Салтанатты жиынның бірінші бөлігі ресми түрде өтті. Оған ҚР Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова, Гамбияның сауда өнеркәсіп, аймақтық бірігу және жұмыспен қамту министрі доктор Айсату Туэль, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бөлім басшылары және шетелдік компания өкілдері қатысты.

Жиында Эльвира Әзімова Гамбия республикасына алғысын білдірді.

- «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге Астананың үміт-керлігін қолдағаны үшін Гамбияға ризашылық білдіргім келеді. Бүгінде Гамбия делегациясы өзінің ұлттық күнін атап өтуде. Аталмыш мемлекеттің павильонына келетін әрбір адам Гамбияның мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныса алады, - деді ол.

Сонымен қатар Әділет министрінің орынбасары Қазақстанның ТМД мемлекеттері арасында алғаш рет «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесін өткізіп отырғандығын айрықша атады.

- Қазақ елі ТМД елдері мен Орталық Азия арасында дүниежүзілік ауқымдағы осындай маңызды іс-шараны бірінші болып өткізіп отыр. Осы көрмеде «Болашақ энергиясына» арналған әлемнің үздік және ғылыми-инженерлік жетістіктері қойылған. Көрмеге 115-тен астам ел мен 22 халықаралық ұйым, ірі компаниялар энергетика саласындағы өз жетістіктерін көрсетіп отыр, - деді Эльвира Әзімова.

Ал Гамбияның сауда-өнеркәсіп, аймақтық бірігу және жұмыспен қамту министрі доктор Айсату Туэль Қазақстанда өз елінде жүргендей әсерде болғандығын айтты.

- Гамбия республикасының ресми делегациясы мен біздің елдің өнер қайраткерлеріне көрсетілген қонақжайлықты жоғары бағалаймыз. Мен сіздерге жоғары мәртебелі Гамбия президенті Адам Барроудың сәлемін жеткіземін. Осы жерде біздерге өз үйіміздегідей қамқорлық жасалуда. Сіздердің тараптарыңыздан жасалған қамқорлық біздің жүрегімізде мәңгі ізін қалдырады, - деп түйіндеді сөзін шетелдік министр.

Жиынның ресми бөлігі аяқталған соң, Гамбиядан келген «Поло Джубу Бэнг» тобы «ЭКСПО-2017» қонақтары үшін өнер көрсетті.

saryarka-samaly.kz