінші Павлодар мөлтек ауданының тұрғыны Айтжан Қасымовтың айтуынша, спорт алаңының мүшкіл халде тұрғанына 4-5 жыл болған. Шұңқыр жерлер көп. Былтыр қақпалары ұшты-күйлі жоғалып кетіпті. Жел соқса, жасанды жамылғылар ертегідегі ұшатын кілемдер сияқты ауада қалқып жүреді екен.

Ойын алаңдарын жөндеуге кім жауапты? Анықтағаны-мыздай, алаңдарға жауапты болып келген «Ертіс» спорт клубы былтыр таратылып, жауапкершілік екі мекемеге жүктелген. Бірі «Балалар мен   жастар спорт орталығы» болса, екіншісі – дзюдо күресі бойынша «Батыр» балалар-жасөспірімдер спорт мектебі. Бұған дейін балаларды спортқа баулып келген мектеп басшылығы ендігі жерде балалардың ойын алаңдарын жөндеуге де жауапты екен.

- Біздің балансқа 112 балалар алаңы, 42 спорт алаңы, 5 әмбебап инклюзивті балалар-спорт алаңқайлары, 7 хоккей корты, 8 стритбол алаңы, Зеленая Роща және Усолка шағын аудандарындағы шаңғы базасы, «Шымыр» және «Толқын» бассейні, облыс орталығындағы бокс залы кіреді. Нысандарды күтіп-ұстауға биыл 41 миллион теңге қаражат берілді. Жыл басынан бері 30 балалар ойын алаңы жөнделді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр, - дейді спорт мектебінің директоры Жандос Ұзақов.

Салу бір бөлек, оны балансқа беру - бөлек әңгіме. Бұл саладан хабары бар қала тұрғындарының бірі – Күмісай Асайынованың айтуынша, мердігер міндетіне сәйкес, жаңадан бой көтерген тұрғын үйлердің алдына спорт және балалар алаңын салады. Сөйтіп, тапсырыс берушіге (көбіне әкімдіктің құрылыс бөліміне) тапсырады. Шын мәнінде алаң ешкімнің иелігіне өтпейді.

- Бар қызық алаңдардың тозығы жеткенде басталады. Тұрғындар «жөндеу жұмыстарын жүргізу керек» деген кезде құрылыс бөлімі ат-тонын ала қашады. Ойын алаңдары үймен бірге құрылыс бөліміне қарағанымен, оны күтіп-ұстауға қаражат қарастырылмаған. Спорт бөлімі де баланста жоқ нысанды жөндеу үшін заңсыз әрекетке бара алмайды. Ақыры, алаң әбден тозып, жаңадан салуға тура келеді. Жаңадан салғанша, дер кезінде күтіп-ұстаған әлдеқайда тиімді емес пе? Бүгінде облыс орталығындағы спорт және балалар алаңдарының 40 пайызына жуығы – иесіз. Менің ойымша, әр алаңның құжатын түгендеп, балансқа беру жағын ойластыру керек. Сол кезде ғана бюджеттен қаражат бөлу мәселесі шешілетін еді. Жаңадан алаң салған уақытта осы жайтты қаперге алған жөн, - дейді К.Асайынова.

Жақында баспасөз мәслихатын өткізген қала әкімі Қайрат Нүкенов биыл солтүстік өндірістік аймақ, Лесозавод және Радиозавод мөлтек аудандарының әрқайсысында спорт алаңдары мен балалар алаңдары салынатынын сүйіншілеген болатын. Жалпы, облыс орталығында осы жылы 100-ден аса балалар алаңы салынады деп күтілуде.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz