Алматы аламанына әлемнің 57 елінен 2000-нан астам спортшы келген болатын. Тікелей таратылған телехабарға әлемнің 80 елі, миллион-даған көрермен көз тікті. Барлығы 11 күнге созылған жарыста қысқы спорттың 12 түрінен 85 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жалпыкомандалық есепте Ресей Федерациясы топ жарды (29 алтын, 27 күміс және 15 қола медаль). 11 алтын, 8 күміс және 17 қола жүлдені қанжығаға басқан Қазақстан құрамасы – екінші орында. Үштікті Корея Республикасы түйіндеді 
(11 алтын, 5 күміс және 5 қола).

Жабылу салтанатында «Ұлытау» тобының «Жұмыр қылыш» күйі тартылды. Қазақстан Республикасының Әнұранын жас дарын Әсет Балғазин бастап, Абай атындағы опера және балет театрының хор капелласы аяқтады. Бұдан кейін әлемнің әр бұрышынан Алматыға келген спортшылар шеруге шықты.

Универсиаданың шашаусыз өткен ойындары мен барлық іс-шараларына, мәдени демалысына жәрдем еткен 3000 еріктіге рақмет айтылды. Алғыс арқалағандар арасында Канададан келген 78 жастағы Майкл Генри Хиль мен Паралимпиялық ойындарға қатысушы, І топтағы мүгедек Серік Еламанов та бар.

– Мыңжылдық тарихы бар Алматы екі апта бойы әлемнің спорт сүйер қауымының көз тартар орталығына айналды. Осы уақыт ішінде әлем Қазақстанды, Қазақстан әлемді жаңа қырынан таныды. Халықаралық қоғамдастық халқымыздың тамыры терең мәдениеті мен қанына біткен қонақжайлылығын, үздіксіз дамудың әлемдік бәсекелестік қайратын сезді. Алматы Универсиадасы әлем спортына өзіндік ізін қалдырды, – деді Универсиаданың жабылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

FISU Президенті Олег Матыцин сөзін «Қайырлы кеш, Алматыдан!» бастап, Универсиада тарихында ерекше із қалдырған Алматы додасының барлық қатысушылары мен еріктілеріне, меймандарына, қала тұрғындарына алғыс айтты.

Алдағы 2019 жылғы қысқы Универсиада тұңғыш рет Ресейде, Красноярск қаласында өтеді. Универсиада жалауы түсіріліп, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек туды Красноярск қаласының басшысы Эдхам Акбулатовтың қолына тапсырды. Осыдан соң «Орыс қысының астанасы» саналатын Красноярск қаласының «Хайро» аталатын ұлттық ансамблі өнер көрсетті.

- Красноярск те Универсиаданы лайықты деңгейде өткізетін астанаға айналады деп үміттенеміз. Біз осы мақсатқа жету үшін күшімізді саламыз! – деді өз сөзінде Эдхам Акбулатов. – Жас спортшылардың арманына қанат бітіріп, жаңа чемпиондарды тәрбиелеп, жер-жаһандағы жастарды бір-біріне жақындастырып отырған Халықаралық студенттік спорт федерациясына зор алғысымды білдіремін! Шығыстың қонақжайлығын көрсетіп, жарқын спорт жеңістеріне мұрындық болып, ұмытылмас әсерлерді сыйлаған Алматыға рақметімді айтамын! Универсиада - 2017 астанасы ілбіс сынды мықты, атақты алматылық Апорт секілді жас, қазақ кілемі секілді көркем болып есімізде мәңгі сақталмақ!

Шетелдік мамандар Алматы Универ-сиадасының ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде болғанын жарыса айтып, тарқасты.

Қош бол, Алматы! Қарсы ал, Красноярск!

 

Фархат ӘМІРЕНОВ,

Алматы қаласы.

saryarka-samaly.kz