Кенішке оң баға берді

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев алдымен Бозшакөл кен-байыту комбинатында болып, ондағы өндірісті модернизациялау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Бұл – әлемдегі ірі металлургиялық кешен. Кен өндірісін кеңінен дамытып отырған кәсіпорын еліміздегі металлургияның бастауы болып табылады.

Үкімет басшысына кәсіпорынды жобалық қуатына шығару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. «Kaz Minerals PLC» басқарма төрағасы Олег Новачуктың айтуынша, Бозшакөл кен-байыту комбинатын модернизациялау шарасы биыл аяқталады. Нәтижесінде зауытта катодты эквивалентпен алғанда 100 мың тонна мыс өндірілмек. Жоба аясында 1500 жұмыс орны құрылған. Мұндай деңгейдегі кәсіпорын үшін бұл үлкен көрсеткіш емес. Десе де, жоспарланған жұмысшылар санына қарамастан, өнімділік көлемі Қазақстандағы өзге мыс өндіретін зауыттармен салыстырғанда 15 есе жоғары. Бұл соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтар мен озық технологияның арқасында мүмкін болып отыр. Бірегей кеніштегі жұмыс халықаралық талаптарға сай автоматтандырылған.

Бозшакөл кен-байыту комбинатының мүмкіндіктері таң қалдырады. Кеніште жылына 30 млн. тонна кен игеретіндей қауқары бар. Мұндағы мыс қоры 4,4 млн. тоннаны құрайды. Яғни, орташа есеппен алғанда 40 жылға жететіндей қор бар. Жобаның жалпы құны 2,15 млрд. АҚШ доллары. Бүгінде кәсіпорын өз өнімдерін еліміздің өзге аймақтарына  ғана емес, шетелге де экспорттауда. Бұл ретте, кеніштің басты тұтынушысы Қытай елі болып табылады.

Атап өтерлігі, мұнда қызмет ететін мамандардың 95 пайызы облыс тұрғындары. Үкімет басшысы Б.Сағынтаев кен-байыту комбинатының жұмысына оң бағасын берді.

Кластер кеңейіп келеді

Үкімет басшысы Екібастұз қаласындағы машина жасау кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Алдымен, осыдан бір жыл бұрын ашылған, жобалық құны 11 млрд. теңге тұратын «R.W.S.Wheelset» ЖШС-іне аялдады. Аталмыш компания кеншілер шаһарында кейінгі кезде өркен жая бастаған теміржол кластерінің бір тармағы десе болады. Серіктестіктің директоры Александр Слободовтың мәлімдеуінше, жаңа кәсіпорын бүгінде білікті мамандар ұжымын қалыптастырып үлгерген. Іске қосылған күннен бері жалпы сомасы 1 млрд. теңгенің 4 мың теміржол білігі мен 400 жұп дөңгелек шығарған. Бір сөзбен айтқанда, тұтынушысы бар. Әрі шығаратын өнімдері сұранысқа ие. Тауардың арнайы сертификаты бар. Бұл дегеніңіз, сертификаттан өткен өнімді ТМД елдеріне жөнелтуге де жол ашық. Мамандар жұп дөңгелек пен теміржол біліктері вагондардың ең негізгі бөлшектері болғандықтан, әрбір тауардың сапалы шығарылуына көңіл бөлеміз, дейді. Бүгінде өнімін Қазақстан нарығы бойынша петропавлдық кәсіпорын мен Екібастұздағы «Вагон жасау комбинатына» жөнелтуде. Жобалық қуатына, яғни, жылына 42 мың теміржол білігі мен 20 мың жұп дөңгелек шығаруға әзірге жеткен жоқ. Ал негізі, өндіріс көлемін кәсіпорынның жобалық қуаттылығына дейін арттыруға қауқарлы. Бірақ, ол үшін тұтынушылар қатарын көбейту қажет, дейді директор. Мұнда 2018 жылдың соңына дейін тапсырыс бар. Нақтысы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ 14 мың қос дөңгелекке кепілді тапсырыс берген. Бұл тапсырыс өндіріс көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бермек. Сәйкесінше, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бүгінде мұнда 120 адам еңбек етуде. Биыл қыркүйектен бастап жыл соңына дейін 100 шақты қызметкер қабылдау жоспарланып отыр.

- Компаниямыз бір жыл ішінде аяғынан нық тұрды. Бұл ретте, мемлекеттің қолдауын айтқанымыз жөн болар. Себебі кәсіпорынның негізі қаланған сәтінен бастап билік тарапынан көмек көрсетілуде. Нақтырақ айтсақ, кәсіпорын индустрияландыру картасына енгізіліп, алған несиеміздің мөлшерлемесі мемлекет тарапынан субсидияланып келеді. Бұл - айтарлықтай қолдау. Соған сай тауарымызды жоғары сапада, еуропалық деңгейде шығаруға күш саламыз. Елімізге сырттан келетін тауарларды барынша өзіміздікіне алмастыруға атсалысамыз. Жабдықтарымыз заманауи болғандықтан мамандарға да қойылатын талап жоғары, - дейді А.Слободов.

Үкімет басшысына «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Қ.Алпысбаев «R.W.S.Wheelset» ЖШС-нің сұранысқа ие өнімдері туралы кеңінен баяндады. Екібастұздық жаңа кәсіпорын аталмыш ұлттық компания мен еліміздің вагон жөндеу кәсіпорындарын инновациялық технологиялар негізінде жасалған теміржол біліктерімен, жұп дөңгелектерімен қамтамасыз етпек. Осыған орай, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға теміржол біліктерімен, жұп дөңгелектерді 2020 жылға дейін жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшартқа қол қою туралы хаттамалық шешім қабылдаған.     

Тағы бір айта кетерлігі, Екібастұздағы екі жыл тұралап қалған «Қазақстан вагон жасау комбинатының» бойына қан жүгіруі «R.W.S.Wheelset» серіктестігінің дамуына сеп болып отыр. «Қазақстан вагон жасау комбинаты» биыл наурыз айында жұмысын қайта жандандырған. Содан бері серіктестік жүз вагонға жарайтын жұп дөңгелек жасап берген. «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-нің директоры Сүйіндік Қуандықовтың айтуынша, жартылай вагондарға дөңгелектерді көрші жатқан екібастұздық кәсіпорыннан алу әлдеқайда тиімді болып отыр. Сапасы кезінде ресейліктерден жеткізіліп келген дөңгелектерден артық болмаса, кем емес.

«Қазақстан вагон жасау комбинатының» толық қуатына көшуге алғышарттар бар, дейді С.Қуандықов. Себебі бүгінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен ұзақмерзімді келісім жасалуда. Мәселен, ұлттық компания 1600 жартылай вагонға кепілді тапсырыс берген. Қазіргі таңда жеке оператордан түскен 70 жартылай вагонды өндіруде.  

Бұдан бөлек, компания ауыр техникалар, контейнер тасуға жарайтын әмбебап теміржол платформасын шығаруға көшкен. Елімізде алғаш болып бірегей платформа жасаған. Алғашқысы арнайы сертификат беру орталығында сынақтан өткізілді. Алдағы бірнеше айда сәйкестік туралы сертификат алса, сериялық түрде платформа шығаруға кіріседі. Бүгінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ 300 платформаға кепілді тапсырыс беріп қойған.

Сондай-ақ, жүк тасымалдайтын жартылай жабық вагондардың да жаңасын өндіруді қолға алуда. Жаңасының бұрынғыларынан оң ерекшелігі басым, дейді мамандар. Яғни, жүк көтеру қуаты арттырылған, жөндеуге дейінгі қолданылу аралығы да ұзартылған. Демек, ескілеріне қарағанда берік болып келеді. Кәсіпорында екі жыл бұрын 500-600 адам жұмыс істесе, бүгінде үш жүзден астам адам еңбек етуде. Енді, тапсырыс көбейсе, тағы да қосымша жұмысшылар қабылдау көзделіп отыр. Кәсіпорын директорының мәліметіне сүйенсек, 2014 жылы вагон жасауға материалдар жеткізген ұйымдар мен банкке серіктестіктің берешегі 8 млрд. теңгеге жеткен. Енді компания алдағы екі жылда осы қалыптасқан қарыздан құтылуға ниетті.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Екібастұздың тағы бір ірі кәсіпорны – «Проммашкомплект» ЖШС-нің де қазіргі ахуалымен танысты. Мұнда теміржол саласында жеке кластер қалыптастыруға барынша жұмыс жасалуда. «Проммашкомплектке» қарасты «Railways systems kz» кәсіпорнының бас директоры Артур Хачатурянның айтуынша, серіктестікте темірбетонды қырлы бөренелер, теміржол дөңгелектерін, бағыттама білеулерін шығаратын цехтардың жұмысы қызу. Барлық әрекеттерін Қазақстан нарығының сұранысын қанағаттандыруға бағыттауда. Бір қуантарлығы, кәсіпорында жастар жағы басым. Олар жаңа технологияларды меңгеруде.

- Бірнеше жыл бұрын серіктестік жанынан қызмет көрсетуші кәсіпорын құру идеясы келді. Содан «Railways systems kz» серіктестігін құрдық. Мұнда IT-технология, заңдық, экономикалық, қаржылық қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар, оқу комбинаты да қарастырылған, - деді А.Хачатурян.

Авиация отыны өзімізде шығады

Бұдан соң Павлодар қаласына ат басын бұрған Премьер-Министр Б.Сағынтаев  жергілікті мұнай-химия зауытында болды. Мұнда бүгінде индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында өндірісті модернизациялау жұмысы жүргізілуде. Соның арқасында зауыттың басқару жүйесі автоматтандырылып, энергия үнемдейтін және экологиялық таза технологиялар енгізілмек. Бұл мұнай өңдеу бойынша өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры Шухрат Данбай жаңғыртудың арқасында жоғары октанды бензиндердің өндірісі 297 мың тоннаға артатынын атап өтті. Сондай-ақ, халықаралық талаптарға сай келетін әуе тасымалына қажетті Jet A1 отыны өндірілмек. Жалпы, кәсіпорында
12 технологиялық қондырғы және жалпы зауыт шаруашылығына қажетті 18 нысан орнатылуда. Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған бірқатар қондырғылар қайта қалпына келтірілуде. Бұл К4 және К5 стандарттарына сай дизельдік отынын өндіруге мүмкіндік береді.

Жалпы, жергілікті мұнай-химия зауытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында тұтынушылар сапалы мұнай өнімдерімен қамтылмақ. Өндіріске енгізілген жаңа технологиялардың арқасында қоршаған ортаға тигізетін зияны едәуір азаяды.

Кәсіпкерлерді не толғандырады?

Премьер-Министр Б.Сағынтаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының  Павлодардағы өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесіп, аймақ бизнесінің дамуына қолбайлау болып отырған мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, ел экономикасын жаңғыртуға шағын және орта бизнес өкілдерінің белсенді қатысуы сөз болды.

Кездесуге арқау болған негізгі тақырыптың бірі - қаржылық және заңнамалық сипаттағы мемлекеттік қолдау шаралары мен бизнес ортаны одан әрі жақсарту мәселесі. Жергілікті кәсіпкерлер мемлекеттік органдар тарапынан жасалатын тексерістер мен орынсыз талаптардың санын азайтуды, рұқсат қағаздары мен түрлі анықтамаларды оңтайландыруды сұрады.

Кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту заман талабы екені белгілі. Алайда өндірісті заманға сай барынша автоматтандыру өндіріс ошақтарындағы жұмыс қолын қысқартуға алып келуі мүмкін. Сондықтан, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында бизнес қауымдастық пен жергілікті атқарушы органдар жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыстан босатылған мамандарды қайта оқыту әрі қайта даярлау шараларын мықтап қолға алуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов баяндады.

Өңір кәсіпкерлері «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобаларға ұсынылатын салықтық жеңілдіктерді пайдалану, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан берілетін қаражаттың қолжетімділігі, отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізімін қалыптастыру мәселелерін қозғады.

Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерлер үшін заңсыз кәсіпкерліктен қорғау, бизнес субъектілерін шағын немесе ірі санатына жатқызу белгілерін анықтау мәселелері өзекті болып табылатыны айтылды. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелері оқыту мекемелерін лицензиялау рәсімдеріне және электронды шот-фактураларды шығару бағытындағы жұмыстарға қызығушылық танытты.

Облыс кәсіпкерлерінің ұсыныстары мен сұрақтарына Үкімет басшысынан бөлек ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова жауап берді.

«Сарыарқада» 40 үй салынады

Үкімет басшысы бұл күні  «Сарыарқа» ықшам ауданында болып, ондағы  тұрғын үйлер құрылысымен танысты.

Үкімет басшысына шағын аудандағы көп пәтерлі тұрғын үйлер құрылысының барысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу қарқыны туралы баяндалды.

«Сарыарқа» ықшам ауданындағы ескі үйлердің қабырғасы өткен ғасырдың 60-жылдары қаланған. Мұнда зауыт еңбеккерлеріне арнап салынған екі қабатты 159 үй болған. Кейін мемлекеттік бағдарлама аясында тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына көпқабатты заманға сай баспаналар тұрғызу жобасы әзірленді. Жаңа аумақ «Сарыарқа» ықшам ауданы деп аталды. Бағдарлама қазіргі уақытта толыққанды жүзеге асуда. Алғашқы үйлер пайдалануға беріліп, жүздеген тұрғын қоныс тойын тойлап үлгерді. Жаңа пәтерлердің кілті қолға тигендердің көбі бұрынғы «Алюминстрой» ықшам ауданының тұрғындары. Бүгінде мұнда жолдар мен инженерлік коммуникацияны қайта жөндеу, жасыл көшет отырғызу, тұрғын үйлердің ауласын балаларға арналған алаңмен жабдықтау секілді абаттандыру шаралары қарастырылуда. Арнайы жобалармен танысқан Б.Сағынтаев тұрғын үйлер құрылысы басталғаннан-ақ балабақшалардың да қатар салынуы тиістігін ескертті.

Облыс әкімі Болат Бақауов жақын уақытта аумақта жаңа балабақшалардың, халыққа қызмет көрсету орталығы мен әлеуметтік-мәдени бағыттағы нысандардың құрылысы басталатынын жеткізді. Көше жолдарының барлығы жаңартылып, аулалар жаңа кейіпке енеді, ағаштар егіліп, балалардың ойын алаңдары көптеп тұрғызылады деп сендірді.

Бүгінгі күнде 45 ескі үй сүріліп, оның орнына 2015-2016 жылдары салынған жалпы көлемі 50,3 мың шаршы метрді құрайтын 6 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 5 тұрғын үй (№ 4, 8, 13, 13А, 14) іске қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, 2018 жылы салынуы тиіс №2 үйдің құрылысы да басталып кеткен. 2020 жылға дейін мұнда  жалпы көлемі 256,5 мың шаршы метрді құрайтын 40 үй салу көзделген.

- Құрметті Бақытжан Әбдірұлы. Сіздің тың бастамаларыңыздың арқасында жаңа үйлердің құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізудеміз. Бүгінгі күні 8 үй салынды, жыл соңына дейін тағы 4 үй тұрғындар игілігіне берілмек. Коммуникациялық жобаларға келесі жылы жеті миллиард теңге қаражат бөлінбек. Тұрғын үй құрылысын жүргізу барысында инновациялық технологияларды пайдалану мен модельдеу бойынша конкурс жарияланды, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов.

Ықшам аудандағы үйлердің бір бөлігін тұрғын үй құрылыс комбинаты тұрғызған. Үкімет басшысына өңірдегі құрылыс индус-триясы саласындағы ірі жоба - «Павлодар Теміртас» тұрғын үй құрылыс комбинаты таныстырылды.  

«Теміртас Павлодар» үй құрылысы комбинаты 2015 жылы финдік технология бойынша іске қосылды. Аталмыш өндіріс ошағы құрылыс материалдарын шығарып қана қоймай, аймақтағы сапалы және қолжетімді тұрғын үйлердің құрылысымен де айналысады.  Комбинатта бүкіл әлем бойынша құрастырмалы темір-бетон технологиясын кешенді енгізу жағынан көшбасшы деп танылған «ELEMATIC» атты финляндиялық қондырғылар орнатылған. Ұйым жылына шамамен 650 пәтер салуға қауқарлы. Кәсіпорында пайдаланылатын шикізат - түгелдей жергілікті  өнім. Мұндай жобалар Қазақстан бойынша көп емес. Сондықтан өңіріміз бұл тұрғыдан республикада айрықша орынға ие болып отыр.

Б.Сағынтаев бұл жерде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына енген «Достық» жаңа ықшам ауданының жұмыс жос-парымен және Кутузов көшесін қайта жаңғырту бойынша инфақұрылымдық жобалармен танысты.

Қаладағы аға буын өкілдері Бақытжан Әбдірұлына ықшам аудандағы жүргізіліп жатқан ілкімді істер үшін ризашылықтарын білдірді.  

- Сіздер бағыт бердіңіздер, мен тек орындадым. Ал қазіргі жүргізіліп жатқан  қарқынды істердің  барлығы сіздердің қазіргі әкімдеріңіздің арқасында мүмкін болуда, - деді Үкімет басшысы.

Келешегі зор жобалар

Сондай-ақ, Үкімет басшысы Павлодар қаласындағы арнайы экономикалық аймақта (АЭА) болып, ондағы жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты.

Жалпы аумағы 3300 гектар болатын аталмыш аймақ еліміздің химиялық-технологиялық әлеуетін арттырып, отандық экономиканы дамыту мақсатында құрылған. Мұнда шамамен 40 кәсіпорын орналасып, емін-еркін жұмыс істей алады. Сондай бірегей өндіріс орындарының бірі – «УПНК-ПВ» ЖШС. Күйдірілген мұнай коксын өндіретін зауыт индустрияландыру картасы аясында осыдан 2 жыл бұрын іске қосылған болатын. Ол еліміздің мұнай коксына деген сұранысын қамтып отыр. Бұған дейін отандық кәсіпорындар аталмыш өнімді Ресей, Қытай елінен тасымалдайтын еді. Болашақта өз өнімін көршілес елдерге экспорттамақ. Жобаға құйылған жалпы инвес-тиция көлемі 22,9 млрд. теңгені құрайды. Зауыт жылына 205 мың тонна мұнай коксын өндіруге қауқарлы.

Жалпы, бүгінде арнайы экономикалық аймақта 6 кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың қатарында каустик содасын, хлор және тұз қышқылын өндіретін «Каустик» АҚ, тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын «Белизна ПВ», зарарсыздандыратын құралдар өндірісін қолға алған «БО-НА» ЖШС, агрохимиялық өндірісті дамытып отырған «Агрохимпрог-ресс» ЖШС, мотор майларын өндіретін «Evoоil Kazakhstan»  ЖШС және жоғарыда аталған «УПНК-ПВ» ЖШС бар.

Жергілікті арнайы экономикалық аймаққа биылдың өзінде 47,8 млрд. теңге инвес-тиция құйылған. Оның 4,5 млрд. теңгесі - шетел капиталы. «Павлодар» АЭА басқару компаниясының басқарма төрағасы Александр Зореевтің сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта тағы алты жоба әзірленуде.

- Әзірге екі жоба бойынша нақты ақпарат айта аламыз. Ол - қазандық және автономдық жылыту құрылғыларын өндіретін «Сапро-НАТ» ЖШС мен «TiStel» павлодарлық химия-металлургиялық комбинаты. Аталған жобаларды жүзеге асыруға 2 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оларға деген жер учаскелері белгіленді. Жақын уақытта арнайы экономикалық аймақта ресми тіркелетін болады, - деді А.Зореев.

Бұл жерде қосындыланған алюминий өндіретін бірегей инвестициялық жоба іске қосылады деп күтілуде. Осылайша облысымызда Қазақстан бойынша алғашқы болып толыққанды алюминий кластері құрылады. Бұл жоба Ресей мен Германия елінің әріптестігі нәтижесінде дүниеге келген «Giessenhaus» ЖШС (Гиссенхаус) негізінде жүзеге асырылып отыр.

Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Биыл қосындыланған алюминий өндіретін цех іске қосылмақ. Ал жақын болашақта серіктестік аясында алюминийден дайын өнімдер жасайтын тағы бірнеше кәсіпорын бой көтермек.     

Жаңа инвестициялық стратегия

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-да болған Премьер-Министр жергілікті кәсіпорындардың басшыларымен мәжіліс өткізді. Тақырып өзегі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының жүзеге асу барысы. Үкімет басшысы өндірісті модернизациялаудың маңызын  ерекше атап өтті.

- Өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау, инвестиция тарту бағытындағы алда тұрған мақсаттар орындалатынына сенім мол. Ол үшін Павлодар облысында зор мүмкіндіктер баршылық. Бұл жиынды әдейілеп  жұмыс сапарымның соңына қойдым. Алдымен аталмыш бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзіммен көргім келді.  Елбасымыз өндірістің барлық салаларын модернизациялау бойынша тапсырма бергенін білесіздер. Аймақта осы бағытта бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы, Павлодар облысы өндірісті аймақ екені белгілі. Мұнда жыл сайын бірнеше бизнес жобалар жүзеге асырылады. Дей тұрғанмен Елбасының «Жаңғырту 3.0» бағдарламасында айтылғандай, біз көбіне өнеркәсіп саласын дамытуға ден қоюымыз қажет. Бұл ретте, 2025 жылға дейін барлық ірі кәсіпорындар өндірісті модернизациялау бағытындағы шараларды аяқтауы тиіс. - деді Б.Сағынтаев.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы қайта өңдеу саласын дамыту қажет екенін атап өтті. Аймақтардың, еліміздің сауда айналымында шикізат өнімдері басым. Осы олқылықтың орнын толтыру қажет. Бақытжан Әбдірұлы отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайын да сөз етті. Осы орайда, Премьер-Министр мысалға Бозшакөл кен-байыту комбинатын келтірді. Мұндағы жұмыс автоматтандырылған. Заманауи құрал- жабдықтар мен озық технология сапалы, бәсекеге қабілетті өнім алуға мүмкіндік беріп отыр.

- Әлемдік нарық бір орында тұрмайды. Елдің экономикалық дамуы ірі кәсіпорын-дардың заман ағымына ілесе алуына байланысты болмақ. Ол үшін өндірісті модернизациялау маңызды.  Үкімет тарапынан тиісті қолдау көрсетуге әзірміз. Алдағы уақытта жаңа инвестициялық стратегия қабылданатын болады. Оған сәйкес, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниеттенген кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілмек, - деді Үкімет басшысы.

Жиын барысында Премьер-Министр «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыру мәселелерін де атап өтті. Б.Сағынтаевтың сөзіне сүйенсек, «Цифрлы Қазақстан» тек ІТ технология саласына қатысты деген ұғым болмауы тиіс. Ол - экономиканың әр бағытына ортақ ұғым. Бақытжан Әбдірұлы өндіріске қажетті мамандарды даярлау және қайта даярлау шараларын дамытуды тапсырды.

Кездесу барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттердің жүзеге асу барысы, аймақтың экономикалық дамуы жайында баяндады. Үстіміздегі жылы модернизациялық шараларға облыс кәсіпорындарымен 100 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылмақ. Бұдан бөлек, аймақ басшысы өңірдегі жүзеге асырылуы тиіс бірқатар жобаларға қаржылай қолдау көрсетуді сұрады. Мысалы, Ақсу қаласындағы жылыту қазандығының құрылысына 11 млрд. теңге қаражат қажет. Оның біраз бөлігін облыс бюджеті қамти алады. Қалған бөлігіне республика қазынасына сенім артылып отыр. Сондай-ақ, отын-энергетика саласына қажетті мамандарды даярлайтын өңірлік орталықтың құрылысын аяқтауға 3,4 млрд. теңге қаржы қажет. Үкімет тарапынан қолдау күткен жобалардың бірі – республикалық мәндегі Қалқаман-Үміткер-Ульяновский тас жолындағы жөндеу жұмыстары. Бұл Астана-Павлодар тас жолының бір бөлігі саналады. Жалпы ұзындығы 200 шақырымнан астам. Аталған мақсатқа 5 млрд. теңгеден астам қаржы қажет. Осы орайда Бақытжан Әбдірұлы аталмыш жобалар назарға алынып, тиісті деңгейде талқыланатынын жеткізді.

Бұдан бөлек, жиында «Богатырь Көмір» ЖШС, «KSP Steel» ЖШС, «Еуразиялық Топ» ЖШС сынды бірқатар ірі серіктестіктің басшылары баяндама жасады. Ұйым жетекшілері өндірісте атқарылып жатқан жұмыстар мен мәселелерге тоқталды.

Жиын соңында Б.Сағынтаев жергілікті атқарушы билік пен ірі кәсіпорындардың басшыларына индустриялық даму, техно-логиялық модернизация, цифрландыру, инвестиция тарту және 4.0 индустриясын енгізу бойынша жұмыстарды жетілдіруді тапсырды. Мемлекет тарапынан бұл бағыттағы жұмыстарға тиісті қолдау көрсетілуде. Тек талмай еңбек ету қажет.

«Сарыарқа самалының» тілшілер тобы.

saryarka-samaly.kz