Қазбектің тапқырлығы

Төле би тоқсан жасқа келгенде Қаз дауысты Қазбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанда:
- Қаз дауысты Қазбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, - дейді Төле.
- Айтыңыз, айтыңыз.
- Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.
Отырғандар таң-тамаша болады.
- Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ бола ма?
- Төке, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз - дейді Қаз дауысты Қазбек.
- Бір дегеніміз - бірлігі кеткен ел жаман.
Екі дегеніміз - егесіп өткен ер жаман.
Үш дегеніміз - үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.
Төрт дегеніміз - төсектен безген жас жаман.
Бес дегеніміз - белсеніп шыққан жау жаман.
Алты дегеніміз - асқынып кеткен дерт жаман.
Жеті дегеніміз - жас келіншек жесір қалса, сол жаман.
Сегіз дегеніміз - серпілмеген қайғы жаман.
Тоғыз дегеніміз - торқалы той, топырақты өлімде бас көтертпесе сол жаман.
Он дегеніміз - оңалмас кәрілікке дауа болмас деген, - дейді Қаз дауысты Қазбек.
- Рақмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, - деп Төле би Қазбекке риза болыпты.

 

 

 

Жарайсың, Әмір!

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Халықаралық математика олимпиадасында бақ сынаған жерлесіміз, «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 11-сынып оқушысы Мохаммед-Әли Әмір алтын медальға ие болып, ел мерейін үстем етті. Білім бәйгесіне әлемнің 100 мемлекетінен 600-ге жуық оқушы қатысқан.

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы мамандарының хабарлауынша, 58-ші Халықаралық математика олимпиадасы 12 шілдеде басталып, күні кеше аяқталған. Жағымды жаңалықты шетелден оқушының жетекшілері жеткізіпті.

- Әлемдік додаға Қазақстанның атынан математика пәні бойынша құрама командасының сапында 6 оқушы бақ сынады. Олимпиаданың қорытындысы бойынша Қазақстанның командасы 4 медальге ие болды. Оның біреуі - алтын, екеуі - күміс, біреуі - қола. Сондай-ақ, бір бала ұйымдастырушылардың Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстандықтарға бұйырған 1 алтынды Мохаммед-Әли Әмір алып отыр. Ол 2 дүркін ҚБТУ университеті грант сертификатының, Әл-Фараби университеті грантының сертификат иегері, - дейді «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыру ісі бойынша директордың орынбасары Азамат Шаймұрат.

Мохаммед-Әли Әмір халықаралық математика олимпиадасының биігін осымен екінші рет бағындырып отыр. Өткен жылы да Қытайдың Гонконг қаласында өткен олимпиадада дәл осылай қарсыластарына шаң қаптырған болатын.

Сонымен қатар, Жәутіков атындағы XIII Халықаралық олимпиадасының алтын медалін, XVI «Жібек жолы» Халықаралық математикалық олимпиадасының күміс медалін иеленді. Мохаммед-Әлидің мұндай биіктерді бағындыруына мұғалімі Арыстан Текеновтің де орасан зор еңбегі бар екені анық. «Ертіс дарыны» орталығы мамандарының хабарлауынша, павлодарлық оқушылар химия олимпиадасында да жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Тайланд елінде өткен 49-шы Халықаралық химия олимпиадасында әлемнің 76 елінен келген 304 оқушының арасынан бұйырған төрт медальдің бірі «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Темірлан Рахымовта. Сондай-ақ, «Туймаада» XXIV Халықаралық олимпиадасында Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы Ярослав Басов қола медальға және ІІІ дәрежелі дипломға ие болды.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

 

 

 

Келмей жатып кергігеннен без!

Қазақ ежелден қыз тәрбиесіне келгенде қырық үйден тыю жасап, оның ертеңгі өміріне ерекше назар аударған. Отбасында үкілеп, еркелетіп өсіргенімен, аруларға әркез «кісінің кісісі» деп қараған. Сондықтан болар, үлкеннің алдын кеспей, кішіге үлгі боларлықтай етіп өсіруге тырысатыны. Өкінішке қарай, бүгінгі бүлінген қоғамда қыз тәрбиесі де қырын кетті. Кейбір қаракөздеріміздің қылығына қарап тұрып, «келген жерін бақытты етуге емес, шаңырағын шайқалтуға келген-ау» деген ойға қаласың еріксіз.

Менің бұлай деп кеюімнің өзіндік себебі де жоқ емес. Жуырда адам айтса сенбейтін оқиғаның куәсі болдым. 87 жастағы қарт ананың жанары жасқа жуылып, амалы таусылып отырғанын көріп, сіздерге хат жазсам деп шештім.

Шарбақты ауданына қарасты бір ауылда 1 шілде күніне үйлену тойының шақыру қағазы таратылды. Көрсе көз тоятын екі жастың қуанышына ортақ болуға алыс-жақыннан талай адам келді. Ақ адал малы сойылып, тойды бастайтын сәт келгенде той иелері өзара жүгірісіп кетті. Түскі сағат 1-ден бастап тойханаға жиналған ел ақ көйлек киген жас келін мен ақ құсын қолына қондырған бегзаданы күтіп отырмыз. Сағат 4-ке жақындағанда үйлену тойы емес, сол үйдің диплом алған кіші қызының оқу бітіруіне арналған шашу тойы болып шыға келді. Жиналғандар абдырап қалғаны рас.

Өмірінің көбі кетіп, азы қалған әжейдің айтуынша, тура той болатын сәтте келін мінез көрсетіп, тойға қатыспаймын деп «шалқасынан» түскен. Үлкен-кішісі қалмай жас келіншектің алдына барып бас ұрып, көндіре алмаған. Келмей жатып, кеудесін керген жас келінге айтар сөз қалмады. Біреу айтса сенбес едік, көз көрген соң амал нешік? Ақ некелерін қиып, ата-ананың көп күткен қуанышын бір-ақ сәтте тас-талқан еткен осы келін тәрізді үлкенді сыйлай білмейтін, келген жерін менсінбейтін қыздар көбейіп кеткені өкінішті.

Қазақ қызы ең әуелі ар мен ибадан жаралған. Ананың әлдиін тыңдап, әкенің махаббатына бөленіп, қазақы тәрбие көріп өскен ару өзін де, өзін сүйген азаматын да жерге қаратпаса керек-ті.

Немқұрайлы қарама өміріңе,
Келсе де осы бір сөз көңіліңе.
Жақсылықтың жолымен жүрер
болсаң,
Бақыт келіп қонады өңіріңе.
Жақсылықты айтуға бөгелмеймін,
Жамандықты тұсау сап көгендеймін.
Иә, Аллам, өзің жар бол жастарыма,
Адасқанның айыбы жоқ дегендейін.

Шолпан ОМАРҚЫЗЫ, әже, Шарбақты ауданы.

 

 

 

Өзге қаладағы оқу...

11-сыныпты аяқтап, жаңа өмірге аяқ басар шақта, алдыңыздан көптеген мәселелер көлбеңдейді. Бірі мамандық таңдау болса, екіншісі – сол мамандыққа сәйкес жоғары оқу орнын таңдау. Сіз қалаған мамандықты терең оқытатын университет өзіңіздің қалаңызда болмай, өзге қалаға кетуге мәжбүр болсаңыз, адами қалыптасуыңыз сіз ойлағаннан да тез жүзеге асатынын ескеріңіз. Өзге қалада оқудың қандай пайдасы мен зияны бар?

1. Өз бетіңмен өмір сүруді үйрену

Анаңыз жаныңызда болып, басыңыздан сипап, таңертеңгі сабаққа «Құлыным, тұра ғой» деп оятқаны жақсы, әрине. Дегенмен, өз бетіңмен өмір сүру нағыз үлкен өмірге үйретеді. Өзіңізге үміт артып, іс-әрекетіңізге есеп беруді бойыңызға сіңіресіз. Қарапайым киім жууға арналған ұнтақтан бастап, кішігірім жұмыстарды атқару сізге жүктеледі.

2. Жаңа мәдениет

Шекарадан асқан бойда, өзге елді мекендер сіздің тұрғылықты орныңыздан өзгеше екенін байқау қиын емес. Неғұрлым қалаңыздан алыстаған сайын, өзгерістер өлшемі соғұрлым ұлғая түспек. Көрген сайын білмейтініңіз азайып, өзіңізге қоятын сауалдардың жауабын табасыз. Алған әсеріңіз молайған сайын, естеліктер қатары арта түседі. Жаңа орта қалыптастырып, адамдармен араласуды үйренесіз. Өзге қалада адаспау үшін есте сақтау қабілетіңізді де
дамытасыз.

3. Жаңа мамандық түрлері

Өзге қалалар мен елдерге шыққанда сіздің аймақта жоқ мамандықтың түрін кездестіресіз. Онымен бірге ойлау көкжиегіңіз ауқымды бола түседі.

4. Саяхат

Әр көшкен сәтіңіз – кішкентай саяхат. Сізді жаңа орта, жаңа сәттер, тіпті жаңа адамдар күтеді. Әр қаланың кез келген көшесінің өз тарихы бар екенін естен шығармаңыз.

5. Туысқандарыңызға деген махаббат

Үйіңізде жүріп сағыныш деген сезімнің не екенін аңғармайсыз. Ал алысқа кетіп, сағыныштың қаншалықты маңызды екенін ұғынасыз. Туысқандарыңызбен өткізген әр сәттің бағасын түсінесіз. Оларға деген махаббатыңыз, жанашырлық сезіміңіз ұлғаяды.

6. Байланыстар мен таныстар

Араласатын ортаңыз кеңейеді. Жаңа достар тауып, өзіңіздің ойлау көкжиегіңізді жетілдіресіз. Жаңа көзқарас қалыптасады. Неғұрлым таныстарыңыз көп болған сайын, кез келген мәселенің шешімін оңай табуға болады.

Ал қандай қиындықтар туындайды?

- Ақшаның жетіспеушілігі

Үнемді қолдана алсаңыз, бұл мәселе туындамауы мүмкін. Дегенмен, өзіңіздің жолыңызға, жүріс-тұрысыңыз бен тамағыңызға, қыдыруыңызға ақша таппай қиналатын сәттерді басыңыздан аз кешпейсіз.

– Сізді күтіп тұратын ыстық тамақ болмайды Иә, тамақты өзіңіз жасап, оған уақытыңызды жоғалтасыз. Мектеп кезіндегідей сізді күліп күтіп алатын ата-анаңыз бен сізге арналып жайылған дастарқан болмайды.

- Ерте есею

Өзіңіз шешім қабылдауды өзгелерге қарағанда бойыңызға ерте сіңіресіз. Кейде соның кесірінен балалығыңызды шетке ысырып қоясыз.

- Бөгде орта - бөгде пиғылдар

Неше түрлі адам бар. Сіздің өз ортаңызды бірден табатыныңызға ешкім кепілдік бермейді. Сақ болыңыз.

- Шектен тыс тәуелсіздік

Егер үйде ата-анаңыздың дегенімен жүріп, өзге қалаға келіп еркіндікті сезінсеңіз, тым босаңсып кетпеңіз. Өйткені, тәуелсіз болудың қызығын көремін деп, шыжығымен күресетін уақыттарға тап боласыз. Абайлаңыз.

 

 

 

Қазақша кітап неге аз?

Соңғы уақытта түрлі жанрдағы кітаптармен достасып алдым. Сондықтан болар, барған жерімнен кітап дүкендерін аралап, міндетті түрде өзіме қажеттілерін ала кетемін. Бұл жолы ару Алматыға барып, ондағы Marwin кітап дүкеніне соғуды жөн деп шештім. Ішке ене бере көзіме бірден Баян Есентаеваның кітабы түсті. Жанынан байқамағансып өте бердім. Баян емес, іздегенім іскерлік әдебиеттер еді.

Көптен бері аңсарым ауып жүрген Стив Джобс жайлы жазылған Уолтер Айзексонның еңбегі еді. Қала берді, Брайан Трейси, Дональд Трамп, Роберт Кийосакидің еңбектерін оқығым келіп жүрген. Іздеген кітаптарымның бәрі табылып, қуанғанымды-ай. Тек іскерлік әдебиеттерді ғана емес, өзім ұнататын детектив, басқа да жанрдағы кітаптарға уақыт бөліп, сол жақтарды да беттеп келемін. Оқуға ерінбесеңіз, іздеген кітаптарыңызды оңай тауып аласыз. Классика, фантастика, психология, мүмкін мотивациялық кітаптар, жоқ, әлде бизнес кітаптар ма, бәрі де жетерлік. Осы ретпен аралап келе, соңында ғана Қазақ әдебиеттеріне көзім түсті. Жетім баладай бір бұрышта елеусіз қалыпты. Қазақша кітаптардың саны елуге жетер-жетпес екен. Есесіне орыс тілінде қалаған кітаптарыңыз табыла кетеді. Қазақша кітаптардың көбі Кеңес кезеңіндегі әдебиеттер ғана. Бүгінгісі Баянмен шектеледі.

Әлем әдебиеттерінің қазақша аудармасын оқығыңыз келсе, kitap.kz сайтынан таба аласыз. Тек экран алдында бас алмай отырамын демесеңіз. Елбасымыз Жолдауында әлемдік бестсцеллерді Қазақ тіліне аударуға тапсырма бергенді. Тапсырма орындалып жатыр-ау. Бірақ сол кітаптар тек оқу орындарына ғана таратылып, кітапсүйер оқырманға жетпейтіні өкінішті. Әйтпесе, соңғы шығып жатқан бизнес кітаптарды өз тілінде оқуды кім жек көрсін.

Осы орайда «Болашақ» бағдарламасының түлегі Қанат Әуесбай алғашқылардың бірі болып «Батыс көрген. Ұлыбритания - Қазақтың көзімен» атты кітабын жазған еді. Өзге де Болашақ бағдарламасы түлектері Қанат Әуесбайдың ізін қуып, бір-бірден кітап жазса, қазақша кітаптардың саны артып, қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелер еді. Бір күні оқитын қазақша кітап қалмай, әншілердің ішіп-жегенін, не істеп, не қойғанын оқып жүрмесек болғаны.

Кітап оқитын жастар емес, оқитын Қазақша кітап қалмай барады.

Жанұзақ ӨТЕМІС, ПМПИ студенті.

 

 

 

200 «серпіндік» келмек

2014 жылдан бастап қолданысқа енген «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша аймаққа келіп білім алушылардың саны артуда. Биылғы оқу жылының өзінде облыстағы 6 колледжге еліміздің 5 өңірінен 200 түлек келіп білім алады деп күтілуде.

«Серпін» әлеуметтік жобасына еліміздің еңбек күші артығымен орналасқан 5 өңірден, яғни, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Маңғыстаудың еңбекқор жастары қатысуда. Олар еңбек күшіне сұраныс жоғары Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан сынды 9 аймақтағы оқу орындарында жоғары және арнаулы орта білім иегері атанып, алды еңбек етуде.

- Осы оқу жылында біздің өңірге білім алуға келетін жастар технология, инспектор, техник-механик, техника-энергетика, ветеринарлық техника және ауыл шаруашылығына қажетті тракторшы, машинист мамандықтары бойынша білім алады. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарынан келуге ниеттенген түлектердің құжаттары қабылдануда. Аталған оқу орындарының өкілдері тұрғындармен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде, - дейді облыстық білім беру басқармасы техникалық-кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Самал Обазова.

Білім алуға ниетті 200 жастың таңдауы Павлодар технологиялық колледжі, Павлодар химия-механикалық колледжі, Павлодар бизнес колледжі, Жаяу Мұса атындағы Ақсу колледжі, Красноармейка аграрлық колледжі және Баянауыл аграрлық-техникалық колледждеріне түскен.

2014 жылдан бастап Павлодар өңіріне келіп білім алушылардың саны жыл санап артуда. Биылғы оқу жылында аймақтағы колледждерде білім алған серпіндіктердің қатарындағы 67 түлек оқуын бітірген.

Айта кетелік, бүгінгі таңда 309 жас «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуда.

Қ.МҮСӘЙІП.

 

 

 

Қайталанған тағдыр

Өмірлік жар табуда жаңылыса беретіндерді былай қойғанда, бір жасаған қателігін қайта-қайта жасайтын, қанша сүрінсе де, сабақ болмайтын, маңдайының соры бес есе қалыңдар да бар емес пе?! Мәселен, қайтып баспаймын деген жерін үш рет басқан, төрт рет тұрмысқа шықса да, күйеулерінің қылығы бірінен бірі айнымаған мына бір әйелдің тағдырын алып қарайықшы.

Бұл әйелге бастапқыда күйеулері жақсы көріп қосылып, бірақ уақыт өте келе түсініксіз жағдайда аралары суып, тіпті, оның бар-жоғын ұмыта бастайтын еркектері бұрынғы отбасына немесе тастап кеткен нақсүйеріне қайта оралады екен. Бір қызығы, бұл әйел өзін сүйген азаматты сүймейді, бақытты ете алады-ау деген еркекке тимейді. Психологтар оның махаббатқа қатысты машақаттарын зерттей келе, бақытсыздығының сырын балалық шағынан іздейді.

Мектепте оқып жүргенде басқа ұлдар оны ұнатып қалса да, көп ұзамай басқа қыздармен әуейі бола жөнеледі. Неге екені белгісіз, көзге түсетін, жақсы оқитын, беделді балаларды іштей ұнатса да, көп ұзамай қашқақтай бастайтынын немесе өзін жақсы көріп қалған бозбаладан өзі де біртіндеп бойын аулақ сала бастайтынын сезетін, мойындайтын. Болмысында бір өткірліктің жетіспейтіндігі, жақсы көрген адамына бірден тәуелді болып, ығына жығыла бастауы жігіттерді бірден жалықтыратын-ды

Ал енді кейін есейіп, өзіне есеп бере алатын жаста да мұндай оқиғалар өз өмірінде қайталанып жатты. Қысқасы, оның қыз кезінде де, өз тағдырына келгенде, жігерлі болғаны шамалы болатын. Жас жігіттерден гөрі, жасы үлкен еркектер, тіпті, отбасы бар адамдарға жиі ұрынатын-ды.

«Ортақ өгізден – оңаша бұзау артық» дегендей, бұрын үйлі-баранды болған жанмен толыққанды бақытты болу сирек кездесетін жағдай емес пе?! Бұрынғы әйелін жер-жебіріне жеткізіп жамандайтын, екі қолын төбесіне қойып ажырасып келген екі күйеуі де уақыт өте келе, жаздым-жаңылдым деп, бұрынғы отбасына оралғанын өзі біледі. Үшінші күйеуі де біраз отандасқаннан кейін, көп шатақ шығармай-ақ, түсініспей жүрген шешесінің үйіне кетіп тынған. Төртіншісінен де осыған ұқсас жағдайдың айналасында ажырасты. Басында бәрі де дұрыс сияқты болатын, уақыт өте келе телефонын қолынан тастамай, сәті түссе сытыла кетіп, сыртқа шығып сөйлесіп, сыбыр-күбірі көбейе берді. Сонымен, екі жылдан соң ол да балаларым үшін дегенді себеп қылып, бұрынғы әйеліне кетіп қалады.

Сонымен, төрт рет тұрмысқа шығып, бағы ашылмаған әйелмен психолог көп уақыт жұмыс істей келе, төмендегідей пайымға келеді.

Біздің кейіпкеріміз өз өміріне ұқсас осынау жағдайларды бала күнінде жиі сезінгенін мойындайды. Үнемі ырың-жырың болып, керісіп жататын әкесі мен шешесі. Анасы әкесімен қатты ұрсысып қалса, кішкентай қызын пана тұтып, ішіндегі қасіреті мен мұңын осыған шағады екен. Отбасындағы ұрыс-керісті ұмыту үшін қызын жетектеп, дүкен аралап, айналып-толғанып, барлық назарын перзентіне аударады да, әкесімен қайта татуласса, мұның бар-жоғын да ұмытып кетеді. Қысқасы, осындай енжар қарым-қатынас біртіндеп көңіліне қаяу салып қана қоймай, саналы ғұмырында да қайталанып, кесірін тигізіп отыр.

Сонымен, мамандар бұл әйелге «керексіздік синдромынан» балалық шақтан ілесіп келе жатқан сатқындық салқынынан арылу үшін қандай кеңес береді? Бала кезден ілесіп келе жатқан осынау сценарий есейген кезде де соған ұқсас соқпақты таңдауға итермелеп тұр ғой.

Себебі, бұл әйел өзін жалғыз сезінген кезде ғана өзі сияқты қамқорлық пен түсіністікке мұқтаж адамды іздейді де, ол адам өзін тапқан кезде біздің кейіпкеріміз бала күнгісіндей тағы да ешкімге керексіз болып шыға келеді.

Егер бұл әйелдің бүкіл өміріне сараптама жасасақ, ол да өзінің жанынан жақын адам керек кезде сүйікті жартысына жанын салады да, араға біраз уақыт салып, күйеуі бар екенімен өзінің де ісі болмайды, еріне деген сүйіспеншілігі жоғалады. Қысқасы, бір кезде анасы өзіне не істесе, ол да еркектерге соны істейді немесе керісінше.

Ең бастысы, біздің кейіпкеріміз сана түкпірінде тығылып отырған сол сценарийден құтылу үшін шындап сүюге, шын мәнінде бақытты болуға, өткенді кешіруге, тіпті, түбегейлі өзгеруге тура келері анық.

Әрине, бұл - бір ғана адамның мысалы, егер сан түрлі бақытсыздық болса, онда оның сан түрлі себебі бар. Біз көтеріп отырған мәселенің өзге де қырлары жетерлік.

Мәселен, өмірде ештеңе де текке кетпейтіндігі мәлім. Өмір бір шеңбер сияқты. Жасаған жақсылығың да алдыңнан шығады, жамандығың да өзіңе қайтып оралады.

Біздің тағдырымыздағы бақытсыздық-тардың қайталануын басқа тұрғыда қарастыратын ілімдер бар.

Мәселен, бір үйде атасы, әжесі, баласы, келіні, немересі немесе күн көрсетпейтін қайынене, қайынсіңлі деген сияқты, тағысын тағылар болды делік. Бір-біріне туысқан, жора-жолдас, жегжат болып келетін бұл адамдар өткен өмірде де бір-біріне байланыста болған адамдар көрінеді.

Неге бұлай болады? Біздің қылығымыз, жасаған қадамдарымыз – Құдайдың құдіретімен – жақсы болсын, жаман болсын алдымыздан шығады.

Қарап отырсақ, балаларымыздың, әкеміз-дің, шешеміздің, тіпті, бауырларымыздың біздің алдымызда өтелмеген қарызы бар сияқты – біздің де олардың алдында өзіміз де білмейтін, өтелмеген борыштарымыз бар көрінеді. Сонда не істеуіміз керек деген сауал туады ғой.

Адам жаралғалы бері осының мәнісін зерттеуге уақытын арнаған ғұламалар бізге жақындарымызға барынша жақын болуға кеңес береді. Яғни, қаның мен ұрығың араласқан адамдармен барынша тату-тәтті болып, түсіністікке ұмтылып, кешіріммен қарап, өз тегіңнің қарғыс пен наладан ада болуына күш салғанда ғана бақытты бола аласың.

Әйтпесе, әкесі шешесін, шешесі қызын, қызы баласын, баласы басқаны түсінбей, осы бір қырсық атадан балаға ауысып келе жатқан әулеттер болады. Үлкенін сыйлап көрмеген үйдің кейінгілері де дәл сондай болып өседі. Мұндай жағдайда мақсат біреу: әулеттегі бір адам, ең бастысы, есті әйел, яғни отанасы осы бақытсыздыққа қалайда тоқтау салуға, тосқауыл қоюға тиісті. Балалары оны қаншама жерден түсінбей, өкпелеп, көкірегі қарс айырылып тұрса да, отбасындағы тәрбиені түбегейлі өзгертіп, «сен жаман», «мен жаман» дей бермей, барынша мейірімді болып, сол жолда өзін құрбан етуге тура келеді.

Адам өзі жақындарын сыйламаса, баласы анасын қадірлемесе, әкесі атасын құрмет тұтпаса, Жаратқанның жазасы жалғаса береді.

Осынау тақырыпқа жазылған талай томдарды ақтара отырып түйгеніміз, әрбір адам өзінің ет жақындарының алдында парызы мен қарызы бар. Үйдің еркегі өзінің әкелік міндетін атқаруы, қамқорлығын көрсетуі, асырауы, тәрбие беруі тиіс болса, әйелдің де баласын тауып, ата-енесін сыйлауы, отбасының берекесін келтіруі - мойнына жазылған міндет. Адал болу - екеуіне де бірдей уәжіп.

Ал балаларға келсек, бала ештеңе түсінбейді деп ойлаймыз. Дүниедегі ең сезімтал, ақ парақтай таза сананың иесі сәби екендігін ұмытып кете беретіндігіміз жалған емес қой. Бала көзін ашқаннан не көрсе, соны бойына сіңіріп өсетінін өзіңіз де білесіз. Ауызбен айтқанды емес, көргенін жалғастырады.

Не десек те, әке өзінің әкелік борышын ақтамағанда, әйел әйел болып жарытпаған жерде бақытсыздықтар басталады.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».

 

 

 

Жарының тегін алуы дұрыс па, бұрыс па?

Бүгінде қоғам арасында ата-текке байланысты түрлі пікірлердің орын алып жатқандығы шындық. Біріншісі, Кеңес үкіметінен қалып кеткен сарқыншақ «ов», «ев», «вич» төңірегінде болса, екіншісі, әйелінің күйеуінің тегін алуына қатысты. Осы мәселенің екіншісіне келгенде қоғамдағы пікір екіге жарылады. Жас келіннің жарының тегін алуы дұрыс па, бұрыс па?

Айым АСҚАРҚЫЗЫ, келін:
- Қазақта ат тергеу деген дәстүр бар. Бұл – шаңыраққа түскен жас келінге қатысты. Бұрын өзге үйдің шамын жаққан арулар қайын жұртындағы туысқандарының есімін атамай, оған мінезіне, сырт болмысына қарай ат қоятын болған. Мысалы: Қабанбай батырдың жеңгелері бозбаланың тұлғасына қарап, Нарбала деп атаған. Жасы үлкен әжелеріміздің аузынан осы бір үрдісті әлі де естуге болады. Бұл - қазаққа ғана тән дүние. Келіннің жаңа жұртына деген құрметі. Ізеттілігі мен инабаттылығының айқын көрінісі. Жаңа тұрмыс құрған қыздардың күйеуінің тегін алуына өз басым қарсымын. Бұл қазаққа тән қасиет емес. Себебі біз осы арқылы келіннің қайын атасының есімін қысылмай айта беруіне өзіміз мүмкіндік туғызамыз. Сырттай қарағанда қарапайым дүние секілді көрінгенімен, астарында үлкен мән жатқанын байқамаймыз. Келіннің тегін ауыстырып, Бәленшиевтердің санын бір адамға көбейткеннен қазақтың демографиясы көбейіп жатыр деп айта алмаймын. Үлкендердің тәлім-тәрбиесінде өскендіктен болар, өз басым тұрмысқа шыққаннан соң да тегімді өзгерткен жоқпын.

Күләш МАҚАЖАНОВА, жас келін:
- Екі жас бір-бірін сүйіп қосылса, әйелі ерінің тегін неге қабылдамасқа? Біріншіден, бұл тойға жиналған ағайынға керемет көңіл-күй сыйлайды. Ағайын-туыс әулеттеріне тағы бір жанның қосылғандығын толығымен сезіне алады. Сонымен қатар, бұл үрдіс жас жұбайлардың бір-біріне деген сезімі мен сенімін күшейте түсері анық. Келін де осы әулеттің толыққанды бір мүшесі екендігін тегінен-ақ біліп, марқайып жүреді. Сондай-ақ, мұны зайыбының еріне деген ізеттілігі мен құрметі деп түсінуге де болады.

Өз басым отбасының бір текті болғандығын қалаймын. Ертең балаларымыз мектепке барғанда, үлкен бір жетістіктерге жетіп, тегімен аталып жатқанда менің өз жанұямнан жекеленіп, өзге текпен тұрғаным жарамас. Отбасындағы бірлікті сақтаудың бір жолы деп ойлаймын. Қазақтың қанындағы тектілікті тегіне яғни фамилиясына қарап анықтауға болмайтын шығар. Демек, келіннің болашақ күйеуінің тегін алуында немесе өз тегінде қалуында ешқандай да мәселе жоқ.

Азамат ДӘУЛЕТОВ, қала тұрғыны:
- Бұл - бүгінгі таңда ел арасында жиі айтылып жүрген мәселелердің бірі. Көбімізге елеусіз жайт болып көрінуі бек мүмкін. Бірақ мұның артында бір елдің салты мен дәстүрі жатқанын ұмытып жатамыз. Тіпті, жас келіннің күйеуінің тегіне өтуін шариғат та қабыл көрмейді. Мысалы, қайын атасының атын атау күнә саналады. Сондықтан қазақ келіндерін бұл әдеттен сақтандыру керек. Ата-тек деген ол сол адамның өмірлік төлқұжаты іспетті емес пе? Қазақта «кімнің келінісің?» демейді, «кімнің баласысың?», «тегің кім?» деп сұрап жатады. Шежіреге аттары кірмегенмен, оны тарататын отбасындағы аналар болғандықтан, олардың саналы ұрпақ өсіруінде тәрбиені өзінен бастағаны абзал.

Сонымен қатар, қазіргі қоғамда бүгін қосылып, ертең ажырасып жатқан отбасылар жетерлік. Бұл - тіпті үлкен мәселе. Құжатты өзгерту кезінде шынайы ниетпен қалап алған тектен бас тартудың өзі қиын.

Әзірлеген - Алпысбай ХОНЖ.

 

 

 

Мен қаламмен жарастым

Жас ақын Әмренов Ерболат Теңдікұлы 1997 жылдың 10 сәуірінде Павлодар облысы, Екібастұз қаласы, Өлеңті ауылында дүниеге келген. ХІХ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің финалисі. Елбасының қатысумен өткен республикалық жастар форумының қатысушысы. 2015 жылы облыстық «Менің жетістігім – елімнің жетістігі» сайысында «Көркем шығармашылық» номинациясы бойынша жеңіске жетіп, облыс әкімінің дипломы мен бағалы сыйлығын иеленді. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырған «Азаттықтың ақ таңы» мүшәйрасында 3-орынды жеңіп алды. Өлеңдері облыстық, республикалық газет-журналдарда жарияланып тұрады. «Қыркүйекте көктем бар», «Қалқа жүрек» кітаптарының авторы.

Екібастұз

Менің қалам – ертегі,
Көшесінде бақытыма ертеді.
Таусылмайды қиылыста қызығы,
Таусылмайды әдемілік, көркемі.

Тұрғындары жылы жүзді, жайдары,
Тату – тәтті бұзылмаған қаймағы.
Менің қалам – кен байлықтың мекені,
Менің қалам – энергия аймағы!

Арманыма мен өзіңнен жол аштым,
Мұратына жетемін деп Алаштың.
Менің қалам бақ – құтыма себепші,
Қалам менімен,
Мен қаламмен жарастым.

Қосым Пішембаев ескерткіші алдында

Бір жұмбақ сезім басында тұрып кешірдім,
Толқындар соқты толағай күшпен тосын мың.
Бір сәтке ұқсап кеткендей болды
Ақын мен Тағдыры өткен Қосымның...

Тәңірдің берген бұйрығы шығар білгенге,
Өнеріңменен боларсың айғақ, үлгі елге.
Ол алғаш болып көмірдің тапса мекенін,
Мен алғаш болып өлеңді таптым бұл жерде.

Бұл сырды, досым, түсін сен, мейлі түсінбе,
Мен жасап жүрмін шабыттың қуат, күшінде.
Ал Қосым болса қара алтыныменен қасқайып,
От болып жанды Отанның өндірісінде!

Ғасырдың сосын оянған құйынысың да.
Кеншілер түгел тамсанып ұйысын жырға.
Ақындар әлі – ақ өлеңдер жазары анық,
Қосым мен ертең ақынның қиылысында...

 

 

 

Кімнен үлгі алады?

Елбасы Н.Назарбаев «Біз жастарымызға бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманы-мыздың жаңа қаһармандарын көрсетуге және жасауға тиістіміз» деген еді. Әрине, қай заманда да өз уақытының қаһарманы болатыны ақиқат. Қаһарман болу үшін жау шауып, атойлату міндет емес. Ал ХХІ ғасырдағы өз заманымыздың жаңа қаһармандары кімдер?

Жастарға, жалпы халыққа қарата айтылған осы сөз қалыптасып келе жатқан қазақ зиялыларына үлкен міндет жүктесе керек. Мәселен, ХІХ, ХХ ғасырларда өмір сүрген Алаш азаматтарының өмір жолы қандай болды? Олар қалай, қайда білім алды? Бұл жайттар баршамызға таныс. Ең алғаш халыққа арнап оқулықтар мен әдеби кітаптар жаза бастаған да солар. Олар сол кезде қанша жаста болды? Шоқан Уәлиханов небары 21 жасында орыстың тарлан деген ғалымдарын мойындатса, Ахмет Байтұрсынов 37 жасында ең алғашқы «Маса», «Қырық мысал» кітаптарын, Жүсіпбек Аймауытов 35 жасында «Тәрбиеге жетекші», 37 жасында «Психология» еңбегін жазған. Бұл - теңіздің тамшысындай ғана мысал. Осы және өзге де азаматтар сол кездегі елдің серкелері болды. Ел Президенті айтқан «негізгі рөлді» қолға алар азаматтар да өздерінен бұрын өзгелер мойындап кеткен арыстардан үлгі алуды мақсат етуі тиіс.

Ал, алаштың арыс азаматы Мұстафа Шоқай «Белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп атауға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» деген екен.

Бүгінгі таңда жастарға үлгі боларлық, бір ауыздан есімін атайтын зиялылар саусақпен санарлық қана. Бір өкініштісі, құлағын тесіп сырға таққан, қыздармен жарыса боянған азаматтар мен ерін билеп төске өрлеген, әйелдік ибадан ауылы алыс көшкен азаматшаларға қарап, ертеңгі жас ұрпақ «қазақ зиялысы» деген ұғымды білмей кетпесе игі.

Өткеннен сабақ, көріп жүргендерімізден үлгі аламыз. Бұл – жазылмаған заңдылық. Алдағы 40 жылда қалыптасатын қазақ ұлтының зиялылары кімді үлгі етеді? Қазіргі қазақ қоғамының зиялылары кім? ХХ ғасырда бір бойынан қоғам қайраткері де, шенеунік те, ақын да, жазушы да, драматург та, ағартушы да табылатын тұлғалар бар ма?

Ендеше келешек зиялыларға, қалыптасып келе жатқан жастарға тек Мұстафа Шоқай айтқан бір мәселе төңірегінде топтасқан ауызбіршілікті насихаттайтын зиялылар үлгі болады. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп қазақ бекер айтпаған.

saryarka-samaly.kz