«СтройБиоРесурс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Маралды көлінің жағасын дамыту жұмыстарын өз қолына алды. Компания басшылығы жасанды топырақ үйіндісін, ағаш жол жасап, көл жағасында жатуға арналған арнайы құралдарды орнатты. Оған қоса, туристерге шағын дәмхана қызмет көрсетеді. Жуық арада тағы да тамақтану орындары мен би алаңын ашпақ ниетте.

- Бұған дейін демалушылар көлден шыққан соң шайыну үшін арнайы су әкелуге мәжбүр болса, бүгінгі күні бұл мәселе шешілді. Жағажайда душ кешені қойылып, турис-терге оңтайлы жағдай жасалды. Таяуда емдеудің түр-түрін қамтитын емдеу-сауықтыру курортының жұмысын бастау ойда бар, - дейді «СтройБиоРесурс» ЖШС директорының кеңесшісі Дүйсембай Дүйсенов.

Бірақ кәсіпкерлерге қолбайлау болған мәселенің де бары анықталды. Компания балалардың жағажай аумағында уақыт өткізуіне арналған аттракцион сатып алған көрінеді. Десе де, оны іске қосу мүмкін болмай отыр. Себебі, ол үшін қуаттылығы кем дегенде 57 кВт болатын электр энергиясы керек.

- Курорттық аймаққа жарық өткізуге қатысты жоба дайын. Оны жүзеге асыруға шамамен 30 млн. теңге қаражат қажет, - дейді компания өкілдері.

Облыс әкімі Болат Бақауов қысқа мерзім аралығында электр беру желілерін тарту механизмдерін қарастыруды тапсырды.

- Көл жағасында демалыс аймағының ашылуы Маралды ауылының дамуына оң әсер беруі тиіс. Кәсіпкерлер көл жағасын дамытуға қатысты сөзінде тұрып, бүгінде көзге көрінерлік нәтижеге қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасуы керек, - деді Б.Бақауов.

Айта кетелік, сенбі-жексенбі күндері Маралды көлінде шамамен 2 мың адам демалады. «СтройБиоРесурс» ЖШС өкілдері көріктендіру жұмыстарын аяқтаған соң, келушілер қатары бұдан да көп боларына сенімді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz