Бұл жолы «Ертіс толқыны» 8 команданың басын қосты. Қалжыңдарын арқалап келгендердің қатарында Астана, Алматы, Қарағанды, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола облыстарының жастары бар. Аталмыш додаға командалар тыңғылықты дайындықпен келген. Ойын барысында қоғамдағы мәселелерді қамтып, елдегі ахуалды тұшымды, ұтымды әзілдерімен жеткізе білді.

Қазақстан КВН Одағының Президенті Есен Елеукен әзіл арқылы қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттарды кейде сынмен, кейде астарлы оймен жеткізе білу кез келгеннің қолынан келе бермейтін айтады.

- Командалар әрбір ойынға барынша дайындалады. Олардың арасында халықтың көкейіндегі түйткілді мәселелерді әдемі әзілмен сахнаға алып шыққанда жұрт қуана қол соғатын, тіпті өз көрермендерін қалыптастырып алған командалар да бар. Мұнда келген көрермен ең бірінші риясыз күлкіге бөленіп, рухани азық алғысы келетіні белгілі. Десе де, қисық сөйлеп, сол арқылы жұртты күлдірем деу дұрыс емес. Тағы айтарымыз, сахнаға шығатын дүниені таразылап, сұрыптайтын көркемдік кеңесті жандандырудың уақыты келген сияқты. Сондықтан бүгінгі командалар ізденістің арқасында салмақты да сапалы дүние шығатынын түсінсе дейміз, - дейді Е.Елеукен.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фестивалдің аудиториясы тек жастар үшін ғана емес, әзіл-оспаққа жаны әуес көрермендерге де оң ықпал етеді.

- Жайдарман ойынының қоғамда тек қана жастар көреді деп айта алмаймыз. Себебі, көрермендерінің қатарында үлкен кісілерде табылып жатады. Қазіргі таңда жайдарманның әзілдері қоғамдағы түйткілді мәселелерді астарлап, әзіл арқылы жеткізіп жүр деп айтуға толықтай негіз бар. Қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттарды әзілмен қызықты етіп, күлдіре отырып жеткізуде. Жастардың жаппай көретін бұл ойыны ең алдымен жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, ауызбіршілікті қалыптастырумен, сахнада өзін-өзін ұстай алуымен, әзіл арқылы қоғамдағы шындықтарды жеткізумен, сөйлеу өнерінің шыңдалуымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, бұл ойын қазақ тілінде өтетін жайдарман ойындарының дәрежесін жаңа сапалы деңгейге көтеруге әсер етіп, бұл ретте, мемлекеттік тілдің дамуына себепші болуда, - дейді «Шығармашылық жобалар орталығы» аймақтық жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Төлеген Айтбаев.

Дода нәтижесінде Талдықорған қаласының «Шапалақ» құрамасы жеңіске жетіп, облыс әкімінің кубогына ие болды. Екінші орын тұғырынан оралдық «Жоғарғы лига құрамасы» командасы көрінсе, үшінші орынды Семей қаласының «Элемент» жастар командасы олжалады.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz