Жадырап жаз да келді

Оқу жылы аяқталды. Көптен күткен жаз маусымы да келіп жетті. Барлық балалар демалысқа шықты. Демалысқа арналған жоспар көп. Ең бастысы, жақсы демалып, шынығып, жаңа оқу жылына тың күш-жігермен оралу керек.

Биылғы жаздағы балаларға арналған тамаша бір мүмкіндік – Астанада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі. «Жүз естігеннен бір көрген артық» демекші, бұл көрмеге бару, көру, Астананы аралау – әр баланың арманы. Сондықтан біздің аймағымыздағы көптеген балаларға жақсы мүмкіндіктер қарастырылған екен. Оны төмендегі мақаладан оқып біле аласыңдар.

 

«ЭКСПО-2017» шақырады!

Балалар! Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесіне Павлодар қаласындағы мектептерден аз қамтылған, көп балалы, жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, оқу озаттары - барлығы 2874 оқушы жолдама алды. Жолдамада көрмені тегін аралау, теміржол шығыны, Астана қаласы бойынша экскурсия, Ұлттық мұражайға бару, үш реттік тамақтану, жол нұсқаушы мен медбике қызметі бар.

Сонымен бірге, қаладағы 4-11 сыныптардан 16 мың оқушы көрмеге тегін билеттер ала алады. Олардың қатарында түрлі интеллектуалды конкурстардың, олимпиадалардың, көркемдік көрмелердің қатысушылары мен жүлдегерлері, мектептің үздік спортшылары бар. Балалардың ЭКСПО-2017 көрмесіне баруына бюджеттен 75,0 млн. теңге бөлінді. Бұл сапар павлодарлық оқушылар үшін шілде-тамыз айларына ұйымдастырылады. Сондықтан қызықтан құр қалмаңдар, балалар!

 

Көрмені тамашаладық!

Биылғы жаз Павлодар қаласындағы №25 орта мектептің оқушылары үшін ерекше басталды. Олар ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін алғашқылар болып тамашалады.

Білім ордасының 6-8 сыныптарынан 50 оқушы сынып жетекші мұғалімдерімен бірге Астанаға барды. Олардың қатарында оқу озаттары, аз қамтылған және көп балалы отбасы балалары бар.

Астана қаласына 13 маусымда келген оқушылар Бәйтеректе, одан кейін Африка, Қытай, Түркменістан, Өзбекстан мемлекеттерінің павильондарында болды. Аталмыш елдердің мәдениеті, дәстүрі, қолөнер туындыларымен, 3D кинотеатрымен танысты. «Кейбір оқушылар Астана қаласына алғаш рет келді. Көрмеден балалар үлкен әсер алды, көп қызықтар көрді», - дейді мектеп мұғалімі Манарбек Сүлеев.

Өз тілшіміз.

 

«Ағайын - алтау, ана - біреу»

Менің анам - ақкөңіл жан. Оны қатты жақсы көремін. Бір жерге жұмсаса, тезірек барып, айтқанын орындауға тырысамын. Отбасында - ылғи жігіттерміз, ал анамыз - жалғыз. Сондықтан үйдегі барлық жұмыс - бір өзінің мойнында. Қатты шаршайды. Сол себеппен мен анама көмектескім келіп тұрады.

«Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» дейтін жан – ана. Ұлым ержетсін, қызым бойжетсін деп ақ батасын беріп, үлкен өмір жолына ақ тілекпен аттандырып салатын да - абзал аналар. Сондықтан ана - біздің мәңгі шырқап өтер әніміз, жалын жырымыз. «Ананың ізің қыз басар, атаның ізін ұл басар» демекші, аналардың мейірімі, кең пейілі қыздардың бойына дарысын!

Думан МҰХАМЕДЖАН,
4-сынып оқушысы, Мәшһүр Жүсіп ауылы, Баянауыл ауданы.

 


Қызықты серуен

Баянауыл ауданы Сұлужон орта мектебіндегі «Балбөбек -2017» жазғы алаңының тәрбиешілері оқушыларды ауылдың жанындағы «Промсервис-Отан» ЖШС-нің тыныс-тіршілігі және ата-аналар-ының жұмыс істейтін орнымен таныстыру үшін кәсіпорынға серуенге апарды.

«Майкөбен» кәсіпорнында балаларға кезекшілердің, жұмысшылардың жұмыс орындарымен таныстырды. Балалар кәсіпорындағы жұмыстардың қай-қайсысының болсын жауаптылығы жоғары әрі күрделі екенін түсінді. Сондай-ақ теміржолшы мамандығына қызығушылық танытты. Стансадағы серуен барысында көкейлеріндегі көптеген сауалдарға жауаптар алды. Теміржолшылармен фотосуретке түсті.

Айгүл АМАНЖОЛҚЫЗЫ,
Сұлужон орта мектебі, Баянауыл ауданы.

 

Достық кездесу

Міне, жаз келіп, мектеп жанындағы сауықтыру алаңдары да өз жұмыстарын бастап кетті. Жылдағы дәстүр бойынша маусым айының жетісі күні Ә.Марғұлан атындағы орта мектеп жанындағы «Алақай» сауықтыру алаңына кішкентай қонақтар келді.

Олар – Шадыра оқу-тәрбие кешенінің «Балауса» және Қ.И.Сәтбаев оқу-тәрбие кешені жанындағы «Балдырған» сауықтыру алаңдарының демалушы шәкірттері. Келген балалар алдымен Ә.Марғұлан мұражайына барып, ғалым-археолог жайлы мағлұмат алды. Содан кейін Ә.Марғұлан атындағы орта мектептің «Алақай» алаңының демалушылары әзірлеген концертті тамашалады. Концерт соңынан бастауыш сынып оқушылары әзірлеген қуыршақтар театры қойған «Қайырымды қонжық», «Көңілді кірпі» ертегілерін қызықтады. Қонақтар да өздерінің ән-би шашуларын ала келген екен. Балалар әсем әндер орындап, концерт соңында флешмоб билеп, естелік фотосуретке түсуді де ұмытқан жоқ. Содан соң барлық оқушылар мектептің дене тәрбиесі мұғалімдері өткізген «Толағай» көңілді эстафеталық ойындарына қатысты. Спорттық эстафетада Қ.И.Сәтбаев оқу-тәрбие кешені жанындағы «Балдырған» сауықтыру алаңының шәкірттері 1-орынды, Ә.Марғұлан атындағы орта мектептің «Алақай» сауықтыру алаңының ойыншылары 2-орынды, Шадыра оқу-тәрбие кешенінің «Балауса» алаңының демалушылары 3-орынды иеленді. Барлық қатысушылар ұйымдастырушы мектеп тарапынан мадақтама грамоталарымен марапатталды.

Алтынай АХМЕТОВА,
Ә.Марғұлан атындағы орта мектептің мұғалімі, Баянауыл ауданы.

 

 

Арман алға жетелейді

Ұстаз болу - жүректің батырлығы,
Ұстаз болу - сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу - мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу - адамның асылдығы, - деп ақындар жырлағандай, ұстаз болу үлкен білімділік, ақылдылық қасиеттерін талап етеді. Әлемдегі әрбір адам өз бойына ұстаздан үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие алады. Бұл мамандық содан да киелі.

Мен Май ауданы Бозша ауылында дүниеге келдім. Алғашқы сауатымды ауылымдағы төртжылдық мектептен бастадым. Мені ең алғаш әкем қолымнан жетелеп, мектепке әкелгенде, қатты толқығаным есімде. Мектепте мені алғашқы ұстазым - Сұлушаш Мұхтанқызы құшақ жая қарсы алған еді. Ол кісінің сабақты түсіндіргенін ден қойып тыңдайтынмын. Әсіресе, ана тілі сабағын тағатсыздана күтетінмін. Қолыма бір жапырақ қағаз бен қалам алып, өз ой-толғауларымды жазатынмын. Әдебиетке деген құштарлығымның оянғаны содан да болар деп ойлаймын.

Төрт жыл көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Содан кейін көрші Баскөл ауылындағы А.Иманов атындағы мектепте оқуымды жалғастырдым. Ол мектепке оқушылар автобуспен тасымалданатын. Автобус болмай қалғанда күннің ыстығы мен суығына қарамастан жаяу жүріп кететін едік. Басында ол мектепке біраз уақытқа дейін бөтенсіп жүрдім. Бірақ кейін мектепке де, мұғалімдерге де үйренісіп кеттім. Сүйікті пәндерім: қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, география, химия, орыс тілі пәндері болды. Әр сабаққа бар ынта-жігеріммен дайындалатынмын.

Ол бір қызық күндер еді. Ойнап-күлгеніміз, сабақтан кейін бір-біріміздің сөмкелерімізді ала қашқанымыз, доп қуған қызықты да көңілді күндер әлі есімде...

Уақыт өте келе алдымда жауапкершілігі зор үлкен сын кездесті. Ол - Ұлттық Бірыңғай Тестілеу еді. Бесінші пән таңдар кезде көп ойланған жоқпын. Себебі мен кішкентай кезімнен әдебиетті сүйіп оқыдым. Сондықтан бесінші пәнді «қазақ әдебиеті» деп алуды жөн көрдім. Күнде кешке, уақытым бос кезде ұлы ақын-жазушылардың күрделі әрі ғибратқа толы еңбектерін оқуға кірістім. Әдебиет менің екінші өміріме айналды. Онсыз өз өмірімді елестете алмайтынмын.

ҰБТ нәтижесі бойынша үздік көрсеткішке ие болдым. Алған балым өзім қалаған мамандыққа толықтай жетті. Ол журналист мамандығы еді. Сол арманым да орындалды. Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия Университетіне оқуға түстім. Студенттік өмір - өте ерекше кез, бірақ та мектептің өмірден айырмашылығы жер мен көктей.

Сол уақыттарда бойыма білім нәрін дарытқан Шынарай Тілектесқызына, Жанна Зейнуллинаға, Ерлан Айтбайұлына, Қарлығаш Мақсұтқызына, сынып жетекшім Жандарбек Қанатбекұлына және ата-анама алғысымды білдіремін.

Айдана БОРАНБАЕВА, Инновациялық Еуразия Университетінің 2-курс студенті.

Редакциядан: Айдана Боранбаева мектептегі кезінен бастап «Айналайын» қосымшасына мақала жазып, өзінің талабы мен дарынын ерте бастан көрсеткен еді. «Талаптыға нұр жауар» демекші, қазір, міне, студент болды. «Айналайында» бастауыш сыныптан бастап хат-хабарлары жарияланып тұрған, қазақ филологиясын немесе журналистика саласын таңдап, бүгінгі таңда осы салаларда қызмет етіп жүрген қыз-жігіттер көп. «Жанам деген жүрекке от берген» «Айналайыннан» түлеген сол жастар - біздің мақтанышымыз! Айданаға да солардың жолын берсін дейміз. Ал, балалар, журналист болғыларың келсе, «Айналайыннан» қол үзбеңдер!

 

 

Атам - майдангер

1941 жылы тұтқиылдан фашистік Германия шабуыл жасаған алғашқы күннен бастап Отан қорғауға ер азаматтар әскерге шақыртылды. Олардың қатарында менің атам Жұмабеков Таптеш Жұмабекұлы да бар еді. Атам - сол соғыста ерлікпен шайқасқан жандардың бірі.

Ол әскерге 1940 жылы Бесқарағай аудандық әскери бөлімінен шақырылған, содан 1942 жылға дейін Қырым шекарасында резервті әскер қатарында болған. Ал 1942 жылы жаз айында соғысқа аттаныпты. Атам артиллерияда нысанашы болды. 1944 жылы тамыз айында Варшаваға 30 шақырым қалған кезде, сол жақ санынан жараланып, өлім аузынан аман қалыпты. Саратов госпиталінде 6 ай емделіп, 1945 жылы мамыр айында ауылға аман-есен оралыпты. Еңбекке араласып, шаңырақ көтеріпті. Әжемізбен жеті бала - Паруза, Дүйсенбек, менің әжем Рымкүл, Құмарбек, Әлібек, Нұрлыбек, Жазираны тәрбиелеп өсіріпті. Жеті баласынан 14 немере, 16 жиен көріпті. Ұрпақтарын адалдыққа, еңбекке, өмірге құштарлыққа үйретті.

Соғыста көрсеткен ерлігі үшін атам «Ерлігі үшін», «Жеңгені үшін», «Қырымды қорғағаны үшін» орден-медальдарымен марапатталған.

Мен - атамның үшінші ұрпағымын. Ол кісінің дүниеден озғанына биыл 28 жыл болыпты. Балалары жыл сайын Жеңіс күнінде ауылға жиналып, атамның басына барып, құран бағыштап, еске алады. Мен де атамның суреттеріне қарап, жасаған ерлік істерін есіме алып, ойланамын. Атамның суреттері мен үшін алтыннан да қымбат қазына!

Нұрасыл АХМЕТСАПАР, 4 «А»-сынып оқушысы, Малайсары ауылы, Май ауданы.

 

Қимай қоштастық

«...1 қыркүйек - ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн. Бұдан асқан ұлы мереке жоқ», - депті белгілі ғалым Қаныш Сәтбаев атамыз. Мен үшін де 1 қыркүйек ерекше күн. Әсіресе мен 1-сыныпқа барған 2013 жылдың 1 қыркүйегі есімде өмір бойы сақталатын болар деп ойлаймын. Бұл күні алғаш «Әліппенің» бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге үйреткен алғашқы ұстазыммен таныс- тым. Бақыт Қабдынасырқызы бізге жарқын жүзбен қарап, қолымыздан жетектеп, білім дариясына шығарды. Төрт жыл бойы білмегенімізді үйретіп, бізді қолдап, ақыл айтып келеді. Осы 4 жылда Бақыт апайдан көп білім алдық, түсінбей қалғанда қосымша сабақтар өткізді, қай-қайта ұқтырды. Бойымызға ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ұлттық сана-сезімді сіңірді. Осындай мейірімді, әр баланың көңілін таба білетін мұғаліміме шын жүректен ризамын және оны мақтан тұтамын. Қадірлі де қым-батты Бақыт Қабдынасырқызына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тілей отырып, көп алғыс білдіремін. Сіздің сеніміңізді ақтаймыз деп үміттенемін.

Аяна ҚУАНДЫҚ, 5-сынып оқушысы, №35 орта мектеп, Павлодар қаласы.

* * *

4 жыл бұрын кішкентай жүректеріміз лүпіл қағып, ерекше қуанышпен, ерекше толғаныспен мектеп табалдырығын аттап едік. Бүгінде бойымыз өсіп, ақыл–ойымыз толып бастауыш сатысымен қоштасқалы отырмыз.

Ең бірінші қимайтынымыз – алғашқы ұстазымыз Қарлығаш Зиядақызы. Күнде таңертең күлімдеп қарсы алып, күлімдеп қамқор көңілмен шығарып салатын аяулы ұстазымыз еді. Бойымызда жақсы, үлгілі қасиеттерді дамыту үшін өткізген тәрбие сағаттарының орны ерекше.

Апаймен өткізген 4 жылымыз қызыққа, қуанышқа, жетістіктер мен жеңістерге толы болды. Сол үшін алғашқы ұстазымызға үлкен рақмет айтамыз. Бір сыныпта оқып, оқушылық өмірдің сан түрлі сәттерін басымыздан өткізген сыныптас ұл–қыздар да бір-бірімізге дос болып кеттік. Алдымызда жаңа
белестер, жаңа асулар күтіп тұр. Қазіргі тез дамып, өркендеп жатқан заманға сай болу үшін әлі де көп оқуымыз керек. Бұл бізді мәпелеп өсірген, үміт артып отырған әке-анамыздың, білім – тәрбие берген ұстазымыздың, алтын ұя - мектебіміздің алдындағы балалық борышымыз деп білемін.

Санжар МЕРҒАЛЫМОВ, Б.Момышұлы атындағы №22 мектептің оқушысы, Павлодар қаласы.

 

 

Қараандыз өсімдігінің емдік қасиеттері

Мен қасиетті Мерғалым ауылында тұрамын. Ауылымыздың аумағында дәрілік өсімдіктер өте көп. Соның ішінде қараандыз өсімдігін ерекше атап кеткім келеді. Себебі оның емдік қасиеті аса мол.

Мен бір жыл бойы осы өсімдік жайлы мәліметтер жинақтап, оның қандай ауруға ем ретінде қолданылатынын жан-жақты зерттедім. Зерттей отыра көз жеткізгенім, қараандыздан жасалған қоспалар мен тұнбалар тыныс алу жолдарына, ішек ауруларына, қақырық түсіруге, жөтелге, түрлі жараларға, тері ауруларына, тәбет ашуға, т.б. көптеген ауруларды емдеуге болатынын түсіндім. Қараандыздың тоғыз түрлі күші бар екеніне көзім жетті.

Қорыта айтқанда, ата-бабаларымыз қолданған халық емінің пайдасы көп, сондықтан ауылымызда өсетін әр шөп-өсімдіктің пайдасын біліп, пайдаланудың маңызы зор.

Тоғжан ЕЛУБАЙ, 3-сынып оқушысы, Б.Уахатов атындағы орта мектебі, Лебяжі ауданы.

 

 

Жас қалам

«Айналайынның» хат-қоржынында аймағымыздың жер-жерінен келген хаттар өте көп. Бір қуанарлығы, қаладан гөрі ауылда тұратын балалар жиі жазады. Бұл ненің белгісі? Бұл – ауыл баласының сезімталдығы, еңбекқорлығы және ғаламтор, компьютер ойындары мен ұялы телефонға көп әуестенбейтіндігінен болар деп шамалаймыз. Қала баласының ерекшелігі – олардың көпшілігі сабақтан тыс уақытта үйірмелерге, арнайы мектептерге (спорт, музыка, сурет) барады. Дегенмен қалалықтар арасында тұрақты түрде жазып тұратын балалар баршылық.

Біраз хаттар жарияланбай жатыр, балалар. Себеп көп. Бұған дейін де бірнеше рет ескерткеніміздей, кейбір хаттарда мекенжай, аудандар көрсетілмейді. Тағы бір мәселе – жіберген ребус, сөзжұмбақтардың жауабы жоқ. Суретші балалар, қызылды-жасылды етіп боялған суретті газетке көшіргенде қап-қара болады. Сондықтан графика түрінде салу керек, (бұл туралы жиі айтамыз) және кейбір балалар тәп-тәуір салынған суреттің үстіне аты-жөнін, мекенжайын жазып жібереді.

Енді біздің «ақын» балаларымыздың шығармашылығы жөнінде бірер ауыз сөз. Жақсы шығарма, өлең жазып газетке шыққан - бір қуаныш. Мектепке, ата-ана, мұғалім, әрине ең бастысы өзіңе қуаныш. Дегенмен жазған дүниенің мазмұны жақсы, қатесіз, құйылып түскен саф алтындай болғаны қандай жақсы! Өкініштісі, «Айналайынға» келіп жатқан «өлеңдердің» бәрінің бірдей төрт аяғы тең болмай тұр. «Өлең» авторларының әдебиетті, поэзияны мүлдем оқымайтыны бірден көзге түседі. Бір ғажабы, жоғары сынып оқушылары 2-3-4-сынып оқушыларының деңгейінде жазса, бастауыштағы балалар ересек адамдарша жазады (үлкендер жазып беретін болар). Мұндай хаттар жиі келеді. Ұрлап, көшіріп басу бұрынғыдай емес, тыйылды, қойғызғандай болдық.

Ал енді жоғарыдағы сөзіміз дәлелді болу үшін біраз авторлардың өлеңдерінен мысал келтірейік...

Павлодар ауданының бір мектебінен Мерейлім деген қыз Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин, Абай ақын туралы «толғана» келіп, соңында: «Ұлылардан қалған сөз, Ұрпағына жетеді, Ұмытпайды ешқашан, Ұқсатады өмірде!» деп жазыпты. Мүлдем, түсініксіз. Ұлының сөзі ұрпағына жетері анық. Ұмытпайтыны да анық. Сонда ұйқасына да мазмұнына да сай келмей тұрған «Ұқсатады» деген не сөз ол, Мерейлім?

Сол мектептен Аяулым әжесіне арнаған өлеңінде:
Әжем менің ақ әжем –
Қымбаттысы жандардың.
Мен үшін бақыт таусылмас,
Қасымда мәңгі жүргенің!, - депті. Бұл қандай жыр?
Сондай-ақ, Лебяжі ауданынан Дастан деген бала:
О, адамдар!
Алла асын сақтаңдар
Нан қоқымын баспаңдар
Жерде жатқан нанды
Өмір нәріндей сақтаңдар!, - деп «толғанады». Дастанның айтқысы келген ойы – нан қасиетті тағам, имандылықта «Құранды басып нанды алған» деген сөз бар. Өмірдің нәрі саналатын қасиетті тағамды аяққа баспа, жерге тастама дейді. Бірақ Дастан, осы ойыңды өлеңдетпей-ақ қарапайым сөзбен, мысал келтіріп, жазып шықсаң тамаша болар еді ғой. Қазір нанды жерге тастай салатын, жерде жатқанын көрсе де көрмегендей өте шығатын, нанның қадірін білмейтін балалар аз емес. Дастанға айтарымыз, әдеби шығармаларды, өлеңдерді көп оқып, қатесіз жазуды үйрену керек.

Екібастұз қаласындағы бір мектептің бір топ оқушысы өлеңдер жіберіпті. Бәрі де Екібастұздың 60 жылдығына арналған екен. Алайда өлең – өлең емес. 1«А»-сынып оқушысы Нұрасыл деген балақай былайша өлең жазыпты:
Жасай бер жер үстінде туған қалам,
Бақытты ғұмыр сүрсін кенші балаң.
Ел байлығы, жер байлығы еселеніп,
Гуілдесін Екібастұз деп сай мен сала! Жо-оқ, Нұрасыл, мұндай өлең болмайды. Әрі мұны сенің жазбағаның да байқалып тұр.

Әлихан баланың өлеңі мынадай:
Сүйемін оның құмын да, қыраттарын,
Сүйемін оның қасиетті байлығын да,
Бақытты боп жүргенім
Сенің арқан, менің қалам Екібастұз. 4 «Ә»-сынып оқушысының шығарған өлеңі екен. Үтір-нүкте, әріп қатесін өзгертусіз бердік. Мұндай өлең болмайды, Әлихан. Саған да көп оқу керек!

Ғалия қыз анасы Айшамен бірге өлең жазыпты:
Көркейе бер бер көшелер мен, (?)
Шөптері мен, ағаштар да жайқалар.
Жанұялар, аналар мен, әкелер,
Гүлдене бер жайқала түс жас қалам. Осы секілді мән-мағынасы жоқ тақпақтар Наурызбек, Ақбота, Марат, анасы Мейрамгүлмен бірге (?) жазған Асылымнан да келіпті. Өлеңді бірігіп жазу деген болмайды. Өйткені ол - шығармашылық жұмыс. Егер көйлек тіксең, оның жеңін анаң, етегін әпкең, қалғанын өзің тікпейсің немесе ас ішкенде нанды біреу жеп, сорпаны өзің, шайыңды тағы басқа біреу ішпейді ғой. Шығармашылық дүние де сол секілді, ол адамның өзінен ғана шығуы тиіс.

Балақай! Ақын болу оңай емес. Қазақта «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар. Ақын болу үшін мектеп бағдарламасымен ғана шектеліп қалмай, әйгілі ақындардың өлеңдерін, прозалық шығармаларды өте көп оқу керек. Ақын болу үшін алдымен табиғи талант, одан соң үлкен еңбек керек. Айтарыңды «өлеңмен тебіренбей-ақ» Екібастұздың көркемдігін қарапайым сөзбен әңгіме түрінде жазсаң қалай болар еді?! Қаланың көне ғимаратының немесе ескерткіші, музейі, бір ғана көшесінің тарихы туралы шағын ғана шығарма жазып тіпті оны фотосуретімен жіберсең «Айналайын» қуана жариялар еді ғой...

Үлкендерден ақыл-кеңес сұрап алып, өз бетіңше зерттеу жүргізіп, оны әдемілеп жазып, ойыңды қорыта білсең, міне, сонда ғана сенен шығармашыл адам шығады. Ал негізінде, ертегі яки қандай да бір әдеби шығарманы оқып бастасаң, ол сені тереңіне тарта береді, қызықтыра түседі. Ал көп оқыған баланың ақылы, білімі, парасаты артық болатынын еске сақтау керек. Әрине, көп оқитын, әдебиетті құрметтейтін бала жоғарыдағыдай өлең жазбас еді.

Көп оқы, айналайын, жазғы демалыстың жарымын оқуға арна!

Құрметпен, «Айналайынның» үйлестірушісі - Сая МОЛДАЙЫП.

 

 

 

Шахматшылар

Ақсу қаласына қарасты Қызылжар орта мектебінде “Шах және мат” үйірмесі жұмыс істейді. Үйірмеге 2-5 сынып оқушылары қатысады.

Жақында үйірме жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі, шахмат ойынының жүлдегері Шарида Анарбаева оқушылар арасында шахматтан жарыс өткізді. Жарыс өте тартысты өтті. Ойын жеңімпаздары: Жанболсын Нұрхан, Урузбаев Ислам, Манап Диас, Хуантхан Шынасыл, Сулайманова Дильбархон, Арал Қаныш, Карибай Айсара, Горбатюк Настя, Жакиянов Нариман,Сағындықова Сабина, Балтабаев Әли, Кенжебек Дәнекер, Камила Темірханова, Әйгерім Жұмағұлова шахмат ойынында қарсыластарын жеңіп, Мақтау қағаздарымен марапатталды. Біздің мектепте шахмат ойнайтын балалар өте көп.

Шаймұрат ҚАСЕНОВ,
спорт инструкторы, Қызылжар орта мектебі Ақсу қаласы.

saryarka-samaly.kz