ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен бұл байқау осы жылдың жарқын мәдени оқиғаларының біріне айналды. 18-32 жас аралығындағы жезтаңдай майталмандар классикалық өнердің құдіретін паш етіп, Елорда аспанында әлемдік туындылардың әуені қалықтады. Үш кезеңдік іріктеуден үздік шыққан 14 әнші финалда барын салды.

Ақтық кезең аяқталған соң, қазылар алқасы ғана емес, көрермендердің де сүйікті қатысушысына дауыс беруге мүмкіндігі болды. Алдын-ала берілген қызыл және көк түсті карточкаларды байқауға қатысушылардың суреттері бекітілген арнайы қораптарға тастады.

Rolex компаниясының Rolex қол сағаты түріндегі «Көрермен көзайымы» аталымы жерлесіміз Мария Мудряк (сопрано, Қазақстан) пен Леон Кимге (баритон, Корея Республикасы) бұйырды.

Опералия қатысушыларының деңгейі жыл сайын артуына байланысты, бәсекелестік те қыза түсуде. Астанада өткен байқау барысында ұйымдастырушы маэстро Пласидо Доминго ақтық сайысқа жеткен, бірақ негізгі ақшалай қаражатқа қол жеткізе алмаған әрбір қатысушыны 5000 доллар көлемінде ынталандыру сыйлығымен марапаттау туралы шешім қабылдады. Ынталандыру сыйлығына: Руперт Энтикнап (контртенор, Ұлыбритания), Су Ён Пак (сопрано, Корея Республикасы), Влада Боровко (сопрано, Ресей), Эммет О’Хэнлон (баритон, АҚШ), Руслана Коваль (сопрано, Украина), Дамиана Мицци (сопрано, Италия) ие болды.

Ал Адела Захариа (сопрано, Румыния) және Леви Секхапан (тенор, Оңтүстік Африка) опера өнерінің Халықаралық «Опералия» байқауының бірінші жүлде жеңімпаздары атанып, ең жоғарғы 30 мың доллар көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орын және 20 мың доллар марапаты Кристина Мхитарянға (сопрано, Ресей) және Давиде Джустиге (тенор, Италия) бұйырды. Үшінші сыйлық пен 10 мың долларды Мария Мудряк (сопрано, Қазақстан) және Леон Ким (баритон, Корея Республикасы) алды.

saryarka-samaly.kz