Дені сау ұрпақ – тірегіміз дейтін болсақ, онда басты назарды жастардың денсаулығына аударуымыз қажет. Темекі мен спирттік өнімдердің, нашақорлықтың адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға қанша қасірет әкелетіні жайлы аз айтылып та, жазылып та жүрген жоқ. Маскүнемдік пен нашақорлық қоғамның ауыр дертіне айналды. Ішімдікке әуестіктің қыз-келіншектер мен жасөспірімдер арасында кең етек алып бара жатқаны, соның салдарынан қылмыстық оқиғалардың жиілеп кеткені алаңдатады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары ішімдікті шамадан тыс тұтыну азаматтардың денсаулығы үшін ғана емес, бүкіл ұлттың болашағына төнген апат екенін жеткізді.

Темекі түтіні...

Елімізде жастар арасында көк түтінге құмартқандардың саны азаяр емес. Өкініштісі, қаракөз қыздарымыздың көшеде шылым тартып тұрғаны көзімізге үйреншікті жайт болып бара жатқаны жасырын емес. Тіпті, нәзік жандыларға арналған түрі жіңішке, дәмдері әртүрлі қоспалармен байытылған темекі түрлері де көптеп кездеседі. Әрине, көк түтінге әуестенушілердің санының артуына бұл да бір себеп. Мәселен, темекінің бағасының қымбаттағанын өте сирек естиміз. Тіпті, айтарлықтай анағұрлым өзгеріс те жоқ. Тұрмыстық заттар, азық-түлік қымбаттап жатқанда темекі бағасының көтерілмеуінде құйтырқы саясат жатқандығына дауымыз жоқ. Өйткені мол табыс түсіріп отырған темекі фабрикалары тұтынушыларынан айрылғылары келмейді. «қауіпті ермектің» құнын қымбаттатсақ, біршама адамның өмірін аман сақтап қалуға мүмкіндік алар едік. Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде 12 жастан асқандар арасында темекі шегу әдеті кең тарап отырғанын байқауға болады. Жалпы, елімізде 4,5 миллионға жуық азамат шылым шегетіні анықталған. Темекінің түтінінен әлемде әр 6 секунд сайын бір адам, яғни, әр сағат сайын 600 адам көз жұмады екен. Бұл – жылына 5-5,4 миллион адамның өмірін алады деген сөз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжауынша, 2030 жылы темекінің құрбандары 8-10 миллионға дейін жететін көрінеді. Зерттеулер бойынша, темекі түтінінің құрамында 30-дан астам улы заттар: никотин, көмірқышқыл газы, көміртек тотығы, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар бар екені анықталған. Шылым шегудің туберкулез ауруына соқтыратыны да анықталды. «Зиянды әдеттерден халықты алшақтатамыз» деп дәрігерлер әуре. Тіпті, арнайы мемлекеттік бағдарлама, заң да қабылданды. Қыруар қаржы бөлініп, «Сала- уатты өмір салтын қалыптастыру» орталықтары ашылды. Бірақ атқарылып жатқан шаралардың ықпалы әзірше сезілмейді. Ішімдікке, темекіге, есірткіге әуестенушілер саны жыл өткен сайын өсіп барады. Ал, жастардың дені сау, ұрпағы таза, рухы биік болуы үшін шылым шегуге қарсы күресті күшейту қажет.

Ғаламторға телмірген жастар

Таңертеңнен кешке дейін интернетте телміріп отырған жастарды бұл күндері жиі кездестіретін болдық. Ғаламтордың зияны туралы әлем ғалымдары дабыл қағуда. Біріншіден, мониторға ұзақ уақыт қараудың салдарынан адамның көз жанары құрғап, көру қабілеті нашарлайды. Сіресіп отырғандықтан омыртқа зақымданып, сколиоз, кифоз ауруларына шалдығады. Жаңа технологиялар адамның жасушаларына қауіп төндіріп, қатерлі ісік ауруының туындауына себеп болады. Екіншіден, ғаламтор жастардың көп уақытын алады. Олар көптеген қоғамдық жұмыстардан шет қалады. Үшіншіден, ғаламтор жастарды еріншектікке дағдыландырады. Төртіншіден, жастар жасандылыққа бой алдыруда. Мәселен, аты-жөнін өзгертіп, өзінің суретінің орнына өзге бейнені салатындар көбейді. Не болса соны жазып, жалған мәліметтерді жариялайтындар көп. Тіпті, қазір жастардың кеш үйленуіне де ғаламтор зиянын тигізуде. Статистикалық мәліметке сүйенсек, қазір Қазақстанда жасы 25-тен асқан бойдақтар саны 3 миллионнан асады екен. Соның ішінде қыздардың 28,2%-ы, жігіттердің 39,6%-ы бойдақ болып өмір сүреді. Бесіншіден, ғаламтор арқылы мінез-құлық бұзылады. Бұған дәлел, бұрындары халық ән-күйлерін тыңдайтын балалар мен жасөспірімдер қазір компьютердегі шетелдің ырду-дырду әуендерін естіп, түкке тұрмайтын ойындарын қызықтайды. Атыс-шабыс, қан төгу және жауыздық арқау болған ойындар бала психологиясын бұзады. Ойынның мазмұны, әдіс-тәсілдері баланың миында сіңгендіктен, ол қылмысқа да баруы әбден мүмкін. Тіпті өтірік ақпарат берілсе, соған сенеді. Ғаламтордағы келеңсіз көрсетілімдерден кейін күйзеліске ұшырап, жүйке дертіне ұшыраған жастар көп. Мұндайлар тез ашуланады, айтылған ақылды қабылдамайды. Демек, баланы компьютерден қорғау да қазір басты мәселеге айналды.

Тәтті сусынның залалы

Еліміздің нарығында «Дизи», «Редбул», «Монстер» секілді энергетикалық сусындар еркін сатылуда. Жастар да, мектеп оқушылары да осы бір «сиқырлы сусынға» әуестеніп алған. Ұйқыны ашып, күш беріп, сергек жүруге көмектесетін сусын әсіресе балалардың ағзасына өте зиянды. Оған дәлел, энергетикалық сусындарды жиі пайдаланатын мектеп жасындағы балаларды тексергенде, олардың бауыры 35 жастағы маскүнемнің бауырымен бірдей болатыны анықталған. Бұл улағыш сұйықтықты балалар көп ішсе, жастайынан түрлі ауруларға шалдығады екен. Жүрек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, бауыр, тіпті қатерлі ісікке апаратын мұндай сусындарды пайдаланбаған жөн. Бұл сусындар бастапқыда спортпен шұғылданатын адамдарға белгілі бір күш-жігер қажет болғанда қолдану үшін ұсынылған болатын. Алайда, аталған сусынды жиі пайдаланғандардың ойлау қабілеті тежелетіні анықталды. Ұрпақ болашағын, ұлт келешегін ойласақ, жастардың тәрбиесіне, ішетін сусынына, айналысатын кәсібіне мән беретін кез келді.

Түйіндей келе айтарымыз, қоғамдағы кемшін тұстың бірі – жастардың өз ұлтының құндылықтарынан гөрі, өзге елдің арзанқол дүниесіне құмартып жүргендігі болса керек. Келеңсіз істерге тосқауыл қою үшін ұлттық идеология керек. Ұлттық мәдениеттен жұрдай ұрпақтан халықтың қасиеті мен мүддесін қорғайтын азаматтар шықпайды.


Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz