Өз алаңында бұған дейін серб жігіттерімен тең ойнаған «Ертістің» ойыны Белградта жүріп кетер деп дәмеленген еді көпшілік жанкүйер. Жоқ, болмады. Жан алысып, жан беріскен матчта алаң иелері біздің жігіттердің тегеурініне шыдас беріп қана қоймай, кездесу ортасына қарай тізгінді толықтай өз қолдарына алды. Бас бапкер Димитар Димитров команда құрамын алғашқы кездесудегідей қалдырған екен. Сондықтан болар, біздің футболшылардың ойын мәнерінде пәлендей өзгеріс байқалмағаны да шын. Кездесудің 10-минутында Митчелл Дональд есеп ашса, Славолюб Срнич екінші кезеңнің ортасында нәтижені еселеді. Ертістіктер қанша тырысқандарымен, қарсыластары доп соғуға мүмкіндік бермеді. Осылайша жерлестеріміз Еуропа лигасындағы үшінші іріктеу кезеңіне өте алмады. Қос ойынның қорытындысы – 1:3. Қош бол, Еуролига...

Атап өтерлігі, жауапты кездесу өткен түні Павлодарда Орталық жағалаудың төменгі бөлігінде екі үлкен экран қосылып, қала тұрғындары сүйікті командасына қолдау көрсетті. Матчты тамашалау үшін 500-ге тарта жанкүйер жиналды.

Еуролиганың келесі кезеңіне алматылық «Қайрат» та өте алмады. Албанияда «Скендербеу» клубына 0:2  есебімен есе жіберіп, тауы шағылды. Ал Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп жатқан елорданың «Астана» клубы бұған дейін латвиялық «Спартакты» қос ойын қорытындысында 2:1 есебімен жеңіп, лиганың үшінші раундына шыққаны мәлім. Алда оларды польшалық «Легия» күтіп тұр.

«Астанаға» жеңіс тілейміз!

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz