«Алтын жұмыртқалы тауық»

Жалпы, медициналық туризм дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, бұл - азаматтардың сапалы және қолжетімді медициналық көмек іздеп, шетел асуы. Сол сұранысты қанағаттандыру үшін қам-қарекет қажеті сөзсіз. Павлодарлық емдік қызметтер көрсететін мекеме мамандарының сөзіне сенсек, өңірімізде медициналық туризмнің құлашын кеңге жаюына мүмкіндік жетерлік. Бастысы, салада сапа мен насихат қажет. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйым басшылары да осы мәселелерді алдыңғы шепке қойып отыр.

Мәселен, кардиологиялық орталықты алайық. Ашылғаннан бері мұндағы ақ желеңділер әрекеттерін ширатып, әлемнің ең озық технологияларын қолдануда. Жыл сайын мамандарын медицинасы үздіктер қатарындағы елдерге аттандырып, білімін жетілдіруде. Мысалы, Израиль, Венгрия, Қытай, Түркия, Ресей мемлекеттеріндегі әріптестерінен білмегендерін үйреніп, озық технологияларды өзімізде кең қолданысқа енгізіп келеді. Осылайша, көрсететін қызметтерін халықаралық деңгейге көтеру талпынысы толастаған емес, дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы-ның міндетін атқарушы Нұрлан Оразалин. Кардиологиялық орталықта медициналық туризмді дамыту үшін инновациялық технологияларды енгізуге ден қойған. Оның тілін меңгеріп, тетігін басуда шеберлік таныту үшін Жапония, Қытай, Түркия, Ресей, Белорусь елдерінің үздік кардиохирургтарын шақыруда.

Негізі, отандастарымыздың бізде емес, басқа елде емделуі үшін мемлекеттік квота берілетін ауыр сырқат түрлері де бар. Мұндай квота дертін Қазақстанда жоқ, жоғары технологиялық әдіспен емдеуді қажет ететіндерге үлестіріледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік квотасыз, өз ақшасына шетелде ем алатындар, яғни, өзге елдің медицинасының дамуына қаражат құятындар аз емес. Міне, осы қыруар қаржының өз отанымызда қалуы үшін әрі өзге мемлекет азаматтарын да Қазақстанға тарту міндеті тұр құзырлы орган өкілдерінің мойнында. Бұл ретте, шетелдік азаматтарды қай жағынан өңірімізде емделуге тарта аламыз? Біріншіден, бізде толық диагностика жасаудың әдіс-тәсілдері баршылық. Аортокоронарлық шунттау, нейрохирургиялық операциялардың бірқатар түрлері жоғары деңгейде жасалады. Екіншіден, бұл операциялардың көбі бізде шетелден гөрі әлдеқайда арзан.

- Бүгінгі таңда облысымызда жүрек сырқаттарының бәрін емдеу қолымыздан келеді. Ересектерге де, дүние есігін ашқан сәбиден бастап 18 жасқа дейінгі балаларға да жоғары сапалы жәрдем көрсету мүмкіндігіміз бар. Кезінде кейбір аурулар бойынша емді өзге елден, облыстан іздеген аймағымыздың тұрғындары енді алысқа бармай-ақ, өзімізден дертіне дауа таба алады. Мұндай сырқаттар ауқымы көбеюде. Мәселен, мидың, аортаның құрсақ және кеуде бөліктері қантамырларының кеңеюі, ісіктерді оқшаулаудың химиялық эмболизациясы, жатырдағы түрлі түзілістердің, қалқанша безінің эмболизациясы сынды сырқаттар емделеді. Бұдан бөлек, осыдан 4 жыл бұрын Ғалым Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада жамбас және тізе буындарын толық протездеу операциясы қолға алынды. Мұндай мысал аз емес, - дейді Н.Оразалин.

Жалпы, облыстық басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, соңғы уақытта өңірімізде ем-дом алған шетелдік азаматтар бар. Былтыр Ресей, Әзербайжан, Германия, Украина және басқа мемлекеттерден 850 адам облыс медицинасының көмегін көрген. Биыл жыл басынан бері алыс-жақын елдерден 394 шетел азаматы павлодарлық дәрігерлердің жәрдеміне жүгінген. Олардың 210-ы ақылы түрде ем алды. Басым бөлігі диагностика жасатып, емделген. Ал 36 шетел азаматына жоғары сапалы кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетілген. Бірқатарына ота жасалыпты. Сондай-ақ, шетелдіктер тарапынан медициналық қызметтер ішінде қантамыр хирургиясы, нейрохирургия, гемодиализ, аортокоронарлы шунттау, жамбас, тізе буындарын алмастыру операциялары сұранысқа ие. Әрине, мұның көбі - бізге қонақтап келіп, сырқаты сыр беріп, шұғыл түрде дәрігерлер көмегіне жүгінгендер. Дегенмен, олар жергілікті мамандардың жәрдеміне жақсы бағаларын беріп кеткен. Демек, дертіне дауа тапқан азамат өңіріміздің медицинасы жайында оң пікірін еліне арқалай кететіні анық. Сәйкесінше, сол оң оймен ауруын емдеуге өзгелердің келуіне сеп болатыны да сөзсіз. Осы орайда, қолда бар мол мүмкіндіктерді жер-көк білу үшін нақты қадамдар қажеттігі сезіледі. Н.Оразалин осы бағытта да жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Мәселен, облыстық кардиологиялық орталық дәрігерлері алдағы уақытта Ресейдің Алтай өлкесіне арнайы сапар шегіп, көрсетілетін сапалы қызметтер жайында тұрғындарды ақпараттандыруға ниетті.

Әлемде «Туризм - алтын жұмыртқалы тауық» деген тәмсіл қалыптасқан. Осы бір пайдалы саланың келешегін кемел ету үшін барлық мүмкіндікті қолданған абзал.

Елу ел иек артқанда...

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы туризм мен денсаулық сақтау бағыты әлемнің алдыңғы қатарлы салаларының біріне айналады. Әлем халқының қартаюына байланысты медициналық және сауықтыру туризмінің дамуы қарқын алады. Ол үшін төрт қағида негізге алынады. Атап айтқанда, өзге елде емделу мен диагностика жасатудың арзан болуы, емханалардың заманауи медициналық технологиялармен қамтылуы, жоғары деңгейдегі медициналық көмек пен сервистің жақсы болу әрі мезгілдік фактор назарда болады. Мезгілдік фактор өз елінде ем алу үшін кезек ұзаққа созылған жағдайда азаматтың өзге мемлекетте емделуіне түрткі болады.

Елбасының медициналық туризм жайлы айтуы бекер емес. Өйткені, бүгінде әлемнің елуге тарта елі дәл осы медициналық туризмді дамыту турасында ұлттық бағдарламасын түзіп қойған. Қазақстанда да біраз тірлік қолға алына бастады. Жуырда ғана «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы құрылды. Бұл компанияның басты міндеті - еліміздің туристік әлеуетін насихаттап, инвестиция тарту. Еліміздің медициналық туризм қауымдастығының мамандары салада дәл осы насихаттың жоқтығын жиі тілге тиек етеді. Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтар еліміздің қай қаласында қандай қызмет жоғары сапада көрсетілетінінен бейхабар. Осы олқылықтың орнын енді әлгі су жаңа компания толтырса, қанекей. Табыс көзі ретінде әлемнің дамыған елу елі иек артқанда, біздің де қол қусырып отырмағанымыз абзал.

Мақтасаң, «Мойылдыны» мақта!

Иә, еліміздің, оның ішінде облысымыздың медициналық әлеуетін сөз еткенде, емдік қасиеттері мол көлдер ойға оралады. Солардың бірі – Мойылды. Мұндағы шипажайдың аты алысқа таралды. Емдік қасиеті зор балшықтан дауа іздеген азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, алыс-жақын шет елден ат арылтып келуде. Сондай жандардың бірі - Ресейдің батысындағы, еуропалық бөлігінде орналасқан Калиноград қаласының тұрғыны – Валентина Литовских.

- Негізі, балалық, жастық шағым Қазақстанда өтті. 2009 жылы Астанада тұрған кезімде жұмыстан жолдама беріп, «Мойылды» шипажайында ем алдым. Мұндағы ем-домның жаққаны соншалық, араға жыл салып, тағы оралдым. Содан кейін Калиноградқа қоныс аударған едім. Бірақ, «Мойылдыдан» алған әсерім ешқашан жадымнан шыққан жоқ. Бастысы, дертіме шипа болғанын қалай ұмытайын, - дейді В.Литовских.

Сөйтіп, биыл жолдасы Владимир Крупинмен бірге павлодарлық шипажайдағы табиғи балшықтың емін көруге қайта келіпті. Омыртқа мен буындары сыр берген. Сол сырқаттарына емді тұрғылықты мекендерінен әлдеқайда шалғайдағы облысымыздан тауып отыр.

- Бірден айтайын, алты жыл бұрынғы жағдаймен «Мойылдының» қазіргі қалпында айырмашылық көп. Оң өзгерістерді байқап отырмын. Сервис те, қызмет көрсету де айтарлықтай жақсарған. Қосымша ғимараттар бой көтеріпті. Тек гүл бұрынғыдан аздау сияқты. Бәлкім, құрылыс жұмыстарымен биылғы маусымға үлгермей қалған да шығар. Қызметкерлердің ілтипаты бұрынғыша сүйсіндіреді. Тамақтандыру жағында да мін жоқ. Ең негізгісі, медициналық ем-шаралардың пайдасын бірнеше күннен кейін-ақ сезіне бастайсыз. Біраз жерлерге барып ем алғанмын. Онда балшықты алыстан әкеліп, кішігірім апликация түрінде қолданады. Оның тиімдігі білінбейді. Ал павлодарлық шипажайда табиғи өнім тікелей алынып, кәдеге жаратылатыны қуантады. Сондықтан төртінші рет тағы келетінім сөзсіз, - дейді калиноградтық емделуші.

Ол Павлодарға шетелдік туристерді емделуге жаппай шақыруға жағдайдың жеткілікті екенін айтады. Ал Қазақстанға алғаш рет табан тіреген Владимир Юрьевич ел тұрғындарының қонақжайлығы мен ақ көңілдігіне тәнті екенін қайта-қайта айтумен болды. Алдағы уақытта қайта оралатынын айтып, ағынан жарылды.

Еліміздің тұрғындары да жан-жақтан аймағымызға ағылады. Мысалы, Бағила Божанақова дәрігерлердің кеңесі бойынша емдік құрамы әралуан павлодарлық балшықтың шипасын көруге Өскеменнен арнайы келіпті. Айтуынша, таныстарынан шипажайдың пайдасын жиі естіпті. Енді, емі жанына жақса, әлі де келуден кетәрі емес.

Шипажайдың бас дәрігері Медғат Сатыбаевтың айтуынша, мамыр айынан бастап қазанға дейін адам қарасы үзілмейді. Өңіріміз бен өзге облыс, елдерден емделу-шілер көптеп келеді. Аптасына 220-260 адамды қабылдайды. Тіпті, сонау Оңтүстік Африкадан Ягуар елінен тұрақты келетін тұтынушылары бар. Олар міне, алты жыл қатарынан отбасымен бірге Павлодардағы шипажайда ем қабылдайды екен. Қысқасы, шипажай өңірімізде медициналық туризмді дамытуға сүбелі үлес қосып отырған өзінше бір орталыққа айналып үлгерді.

«Мойылдының» жолын енді Маралдыға бұйыртса дерсіз. Өйткені Маралды көлінің де емдік қасиеттері көп. Мұны арнайы зерттеу де дәлелдеп отыр, дейді облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрмағамбетова. Биыл көлдің айналасын игеріп, келушілерге жағдай жасауды қолға алатын инвестор да табылды. Бүгінде іскер азамат «Маралдының» маңын демалыс орнына айналдыруға күш салып жатыр. Көлдің жағасын нығайтып, демалыс аумағын ұйымдастырды. Абаттандырып, көлге жеткізетін жолды да ретке келтірді. Күннен қорғайтын қалқалар орнатып, шағын дәмханалар орнатты. Құзырлы орган мамандары енді тынығатын кішігірім үйлер салынса, шағын көлдің айналасындағы бастамалар әлі-ақ шипажайға ұласатынына сенімді. Бүгіннің өзінде биыл «Маралдыға» ағылған адам саны артқан. Бұрын демалушылар тұзды көлге шомылған соң шайынатын орын таппай, тарығушы еді. Енді емін-еркін жуынып алатын орындар қарастырылған. Кәсіпкер келешекте мұнда адамдарды балшықпен емдейтін емдеу шипажайын ашуды да көздеп отыр. Қысқасы, жан-жақты жабдықталған жаңа бір демалыс орнының қалыптасуына аз қалды. Кәсіпкерге кедергі келтіріп тұрған жалғыз мәселе бар. Ол – электр қуатымен қамту. Билік оған қол ұшын беруге әзір.

Туризмді дамытуға жауапты органдардың өкілдері балшығы мен суының емдігі мол көлдерді әлі де кәдеге жаратудың жолдарын қарастыруда. Нақтысы, қаржысын салатын инвесторлар іздестіру үстінде.

Түйін:
Өңіріміздің медициналық туризмі, әлбетте, бірнеше жыл ішінде өркен жайып кетпесі анық. Бастысы, алғашқы қадам жасалып жатыр. Енді, қолға алған істерді бәсеңдетпей, үдете түскен абзал. Мамандардың айтуынша, шетел азаматтарына облысымыздағы емдеу мекемелері мен шипажайларын насихаттап қана қоймай, оларды таңдауына жетелейтін жайлылықты арттыра беру керек. Бір сөзбен айтқанда, өзге елдің азаматы үрке қарамай, бірден бойын үйрете алатын айтулы мекемелер қатары еселене түскенін тілейік.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz