18-29 жас арасындағы жастар үшін жаңа мүмкіндік беріп отырған бұл жобаға павлодарлық жастардың қызығушылығы ерекше. Аз ғана уақыт ішінде Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға 400-ге жуық жобамен 2000-нан астам жас өз өтінімін қалдырған.

- Аталмыш жобаға өтінімдер қабылданады деген күннен бастап студенттер мен жұмыссыз жүрген жастар өз жобаларымен көптеп келіп, қатысуға ниет білдірді. Яғни, жастардың белсенділігі өте жоғары болды. Жаңа кәсіп ашамын деген талай жасқа жол ашатын бұл бағдарлама еліміздегі 4 қалада жұмыс істеуде. Олардың қатарында Павлодар, Алматы, Қарағанды мен Оңтүстік Қазақстан облыстары бар. Өтінімдерді қабылдауда біздің өңірдің жастары белсенді болғанын атап өткен жөн. Қазіргі таңда барлық ұсыныстар іріктелу үстінде. 1 шілде күні нақты қорытындысы шығады. Грантты ұтқан жастар 1 тамыздан бастап 3 топта жұмыс істейтін болады. Мұнда «А» тобына түскен қатысушылар грантқа ие болып, қосымша жобасын жүзеге асыруда бағыт беретін маманның дәрісін тыңдайды. «В» тобына бөлінгендер грантты алып, өз жұмысын бастай береді. Ал «С» тобындағылар тегін оқыту курсынан өтуге мүмкіндік алады, - дейді облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ақпараттық талдау бөлімінің бас маманы Жұлдыз Молдабекова.

Жобаға қатысып, бағын сынаушылардың бірі Меруерт Иманғазинова бастаған топтың ұсынған бағдарламасы өзгеше. Олар достарымен бірлесіп, бұзық балалармен жұмыс істейтін арнайы орталық ашуды көздеп отыр.

- Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда елімізде тентектікпен жиі қылмыс жасайтын балалардың саны артып келеді. Олардың мәселесін тыңдап, ішкі психологиясына көңіл бөліп, кез келген уақытта қолдау көрсететін орталықтар жоқтың қасы. Бізге ұсынылған мүмкіндікті пайдалана отырып, қиын жағдайға тап болған балаларды қолдап, оларға дұрыс жол көрсететін орталық ашсақ деген ойымыз бар. Ұйымдастырушылардың жауабын күтіп жүрміз, - дейді жобаға қатысушы М.Иманғазинова.

Осы жылы алғаш рет қолға алынған тың жобаға еліміз бойынша 3000 жасты тарту жоспарланған.

- Бұл жобаның 3 жылға жалғасатынын ескерсек, қаты-сушылар санын 8500-ге дейін жеткізу ойымызда бар. Мұнда әлеуметтік маңызы бар деген жобалар таңдалып алынады да, 1 млн. теңгеге дейін гранттар беріледі. Жалпы, жоба 5 ай ішінде жүзеге асырылуы шарт. Осы орайда айта кетерлігі, жобаға топтық немесе жекелей қатысуға болады. Яғни, топтық жобада үштен беске дейінгі жастардан құралған топ атсалыса алады. Осы уақыт аралығында жоба авторларына шәкіртақы тағайындалды. Мұнда жоғарғы оқу орнын оқымаған жас адамға 25 мың теңге, ал оқуынан немесе жұмысынан сұранып, осы жоба үшін арнайы келгендерге 65 мың теңгелік шәкіртақы беріледі, - дейді үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким.

Бүгінгі таңда 4 мыңнан астам жастың жұмыссыз екенін ескерсек, бұл жобаның жеке кәсіп бастасам деген талай адамға өз аяғынан нық тұруға жол ашып берері сөзсіз. Ең бастысы, берілген мүмкіндікті мүлт жібермей, өз пайдасына жарата білетіндер қатары көбейсе болғаны.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz