Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың 5 айы ішінде облысымызға 99,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға төмен көрсеткіш. Осы ретте аймақ басшысы облысымызға инвестицияны көптеп тартып, экономикамызға қаржы құюға әзір кәсіпкерлерге қолдауды күшейтуді тапсырды. Жиын барысында өнеркәсіп, қайта өңдеу және тау-кен саласының бүгінгі жайы сөз етілді.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы қаңтар-мамыр айларында 105,9%-ды (2016 жылы – 93,80) құраған. Экономиканың қарқынды дамуына өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және көлік салалары әсер еткен. Өндіріс көлемі - 724,1 млрд теңге. Мұнай өңдеу 121,9%-ға, химиялық өндіріс 116,2%-ға, металлургия 105,0%-ға, машина жасау 2,2 есеге артқан. Қалалар мен аудандар арасында өнеркәсіп өнімі бойынша Май, Ақтоғай, Баянауыл, Качир аудандары және Екібастұз қаласы үздік бестікке кіреді. Ақсу, Екібастұз қалалары мен Качир, Павлодар аудандарында инвестиция тарту деңгейі төмендеген. Аймақ басшысы мұны жергілікті жердегі әкімдердің жұмысының осалдығынан екенін атап өтті.

Жиын барысында Болат Бақауов тұрғындар арасында шыбын-шіркейге қарсы әлеуметтік сауалнама жүргізуді тапсырды.

- Жыл сайын ҰБТ кезінде ата-аналар шыбын-шіркейдің шабуылына ұшырап, шағымданып жататын. Биыл бұл олқылық қайталанбауы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аударыңыздар. Шыбын-шіркейге қарсы күрестің тиісті деңгейде жүргізілгенінен бәрі хабардар. Ендігі кезекте жұртшылық арасында сауалнама жүргізіп, ғылыми тұрғыдан атқарылып жатқан жұмысты бағамдап, сараптама жасау қажет, - деді Б.Бақауов.

Аймақ басшысы орынбасары Николай Дычкоға бұл мәселені бақы-лауға алуды жүктеді. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітова 21-22 маусым күндері қалалар мен аудандардың, 23 маусым күні Екібастұз қаласының түлектері ҰБТ тапсыратынын айтты. Биыл «Алтын белгіге» үміткер 146 түлектің 145-і сенімді ақтаған.

Жазғы лагерьлерде шыбын-шіркей біршама азайған, десе де, Усолка шағын ауданында әлі де маса маза бермейді. Сонымен қатар, қансорғыштарға қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берген аудандар мен қалалардың әкімдері елді мекендерде жағдайдың жақсарғанын айтып
сендірді.

Өңірде жұмыссыздық мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға жеткен. Жыл басынан бері 4808 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 3202-сі тұрақты. Десе де аталмыш мәселе шешілмей келеді. Мәселен, Павлодар ауданында 68 азамат жұмыссыз ретінде тізімге алынған. Бірақ 118 жұмыс орны бос тұр. Бұл ретте аймақ басшысы жастарға бос орындардан жұмыс ұсынуды тапсырды. Егер қызығушылық танытпай, ұсыныстан бас тарқан жағдайда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аталмыш мәселенің шешімін табуды жүктеді. Облыста «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланбай, шет қалып отырған аудандар да бар. Мысалы, биыл Лебяжі, Май және Успен аудандарында бұл бағдарлама шеңберінде бірде-бір жоба қолға алынбаған. Аталмыш ауданның басшылары алдағы уақытта олқылықтың орны толтырылады деп сендірді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz