Өндірушілердің айтуына қарағанда, жаңа модульдік қазандықтың артықшылығы көп. Жұмысы автоматтандырылған. Онымен қоса, небары екі айдың ішінде тұрғызылған. Үнемділігін ерекше атап өткен жөн. Жылуды ұзақ уақыт ұстап тұра алатын қасиетіне байланысты онда типтік қазандық-тарға қарағанда бірнеше есе аз көмір жағылады.

- Салыстырып қарар болсақ, біздің қазандықтарға бір қысқа 200 тонна көмір жетеді. Көмірдің орташа құны тоннасына 7 мың теңге десек, шамамен жылыту маусымына 1,5 млн. теңге жұмсалмақ. Ал ескі қазандық дизель отынымен жылытылған. Және 4 млн. теңгенің отыны жағылатын. Тиімділігі айтпаса да түсінікті, - дейді «Баском» ЖШС директоры Берік Кенжеғозин.

Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов Ленин кентіне жаңа қазандық салудың маңыздылығын атап өтті.

- Бұл талайдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе еді. Ескі қазандық мектеп ішінде орналастырылған. Ол қауіпсіздік талаптарына қайшы келеді. Өрт сөндіру қызметінің мамандары жылдар бойы осыны ескертумен келді. Алайда қазандық салу оңай дүние емес. Кемінде 50 млн. теңге қажет. Осы орайда «Баском» ЖШС ерекше ұсыныс айтып келді. Олар бір қазандықты тегін орнатып беруге келісті. Жобаның құны небары 18 млн. теңге, - деді шаһар басшысы.

Жалпы, Ленин кентіндегі №31 мектепте де осындай мәселе бар. Мұнда да қазандық білім ошағында орналасқан. Егер жаңа модульдік қазандық өз тиімділігін дәлелдер болса, онда жоғарыда аталған екінші мектепке де осындай қазандық орнатылуы мүмкін. Ол мемлекеттік байқау арқылы жүзеге асырылады. Бірақ «Баском» ЖШС ұсынып отырған өнім әрі бірнеше есе арзан, әрі үнемді екенін ескерсек, таңдаудың нақ осы кәсіпорынға түсеріне күмән жоқ.

Атап өтерлігі, жаңа модульдік қазандықтың қуаты 400 кВт-ты құрайды. Ал жоғарыда аталған мектепте 230 бала оқиды. Қазандық осындай тағы бір мектепті жылытуға қауқарлы. Серіктестік мұндай жобаны үшінші жыл қатарынан жүзеге асыруда. Алайда облысымызда алғаш рет Ленин кентінде орнатылды.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz