Елбасы ақпараттық кеңістікті нығайту және отандық масс-медианың деңгейін көтеруді, мемлекеттік ақпараттық саясат пен мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруды, сонымен қатар, цифрлық технологияны алға жылжытып, байланыс сапасын жақсартуды тапсырды. Осы мақсаттар аясында жұмыс атқарылғанын атады Д.Абаев.

Тұрғындардың жедел әрі сенімді ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету жұмысы жолға қойылған. Яғни, медиа-жоспарлаудың бірыңғай әрі біртұтас жүйесі жасалды. Сонымен қатар, министрлік отандық ақпарат құралдарының халық үшін тартымдылығын арттыру бағытында жұмыс жүргізді. Телеарналардың мазмұны мен форматы өзгертілді. Алтын қорымыздағы отандық фильмдерді көрсететін «Ел арна» атты жаңа арнаның іске қосылуы көптің көңілінен шықты. Телеарналар сериал түсіруді мықтап қолға алған. Тіпті, бірқатар отандық сериалды көрші мемлекеттер де тамашалауда. Биылғы жылдан бастап «Отау ТВ» жолсеріктік оператордың пакетіне «Қазақстан» және «Қазспорт» телеарналары НD форматында көрсете бастады.

Ақпараттық қауіпсіздікке де көңіл бөлінуде. Бұл ретте нормативтік-құқықтық алаңды жетілдіру мақсатында ақпарат пен коммуникация мәселелері жөніндегі заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар әзірленуде. Сонда 4 кодекс пен 12 заңға 200-ге тарта толықтыру енгізілмек. Мұнда балалардың құқығын қорғауға қатысты да айтарлықтай істер атқарылуда. Мәселен, бұдан былай зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалардың суреттерін жариялауға заң жүзінде тыйым салынбақ.

- Кейбір БАҚ-тар рейтинг соңынан жүреміз деп, жапа шеккен балалардың есімдерін, тұратын жері мен оқу ордасына дейін ашық жариялап жібереді. Осылайша, балалардың жанына жара салынатынын естен шығарып алады. Біз баланың өзінің немесе заңды өкілінің келісімінсіз заңсыз әрекеттер нәтижесінде зардап шеккен баланың суреті мен жеке мәліметтерін пайдалануға да шектеу қоймақпыз, - деді министр.

Цифрлық эфир тарату ісі де мықтап қолға алынуда. 2018 жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірі 100 пайыз цифрлық эфир таратуға көшеді. Министр бүгінде отандық жолсеріктік телевизия абоненттерінің саны 1 млн. 300 мыңға жақындағанын атап өтті. 50-ден астам аудандық орталық жыл соңына дейін 4G-ға қосылады. Тұрғындардың сандық сауаттылығын арттыру мәселесіне мән берілуде. Министрдің мәліметінше, 2021 жылға қарай бір миллион азамат цифрлық дағдыға үйретіледі.

Сондай-ақ, байланыс қызметтері сапасын жақсартуға, ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін арттыруға көңіл бөлінбек. Жылдың соңына дейін министрлік сайтында «Ұялы байланыс сапасына халықтық бақылау» сервисін іске қосу жоспарлануда. Ол халыққа ұялы байланыс жұмыстарында түрлі проблемалар мен іркілістер жайында пікір жолдауға мүмкіндік береді. Ал жақын арада ұялы телефондарды тіркеуге қатысты арнайы бұйрық шығады. Алайда, бүгінде жүздеген IMEI-кодтардың ұқсас болуы аталған шараларды жүргізуге қолбайлау болып отыр. Осы ретте, ұялы телефондарды IMEI-кодтар бойынша тіркеу қажет. Әйтпесе, ұялы телефондар ұрлығы азаяр емес.

Тағы бір айта кетерлігі, әлеуметтік желідегі «жазғыштардың» пікірлері өздерін жарға жығуы мүмкін екенін ескертті министр.

Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.

saryarka-samaly.kz