Осыған орай, Павлодарға көрнекті ақын, сазгер, драматург Исраил Сапарбай мен жазушы Марат Тоқашбаев арнайы келіп, өңір тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында ұлт зиялылары Елбасы мақаласы туралы өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтты. Ақын Исраил Сапарбайдың сөзінше, бұл мақалаға атүсті қарауға болмайды. «Құны басым құжатқа кез келген қазақстандық ұқыптылықпен қарағаны жөн. Оны оқыған азамат «осы мақалаға мен қандай үлесімді қоса аламын?» деген ойдың жетегінде болуы шарт. Ұлт көшбасшысы бағыт-бағдарымыз бен жоспарымызды айқындап берді. Енді оны жүзеге асыру - көпшіліктің қолында. Нұрсұлтан Әбішұлының «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөзі көп нәрсені аңғартады. Тәуелсіз ел атанған 25 жыл ішінде алдымен әлеуметтік, экономикалық әлеуетімізді көтердік. Енді, руханиятымызға көңіл аударғанымыз өте орынды. Біз Павлодар өңіріне елге ақыл айтуға емес, халықпен пікір алмасуға келдік. Себебі арқа өңірі - соның ішінде Ертіс-Баян жері - руханияттың, мәдениеттің ошағы. Бұл жерде Естай, Иса, Жаяу Мұса сынды дүлділдер өткен. Солардың өнерін, өмір тарихын ендігі жастардың санасына сіңіріп өсіретін болсақ, рухани жаңғырудың тағы бір жолы болар еді, - дейді.

- Қазақтың тарихы қилы кезеңдерге толы. Бір ғана XX ғасырды алып қарасақ, еліміздің басынан қаншама азапты жылдар өтті. Егер сол зұлматты кезеңдер пешенемізге жазылмағанда бүгінде халқымыздың саны 70-80 миллионға жетер еді ғой деген ой көңіл көлеңкесінде тұрады. Жер бетінде XX ғасырда үлкен 3 құбылыс орын алды. Біріншісі - коммунистік идеология. Оның қандай үлкен адами шығындарға әкеліп соқтырғанын баршамыз білеміз. Екіншісі – фашистік идеология. Жер бетіндегі 70 миллион адамның өмірін жалмады. Үшіншісі – либералдық идеология. Бұл - жеке адамдардың құқықтарын жоғары қою. Батыс елдерінде қатты дамыған бұл құбылыс адамдардың рухани тұрғыдан азғындауына әкеліп соқтырды. Осынау үш кезеңнің барлығы да біздің алға басуымызға үлкен кедергі келтірді. Ал бүгінгі егемен елге айналған тұстағы Елбасымыздың рухани жаңғыру жайлы мақаласы - сан ғасыр бойы біздің ата-бабаларымыздың аңсаған асыл арманы. Болмысымызға сәйкес келетін біздің бұл идеологиямыздың өміршең боларына сенімдіміз, – дейді Марат Тоқашбаев.

Келелі кездесуге қатысушылар аталған мақала жайлы ойларын ортаға салып, көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, пікір алмасты.

«Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің маманы Шолпан Аққазинаның айтуынша, бұл - Үкіметтің тапсырмасы бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп атқарып жатқан шара. Алдағы уақытта да Елбасының ерекше мақаласы ел тұрғындары арасында насихатталатын болады.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz