«Ертіс Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің белсенді жастарының бастамасымен Павлодарда қала күніне орай тұңғыш рет бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында ережесіз жекпе-жек түрі панкратион (традишн) бойынша облыстық чемпионат өтті. Айта кетерлігі, бұл турнир республика көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Додаға облыстық «Сарыарқа самалы» газеті, «Халық радиосы» және Рavlodarnews.kz тілшілері, облыстық «Регион kz.» газетінің өкілдері, сондай-ақ, «Қазақстан Павлодар» телеарнасының, Май аудандық газетінің және басқа да журналистика саласының қызметкерлері қатысып, бақ сынасты.

Сайысқа арнайы қатысқан Панкратионнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Еуразияның екі мәрте күміс жүлдегері Айбекабдулла Есімбай қатысушыларға сәттілік тіледі.

Төрт салмақ дәрежесі бойынша сайысқа түскен БАҚ өкілдері 3 минуттан тұратын екі раундтық жекпе-жек өткізді.

Жұдырықтасқан журналистер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің қызметкері Абылай Күнғожаға тең келер ешкім болмады.

70 келі салмақтағы бәсеке өте тартысты болды. Қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңген «Сарыарқа самалы» газетінің беттеушісі Ерболат Масығап чемпион атанды. Екінші орын Аймерген Қуанышқа бұйырса, үшінші орынды Рavlodarnews.kz сайтының тілшісі Тілеуберді Сахаба иеленді.

80 келі салмақ дәрежесінде ерекше көзге түсіп, дүйім елдің делебесін қоздырған «Регион.kz» газетінің жауапты хатшысы Жарқынбек Амантай топ жарды. Бұл салмақта «Сарыарқа самалы» газетінің журналисі Данияр Жұмаділ екінші орыннан көрінсе, үшінші орынды «Қазақстан Павлодар» арнасының видеооператоры Нияз Смағұл қанағат тұтты.

Ал ең ауыр +90 салмақ дәрежесіндегі алпауыттардың арпалысы турнирдің көркін қыздыра түсті. Май ауданы «Шамшырақ» газетінің тілшісі Мейрамбек Қызырұлы басқалардан басым екендігін шаршы алаңда дәлелдеді. Екінші орынға «Қазтелерадио»  қызметкері Олжас Займолда, үшінші орынды «Сарыарқа самалы» газетінің намысын қорғаған Фархат Әміренов қанжығалады.

Сондай-ақ, «Жеңіске деген құштарлығы үшін» аталымы бойынша «Ертіс Медиа» ЖШС қызметкері Руслан Аушахманов пен «Сарыарқа самалы» газетінің фототілшісі Дархан Өмірзақов,  «Үздік техникасы үшін» Pavlodarnews.kz сайтының тілшісі Абзал Қабдраш, «Халық радиосының» тілшісі Айбек Оралхан және «Регион.kz» газетінің бұрынғы беттеушісі Тұрлыбек Амантай марапатталды.

Айта кетерлігі, аталған облыстық чемпионат «Сарыарқа самалы» газеті мен Панкратион және Грэпплинг бойынша Павлодар облыстық федерациясының, «Абылай» жекпе-жек спорт клубының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Аталмыш спорт түрінен федерация президенті Алтынбек Рысжановтың айтуынша, жігіттердің жеңіске деген құштарлығы жоғары болды.

- Бұл шараға барлығы 17 азамат қатысты. Бәрі де өз еріктерімен келіп, сегіз бұрышта өнерлерін ортаға салды. Бүгінгі қоғамда «жекпе-жек өнері тек спортшыларға ғана тән» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Менің ойымша, ел ертеңіне алаңдайтын кез келген азамат алдымен өзін-өзі қорғауға қауқарлы болуы керек. Бұл бастаманың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан бұқаралық спортты дамытуға да тигізер үлесі зор деп білемін. Алдағы уақытта аталған шараны дәстүрге айналдыру ойда бар, - деді Алтынбек Рысжанов.

Сонымен қатар, осы чемпионаттың өтуіне Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Естай атындағы мәдениет сарайы  қолдау білдіргенін атаған абзал.

- Жігіттерге дүйім жұрттың алдына шығып төбелесу оңайға соқпағаны анық.  Спорт адамның денсаулығын нығайтып, өмірге деген құлшынысын арттырады ғой. Бұл - шығармашылықпен айналысатын адамдарға ауадай қажет дүние деп ойлаймын. Алғаш рет ұйымдастырылса да, шара ойдағыдай өтті деп айта аламын. Алдағы уақытта игі бастаманың ауқымын кеңейтуге күш салатын боламыз, - дейді  аталған спорт түрінен облыстық федерацияның вице-президенті Нұрлан Әбетжанов.  

Турнирге қатысуға ниетті білекті де жүректі журналистердің қатары келер жылы көбейе түседі деген үміттеміз.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz