Бөден қалай ақын болды?

Бөден ол кезде облыстық газетте корректор болып істейтін. Бірден редакцияның аппаратына алып, әдебиет бөліміне жегіп қоюға жарарлық таланты да бар еді, орын болмай уақытша типографияға «тігіп» қойған.

Кей күндері әдебиет бөлімінде көркем сөзді таразылап отырған «билерге» жаңа жазылған өлеңінің кіндігін кестіріп алуға келеді. Онысы мұндағы ақындарға ұнамайды. «Айтылып жүрген ой, жауыр болған ұйқас, ұсақ тақырып» деген секілді айып тағылып Бөден ағасына қайтарылады. Ал, әлгі ақылшыларының өлеңі болса күнде шығып жатады, - қырып тұрған ештеңесі жоқ.

Бір күні баспаханада газет шығарып жүріп Бөденге бір ақылды ой келді. Дереу телефонға жүгірді. Саусақтары селкілдеп редактор үйінің нөмерін теріп жатыр.

- Алло, Әбеке, мен ғой, Бөден. Мына газеттің үшінші бетінде орын қалып, елу жолдық хабар таба алмай отырмын.

- Шырағым-ау, мен үйде мақала байлап отыр деймісің бе? Жоқ, әлде жарым түнде мені мақала жазып отыр деп пе едің? Запаста не бар екен?

- Запасыңызда - кілең көлдей материал. Енді не істедік? Газетті қуыс қалдырып қалай шығарасың? Елу жолдық ештеңе жоқ па?

Әрине, бұл тұста редактор қатты қиналғаны сөзсіз.

- Менің бір жүз жолдық өлеңім бар еді... - дейді Бөден өзінше «қажет ашып».

- Не жайлы еді өлеңің? - редактор даусында қуаныш реңі бар.

- Туған жер, екіншісі шешем жайлы.

- Ендеше туған жеріңді қоя тұр да, шешең жайлы өлеңіңді сал, - деді редактор қуанып.

- Жақсы, аға, сүйтемін онда, - Бөден де мәз болып. Сонымен ертесіне газеттің үшінші бетінде Бөденнің «Анама» деген өлеңі жарқ ете қалады.

Арасына ай аралатып, ұмыттырып барып Бөден жарым түнде редактордың орынбасарына телефон соғады.

- Аға, мен ғой, Бөден. Жүз жолдық материал таба алмай, газеттің үшінші бетінде қуыс қалып тұрғаны. Не істейміз?

Бұл кісі де қиналады.

- Шырағым-ау, есің дұрыс па? Менің қалтамда мақала жүр деп ойлайсың ба? Запаста не бар екен?

- Дым жоқ.

- Енді қайттік?

- Менің бір өлеңім бар еді.

- Не деген өлең?

- Отан, туған жер жайлы.

- Отан деген өлеңіңді ертең оқып көрерміз, туған жер жайлы болса сал, енді өлеміз бе?

- Сүйтпесек, басқа дайын ештеңе жоқ, - дейді Бөден.

Ертесінде кеңседе шаң-шұң болып жатқаны. Бөденнің онда жұмысы жоқ, газетте баданадай әріппен жазылған «Туған жері» тұрды.

Міне, Бөден осылай ақын болып алды.


Оспанхан ӘУБӘКІРОВ.

 

 

Белгілі бір бастық көкеміз жүргізушісіне жаны ашып, өзі не ішсе оған да соны ішкізіп, өзі қандай үйде тұрса, оған да сондай үй салып беріп, барлық жағдайын жасапты. Бір күндері жүргізуші жұмысқа келмей қалатынды шығарыпты. Бастығы оның үйіне барса, ол жайбарақат теледидар қарап, шай ішіп жатыр екен. Бастығы:
- Хал-жағдайың қалай, ауырып қалған жоқсың ба?
- Басеке, бәрі де жақсы, ауру-сырқаудан аманмын...
- Онда неге жұмысқа шықпай жүрсің?
- Басеке, бар жағдайымды жасадыңыз ғой. Енді өзіме бір жүргізуші жалдасақ қайтеді, - депті.

***

Бір жігіт мейрамханаға барыпты. Даяшы қыз келiп:
- Не қалайсыз? - дейдi.
Жiгiт болса:
- Бiр стакан су және бiр тiлiм нан, - дептi.
Сөйтсе даяшы қыз:
- Бұл мейрамхана ғой! Бұл жерде үлкен тапсырыстар беру керек! - дейдi.
Сонда жiгiт:
- Онда маған бiр шелек су мен бiр таба нан берiңiз! – деген екен.

***

Қожанасыр такси жүргізушісіне жол ақысын төлеуді ұмытып кетеді. Сонда жүргізуші:
- Жол ақысын төлеуді ұмытып барасыз? - дейді.
- Қанша?
- 400 теңге.
Қожанасыр қалтасынан 200 теңге алып жүргізушіге ұстатады. Жүргізуші түсінбей:
- Мынауыңыз не? Қызықсыз. Санау білесіз бе? 400 теңге төлеу керек.
Ал Қожанасыр болса:
- Қайта сіз қызықсыз. Бірге келдік пе, бірге төлеуміз керек, - деген екен.

 

 

Қалайсыз, журналист мырза?!

- Қалыңыз қалай, журналист мырза?! Мойынын галстук қылғындырған талай шенеунікті сұрақтың астына алғанда жаныңыз кіруші еді. Сұхбат беруден қашқақтағандарды көрсеңіз кәмпит жемеген баладай ренжитінсіз. Ендігі кезек сізге де келді. Осы сауалды қоямын деп өмір бойы қыр соңыңыздан қалмай келе жатырмын. Отбасы, ошақ қасыңыз аман ба?

- Иә, аман-есенбіз. «Даласы бар – күйі жоқ, қаласы бар – үйі жоқ» журналист деген ел боламыз. Айлығымыз да, байлығымыз да – қалам.

- Ойбай-ау, не деп кеттіңіз? Олай деп налымаңыз. Үй мен күй шешілмейтін мәселе емес қой. Басы бар, миы жоқ адамдардан қарағанда бақытты жансыздар ғой. Елдің қамын жеп жүрген сіздей ұлдан ұлты неге айналып кетпеске?

- Қарапайым халық бізді жақсы көреді. Біз дегенде «өледі». «Журналист келе жатыр» деп, ерекше көңіл бөледі. Ал енді «сезікті секіреді» дегендей қазынаға қол салғандар, қол салғанда да мол салғандар бізді көрсе жақтырмайды. «Жүрмейтін жерлерің жоқ» деп сөгеді.

- Қай заманнан бері тілшілер жер бетінде тіршілік етеді?

- Жер жаралғаннан бері.

- Қалай сонда?

- Біз Адам Ата, Хауа Ананың тікелей ұрпағымыз. Соларға тартқанбыз.

- Түсінбедім?

- Адам Ата мен Хауа Ана жұмақтан «жеме» деген нәрсені жеп қойғаны үшін қуылды. Ал біз «деме» деген нәрсені деп қоятынымыз үшін қудаланамыз. Осыдан артық қандай дәлел керек сізге?

- Дұрыс-ақ екен. Төл мерекеңіз қарсаңында арманыңызды айтыңызшы!

- Арманым - елім мен жерім тыныш болса. Басына құт пен ырыс қонса. Денсаулығы құрыш болса. Тізгін тартқан көкелердің ниеттері дұрыс болса. Ешкім пара алмаса, жамандыққа бармаса, журналистер жазатын жақсылықтан басқа ештеңе қалмаса деймін.

- М-ә –ә- ә, тілекті «өлтіреді» екенсіз!

- Кешіріңіз, тілегім қандай пәк болса, жүрегім де сондай ақ. Қарапайым халық бізді «төртінші билік» деп төбесіне көтереді. Бірақ біз креслода шалқайып жатуды қаламаймыз. Мақсатымыз – ат пен тақ емес. Қазақтың басына қонатын баянды бақ.

- Айтпақшы, сізге айтар бір өтінішім бар. Жаңалық іздегенде табаныңыз жерге тимейді ғой. Сондайда сізге ілесе алмай аяғым талып кетеді. Аздап баяу жүрсеңіз қайтеді.

- Сіз сонда менің қыр соңымнан қалмай жүрсіз бе? О, заманда бұ заман журналистен сұхбат алған жанды бірінші рет көруім. Кімсіз өзі?

- Сізбен тілдесуге екінің бірінің батылы бара бермейтінін өзіңіз де білесіз. Мен сіздің көлеңкеңізбін ғой, аға! Аяғым талып кетті, үйге қайтайықшы.

Сұхбаттасқан – Журналистің Көлеңкесі.

 

 

Қасқыр мен журналист

Журналист деген жан екен,
Қасқыр дейтін аң екен.
Әйтсе де, осы екеудің,
Ұқсастықтары бар екен.
Журналистікі шебер көз,
Қасқырдікі өлер көз.
Екеуіне арналған,
«Жүрген аяққа тынымсыз,
Жөргем ілігер»,- деген сөз.
Журналист «сөздеріммен соям» дейді,
Қасқыр өз «құрбандығын жоям» дейді.
Журналистің кірпігі ой аңдиды,
Ал, қасекең күн-түні қой аңдиды.
Екеуі де өлшеніп талабымен,
Өмірді таниды екен жанарымен,
Қасқырлар «мал» табады табанымен,
Журналист «нан» табады қаламымен.
Қасқырлар ежелден-ақ «бұзық» екен,
Журналистің ғұмыры «қызық» екен.
Қасқыр тілі сидиған «қызыл» екен,
Журналистікі одан да ұзын екен.
Журналист сөзбен атқан «құралайды»,
Қасекең көзбен атқан құралайды.
Журналистер шындықты сыналайды,
Қасқыр деген «сұмдықты» сығалайды.
Сондықтан да қасқыр мен журналистер.
Ешқашан да жұртына ұнамайды.


Олжас ҚАСЫМ.

saryarka-samaly.kz