Ләзиза Серғазина 1908 жылы 10 қыркүйекте Павлодар облысы қазіргі Ақсу ауданында дүниеге келген. Әкесі Мешітбай қажы қызы Ләзизаны шығыс философиясы мен әдебиеттерін оқыта отырып, әдебиетті сүюге баулиды. Мешітбай қажының өзі Мекке-Мәдинада оқып, Стамбул қаласында діни білім алған.

Ләзиза Серғазина 14 жасында Павлодар қаласындағы мұғалімдерді оқытатын қысқа курсқа оқуға түседі. 1929 жылы бұл курсты үздік аяқтап, өз ауылында шәкірт тәрбиелеумен айналысады. Ел тұрғындары оны ерекше құрметтеп, «мұғалім қыз» деп ат қояды. Мектепте ұстаздық ете жүріп, облыстық газеттерге мақала да жазып тұрады.

Сөйтіп, 1933 жылы қызметін Павлодар облыстық «Сталин жолы» газетінде жалғастырады. Сол жылдары Алматыдағы партия мектебінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне әдеби қызметкер болып ауысады. Біліктілігі мен журналистік шеберлігінің нәтижесінде көп ұзамай бөлім меңгерушісі ретінде қызметін жалғастырады. Ал 1950 жылдан өмірінің соңына дейін «Қазақстан әйелдері» журналында жауапты хатшы болды.

Жазушы өз қаламына қыз-келіншектердің қоғамдағы ролі мен отбасы - ошақ қасындағы бала тәрбиесінде атқарып жатқан істерін арқау етті. Жастар мәселесі мен олардың патриоттық сезімдерін оятатын тамаша мақалалар жазып, парасатты да мәдениетті, білімді де білікті болуына ықпал етті.

Өмірге ерекше эстетикалық талғаммен қарайтын Ләзиза Серғазина өзінің сүйікті жарын да таңдай білді. 1933 жылы жоғары оқу орнында оқып жүргенде танысқан қазақтың белгілі жазушыларының бірі, қоғам қайраткері әрі Қазақстан Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевпен отау құрды. Оларды сол кездегі зиялы қауым ерекше үйлесімін тапқан нағыз бақытты отбасы деп құрметтейтін. Ләзиза апамыздың жан жары шынайы махаббатын білдіріп, мынадай өлең шумақтарын арнапты.

Әрқашан өзің болдың сағынарым,
Мөп-мөлдір қасиетіңе табынды арым.
Келдің сен бақытымның ақ құсы боп,
Көркейтіп Сәрсенбайлар шаңырағын - деп ағынан жарылыпты баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде.

Ләзиза Серғазина өте қарапайым, мәдениетті, шенқұмарлыққа салынбаған адам болған. Оған бір мысал - Алматыда әйелдерге арналған «Қазақстан әйелдері» журналы ашылмақ болғанда журналдың Бас редакторы етіп журналистикадан еш хабары жоқ 20 жастағы жас коммунист Хасиба Сейітқазиеваны тағайындайды. Ал ол 20 жылға жуық журналистік еңбек өтілі бар Ләзиза Серғазинаның орны еді. Бұл қалай болған деп Ләзиза апамыздың достары әділетсіздікке реніштерін білдіреді. Сонда Ләзиза Серғазина былай деп жауап береді:

- Достарым, бұл басшылыққа өзім де құмар емеспін. Әкем қажы болғандықтан, мені басшылық қызметке жібермейді, өзім де тырыспаймын. Бірақ журналистика саласына келген жастарды тәрбиелеуге дайынмын, - деген екен.

Бұдан оның атақ лауазымнан гөрі қазақтың жас журналистеріне деген қамқорлығы мен қажырлы еңбегін әрі қазақ қыздары мен әйелдеріне деген сүйіспеншілігін аңғарамыз.

Атап өтерлігі, кезінде әкесі халық жауы аталып, қамауға алынған екен. Сол жылдарда Ләзиза Серғазинаның басына да қара түнек орнап, ол көп қиындық көреді. Әкесінен айрылса да қайсар қыз тағдырдың тәлкегіне мойымай, қиындыққа төтеп береді.

Қапаста жатып Ләзиза Серғазинаның әкесі қызының болашағын ойлай отырып былай деп өлең жазады:

Күн сайын пәле болып тұр,
Заманды не деп мінелік.
Қырыламыз ғой бір күні,
Бір күннен асса бір күні,
Қырылмаған не қалды,
Малсыз, жесір не қалды
Жығыларға тұрмыз сенделіп.
Тозамыз ғой бор болып,
Өлеміз ғой қор болып, - деп қапаланған екен.

Міне, сондықтан Ләзиза Серғазинаның алдынан «Халық жауының баласы» деген қара дақ үнемі шығып отырады. Бірақ Ләзиза осы ойға қарсы тұрып, адал еңбегімен, жазған мақалаларымен өзінің де, әкесінің де кім екенін дәлелдей біледі.

Ләзиза сол жылдары әкесінен ғана айрылып қалған жоқ. Ұлы Отан соғысы басталған кезде соңынан ерген інісі Аусат майданға алынып, соғыста қаза табады. Жан жары Әбу Сәрсенбаевты да майданға шақырады. Әбу ағамыз соғысқа аттанарда Ләзиза апамызды суретке түсіріп, фотосының бір данасын
төс қалтасына салып, өзімен бірге алып кетеді де, суреттің сыртына майданда жүргенде мынандай өлең жазады.

Қош боп тұр жарым,
Сүйікті жаным.
Айырса тағдыр өмірлік,
Келмесем кері,
Ұмытпа мені
Өмірімде өзіңдік,
Өлмеймін, бірақ жол ұзақ
Сарғайсаң да күт шырақ.

Ләзиза соғыс жылдары да журналистік қызметін тастамай, майдангерлер тақырыбына хат жазып, хабарошарсыз кеткендерге демеу беріп отырған дейді туысқаны Жүсіпова Зекен апай. Ал өмірлік жары, жазушы ағамыз Әбу Сәрсенбаев майдан даласынан Алматыға аман оралады.

Әбу Сәрсенбаев екеуі де шығарма-шылықпен айналысқандықтан, олардың үйі зиялы қауымның ордасына айналды. Белгілі әдебиетші әрі сыншы Қажым Жұмалиев, Қасым Аманжолов, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұмекен Нәжімиденов, Мұзафар Әлімбаев, Қабдыкәрім Ыдырысов сынды атақтылар келіп, бас қосатын.

Кереку өңірінен шыққан қазақтың тұңғыш журналист қызы Ләзиза Серғазинамен мен де бірнеше рет кездестім. 1970-1975 жылдары «Қазақстан әйелдері» журналына мақалаларым жиі шығып тұрды. Алғашқыда оларды хат арқылы жіберіп отырдым. Сонда осы Ләзиза апамыз маған жауап жіберетін-ді. Бірде «уақытың болса келіп кетсең қайтеді» деген хатын алдым. Қуанып кеттім. Содан ол кісімен жақынырақ танысайын деп кезекті мақаламды алып, «Қазақстан әйелдері» журналындағы Ләзиза апайымыздың алдына бардым.

Әңгіме арасында ол мақаланы қандай тақырыптарға жазу керектігін, кейіпкеріммен кездескенде қояр сұрақтар, неге көңіл бөлу, оқырманды қызықтыратын не, мақала кейіпкерінің образын ашу үшін қандай жазу стилі болу керек – осының бәрін түсіндіріп берді. Осы кездесуден кейін де тағы бірнеше рет жүздестік.

Журналистиканың өркендеуіне үлес қосып, қазақ журналист қыздарының бірегейі атанған Ләзиза Серғазинадан ақыл-кеңес алғаныма мақтанамын әрі қуанамын.

Ал ол жайында тың дүниелер жинап, естелік, мақала, кітап жазу бүгінгі ұрпақтың үлесінде дейміз.

Ғалия БАЛТАБАЙ, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері әрі Құрметті журналисі.

saryarka-samaly.kz