Бүгінгі таңда Қарасаздың мұзбалағы, қазақтың Мұқағалиі жазған жырды жатқа айтпайтын адам кемде-кем шығар. Бұрнағы күні аталмыш музейге жиналған жас пен кәрі осыны растағандай. Мәдени ордаға келген аға буын өкілдері Мұқағалиді тебірене еске алса, жас буын ақынның сөзіне жазылған әндерін әуелете шырқап, жырынан шашу шашты.

- Өз басым Мұқағали Мақатаевты көргеніме бүгінгі таңда қуанамын. Ол кезде мен Алматы қаласында ҚазМУ-дің студенті едім. Группалас-тарымызбен бірге ақындардың жиындарына барып, қатысып жүретінбіз. Бір күні Мұқағали ағаның қатысуымен өтетін отырысқа тап келіппіз. Қою бұйра қара шашы, жарқылдай шыққан дауысы бізді бірден баурап алды. Мұқағали тек жазба ақын ғана емес, оның суырып салмалық қасиеті де бар еді, - деп еске алады аймаққа аты таныс айтыскер ақын Шолпан Байғалы.

Әсерлі естеліктерінен кейін жиналған көпшілікке ақын арнау өлеңін оқыса, өңірімізге танымал жас әншілер Мұқағалидің «Құмған алған», «Сәби болғым келеді», т.б. әндерімен кештің әрін кіргізе түсті. Сонымен қатар, М.Мақатаевтың өмірі мен өнері жайлы түсірілген «Мұқым елдің мұзбалағы» атты деректі фильмнен үзінді көрсетіліп, қонақтар ақын рухымен сырласты.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Мұқағалимен сырласу

Арқалаған талай қайғы, талай мұң,

Нұрын шомған поэзия арайдың.

Кеудесіне жырдың құтын қондырған,

Мұқағали - мұрагері Абайдың.

Маған мәлім ұлт деп қайғы шеккенің,

Білем оны, төкпегенсіз текке мұң.

Күпі киген қара өлеңі қазатың,

Сенің арқаң жамылса егер шекпенін.

Шабыт қудым, шығар екен менен кім?

Қарасаздың тасын сезді денем шын.

Құлшынумен жасымда өлең жазам деп,

Басында өлем мен де сіздей өлеңнің!

Жырға қонған қасиет пен киесіз,

Кім өтпеген нақақ жала күйесіз.

Жырыңды оқып, жетімсіреп отырмын,

Жетімкөлің сияқтанып иесіз.

Қарлығаш ҚАШҚЫНБАЕВА,

Б.Ахметов атындағы педколледждің

4-курс студенті.

saryarka-samaly.kz