Облыстық білім беру басқармасының мәліметі бойынша 21-23 маусым аралығында 10 пунктте өткен тестілеу шарасына 2 546 түлек қатысты. Облыс бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші - 91,76 балл.

Айта кетерлігі, өткен жылы павлодарлық түлектер тестілеуден 88,2 балл алса, биылғы көрсеткіш одан едәуір жоғары, дейді мамандар.

Сонымен, бұған дейін хабарлағанымыздай, қалалар арасында Павлодар шаһарының мектеп бітірушілері көш бастады. Ал аудан мектептерінің арасында Шарбақты, Качир, Ертіс, Ақтоғай аудандарының түлектері үздік нәтиже көрсетті. Мамандандырылған мектептер арасында әдеттегідей «Жас дарын», №3 гимназия, Абай атындағы №10 лицей-мектебі, облыстық дарынды балаларға арналған көп салалы лицей-интернатының бітірушілері алдыңғы орыннан көріне білді.

Қуантарлығы, аймақ түлектерінің 1 033–і, яғни, 42,5 %-ы 100-ден жоғары ұпай жинап, он бір жыл бойы алған білімдерін абыроймен ақтай білді. Өкінішке қарай, 132 бітіруші (5,4%) сыннан сүрінді, яғни, шекті деңгейден өте алмады. Сондай-ақ, ҰБТ кезінде талапкерлер тарапынан апелляциялық комиссияға 17 өтініш түсіп, оның 13-і қанағаттандырылды.

Нұржайна ШОДЫР
Павлодар қаласы.

Көш басында!

Биылғы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша Павлодар қаласының түлектері жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Қалалық білім беру бөлімінің хабарлауынша, шаһардағы 37 мектептен 682 түлек тестілеуге қатысып, бақ сынады.

Екі күн қатарынан өткен тестілеу нәтижесі бойынша қалалық түлектердің 346-сы (55%) 100-ден жоғары балл жинап, облыс көлемінде алдыңғы саптан көрінді.

Атап өтерлігі, ең жоғары ұпайды №16, №11, №35 және №39 мектептің бітірушілері еншіледі. Сондай-ақ, 30 мектептің түлектері ҰБТ-дан жоғары балл алып (81%), облыстық көрсеткіштен асып түсті. Ал шаһардағы білім ордаларының арасында №29 (115, 8 б.), №20 (112, 8 б.), №7 (111, 8 б.), №34 (110, 6 б.), №13 (108, 2 б.), №39 (108, 1 б.), №25 (104, 7 б.), №16 (104, 5 б.) мектеп түлектері жоғары нәтиже көрсетті.

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz