Ағымдағы жылы Павлодар қаласына қарасты барлық мектепте шахмат, тоғызқұмалақ сыныптары ашылып, спорт құралдарымен жабдықталған. Сонымен қатар, «Sumruk Kazyna Trust» қорының ұйымдастыруымен өткен акция аясында 20 мектеп спорттық жабдықтар сатып алу үшін арнайы сертификатқа ие болған.

Биыл балалардың бос уақытын қамтамасыз ету мен оларды салауатты өмір салтын ұстануға баулу мақсатында кейбір мектептерде шағын футбол алаңы салынып, ескілері қайта жаңартылды. Мәселен, Павлодар қаласындағы №16 мектеп-лицейінің ауласында ашылған шағын футбол алаңына қалалық бюджеттен 14 млн. теңге қаражат бөлінген. Жұмыстың мердігері – «Дуэт» ЖШС.

- Мектебіміздің іргетасы осыдан 6 жыл бұрын қаланған. Осыған дейін спорт алаңы болмады. Енді оқушыларымыздың спортпен шұғылдануына зор мүмкіндік туып отыр. Шағын футбол алаңы мамыр айында салынып, бүгінде қолданысқа берілді. Енді жаз бойы арнайы кесте бойынша мектебіміздің 150 оқушысы футболдан шеберліктерін шыңдайтын болады. Алдағы уақытта баскетбол алаңын салуды жоспарлап отырмыз, - дейді мектеп директорының орынбасары Зейнегүл Нұрекенова.

Ал, №25 жалпы орта білім беру мектебінде ескі футбол алаңы қайта жаңғыртылып, жабындысы ауыстырылған. Аталмыш мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Ермек Әубәкіровтің айтуынша, оған 3 миллион теңгеден астам қаражат кеткен.

- Қалалық бюджет есебінен шағын футбол алаңына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, қосымша бөлінген 1 млн 948 мың теңге қаржыға мектебімізге қажетті әртүрлі доптар, орта 36 жұптық шаңғы мен коньки сатып алынды. Мектебімізде арнайы шахмат және тоғызқұмалақ сыныптары ашылды. «Samruk Kazyna Trust» қоры 4 миллионнан астам теңгенің көмегін көрсетті. Бұл ақшаға бастауыш сыныптар үшін спорттық жабдықтар сатып алдық, - дейді ол.

Айта кетейік, шағын футбол алаңдарының ағымды жөндеу жұмыстары №41, №21 мектептерде де жүргізілді.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz