«Ертіске» Болгарияның «Дунав» клубы қарсылас атанды. «Ордабасының» жолы босниялық «Широки Бриегпен» түйісті. «Қайрат» Литваның «Атлантасымен» сынға түседі. Қазақстандық үш клуб та Еуропа лигасында өнер көрсетеді. Үшеуі де жарысты бірінші кезеңінен бастайды. Чемпиондар лигасында ойнайтын «Астана» Латвияның «Спартак» клубымен шеберлік байқасады. Елордалық клуб жарысқа екінші іріктеу кезеңінен қосылмақ.

Сонымен, келесі аптада Павлодарға қонаққа келетін «Дунав» қандай команда? Әңгімемізді осы сұрақтың төңірегінде өрбітетін боламыз.

Мың «өліп», мың «тірілген»...

«Дунав» - Русе қаласының клубы. 1949 жылдың 16 ақпанында «Русенец» және «Локомотив» командаларының бірігуінен құрылған. Одан кейінгі тарихы шым-шытырық. Бірнеше мәрте таратылып, қайта жасақталған. Атауы да сан мәрте өзгерген.

«Дунав» атауы 1999 жылдың 18 маусымында ғана қайтарылған. Алайда, клуб 2003 жылы банкротқа ұшырайды. Тек, Русе қаласының әкімшілігі қажетті қаражатты тауып, команда чемпионаттағы ойынын ары қарай жалғастырған. Қуаныш ұзаққа созылмады. Арада жеті жыл өткенде клуб тағы да банкрот деп жарияланды. Бұл жолы жергілікті бизнесмендердің демеушілігімен клуб кезекті «ажалдан» аман қалды.

Қазір «Дунав» клубын болгариялық маман Пламен Донев жаттықтырады. Ойындарын 19 960 адамға шақталған қалалық стадионда өткізеді.

Еурододада - екінші рет

«Дунав» - Болгария чемпионатындағы мақтан етерліктей жетістіктері жоқ орта деңгейлі ұжым. Соған қарамастан, Еурододада алғаш рет 1974-75 жылғы маусымда өнер көрсеткен. УЕФА Кубогы деп аталған жарыста (қазіргі Еуропа лигасы) Италияның атақты «Ромасымен» ойнаған. Сырт алаңда екі гол айырмашылығымен ұтылып, өз алаңында 1:0 есебімен тарихи жеңіске жеткен. Алайда, қос ойынның қорытындысы бойынша келесі кезеңге «Рома» өтті. «Дунав» Еуропа лигасында биыл екінші рет бақ сынамақ.

Негізі, «Дунав» ұзақ жылдар бойы Болгарияның Екінші және Үшінші лигаларында ойнаған. Тек, 2015-2016 жылғы маусымда ғана араға 25 жыл салып жоғары топқа – Бірінші лигаға жолдама алды. «Дунав» элиталық дивизионда жақсы қырынан көрініп, төртінші орынға тұрақтады. Осылайша, Еуропа лигасында өнер көрсету құқығына ие болды. Осы бір жетістік клуб үшін тарихи оқиға болғанын атап өткен жөн.

Үш есе қымбат

Германияның «Transfermarkt» сайты «Ертіс» пен «Дунав» футболшыларының құнын салыстырған екен. Павлодарлық клубтың бағасы қарсыласынан үш есе қымбат болып шыққан.

Әлемге әйгілі сайттың ақпаратына сүйенсек, павлодарлық клуб ойыншыларының жалпы құны 6,85 миллион евроны құрайды. Ал болгариялық клубты 2,21 миллион евроға бағалаған.

Бұл ретте, «Ертіс» сапындағы ең қымбат ойыншы – шабуылшы Франк Джа Джедже (750 мың евро). Одан кейінгі қымбат ойыншы – Карлуш Фонсека (650 мың евро). Болгариялық ұжымның ең қымбат ойыншысы Бирсент Карагереннің құны – 300 мың евро. Бирсенттің әріптесі Самир Айясс 250 мың евроға бағаланған.

Келесі қарсылас кім болмақ?

Алғашқы матч 29 маусым күні Павлодардың Орталық стадионында өтеді. Қарымта кездесу 6 шілдеге жоспарланған.

Егер «Ертіс» алғашқы іріктеуден іркілмей өтсе, екінші кезеңде «Црвена Звезда» (Сербия) және «Флориана» (Мальта) жұбының жеңімпазымен ойнайды. Қазақстандық футбол мамандарының көпшілігі «Ертістің» алғашқы белестен қиналмай өтетініне сенімді. Сондықтан олар екінші іріктеуде «Ертіс» пен «Црвена Звезданың» жолы түйіседі деген пікірде. Егер жерлестеріміз келесі кезеңге өтетін болса, бұл кезеңнің алғашқы кездесуі 13 шілдеде Павлодарда өтеді. Жауапты ойын 20 шілдеге жоспарланған.

Бұрын да ойнаған

«Дунав» - Еурододада «Ертіске» қарсылас атанған болгариялық екінші клуб. Жерлестеріміз бұған дейін София қаласының «Левски» командасымен ойнаған болатын.

Еуропа лигасының 2013-2014 жылғы маусымының алғашқы іріктеу кезеңінде қос ұжым өзара шеберлік байқасты. Софияда өткен алғашқы матчта есеп ашылмай, қарсыластар тең тарқасты. Павлодардағы шешуші кездесуде жерлестеріміз 2:0 есебімен жеңіске жетті. Сол ойында «Ертіс» сапынан өзбекстандық қос легионер Камолиддин Мурзоев пен Ұлықбек Бақаев (пенальти) мергендік танытты. Ал команданы Талғат Байсуфинов жаттықтырды. «Левскимен» болған ойынға қатысқан футболшылардың тек біреуі ғана «Ертістің» қазіргі құрамында ойнап жүр. Ол – Павел Шабалин. П.Шабалин Павлодардағы матчтың 73-минутында Игорь Юриннің орнына шыққан болатын.

Димитар не дейді?

«Ертістің» бас бапкері Димитар Димитров өз отандастарына қарсы ойнайды. Ол жеребе тарту рәсімінен кейін өз ойымен бөлісті.

- «Дунав» оңай қарсылас емес. Әрине, бұл командада жұлдызды ойыншылар жоқ. Бірақ, біртұтас ұжым. Бапкері жас әрі мықты. Бізді өте ауыр кездесулер күтіп тұрғаны анық. Құжат жүзінде «Дунавты» Пламен Донев жаттықтырады. Бірақ, ойыншылармен нақты жұмыс жасайтын Веселин Великов. Олар мені жақсы таниды. Шәкірттерім шама жеткенше бар мүмкіндіктерін паш етеді деген сенімдемін. Ұтуға тырыса-мыз. Қиын болатынын қазірден айтқым келеді. Еуропа лигасы басталар тұста орталық екі қорғаушыдан айырылғанымыз, өкінішті. Олардың орнын басатын ойыншыларды табу қиын. Ал қатарға жаңадан қосылғандар әлі командаға бейімделіп болған жоқ. Оның үстіне физикалық дайындықтарын да жетілдіру керек. Бізге болгариялық клубтың қарсылас атанғанына қуаныштымын. Туған жеріме барып қайтамын. Жерлестерімді, туыстарымды көремін. Ойындардан жақсы да жылы естеліктер қалады деген сенімдемін, - дейді Димитар Димитров.

«Ертіс» пен «Дунав» арасындағы кездесу 29 маусым, бейсенбі күні Павлодардың Орталық стадионында өтеді.
Сүйікті командаңа жанкүйер бол, ағайын!

Фархат Әміренов

saryarka-samaly.kz