Шара QazaqGeography Қазақ-стандық ұлттық географиялық қоғамы мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты (ПМПИ) және «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мұрындық болуымен өтті. Фестиваль тұңғыш рет ҚР Білім және ғылым министрлігінің ықпалымен 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып Қарағанды облысындағы Ұлытауда, ал 2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып Оңтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылған болатын. Биыл фестиваль Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында Баянауыл жерінде өтті. Фестивальдің «Хан Қорық» аталуының себебін ұйым-дастырушылар былай түсіндірді.

- «Хан Қорық» топонимикалық атауының шығу тегі ерекше. Бұл шара алғаш рет Ұлытауда ұйымдастырылған болатын. «Ұлытау – Қазақ хандығының қамалсыз астанасы» деп бекер айтылмаған. Орта ғасырларда сол өңірдің саяси маңызы орасан зор болған. Осының өзі Ұлытау ханның ордасы, қорығы болғанын дәлелдейді. «Қорық» сөзі неліктен қосылып айтылған десеңіз, бұл Ұлытау аймағы қазақ хандарының астанасы екенін, яғни мұнда мүлде аң аулауға рұқсат етілмегенін білдірген. Тарихшылар Абылай хан Көкшетауда көп тұрғандықтан, осы жерді хан ордасы санайды. Ал шындығында қазақтар таудың етегінде емес, сары даланы мекен еткен. Сондықтан Ұлытау «Хан Қорығы» ретінде таңдалған, - дейді ұйымдастырушылардың бірі, ПМПИ проректоры Ербол Исақаев.

Биылғы фестивальге 200-ге жуық адам келді дедік. Оның ішінде 12 қазақстандық жоғары оқу орнының және 4 шетелдік университеттің (Ресей мен Моңғолия) студенттері мен QazaqGeography қоғамының мүшелері қатысуда.

- Биыл фестивальге алғаш рет шет мемлекеттерден қатысушылар келді. Мұның өзі оған халықаралық мәртебе береді. Ұлттық саябақ аумағында ғылыми-танымдық зертхана ашылып, тарихи-археологиялық, экологиялық-биологиялық және геологиялық-географиялық зерттеулер жүргізілді. Жастар Торайғыр көлінің маңындағы аспан асты мұражайын тамашалап, археологиялық аймаққа барып, қазба жұмыстарын жүргізді. Бағыт студенттер мен QazaqGeography мүшелері Баянауыл өңірі мен Павлодар қаласының ең қызықты тарихи ескерткіштерін және табиғи қорықтарын аралай алатындай етіп ұйымдастырылған, - дейді Е.Исақаев.

Бес жыл бұрын Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты арасында өзара келісім жасалған. Нәтижесінде бірнеше жыл бойы Margulan Сentre орталығы аталмыш университет студенттерімен бірге қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл «Туған жер» бағдарламасы аясында Баянауыл өңірінде археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

- Экспедицияның мақсаты – аспан астындағы таңғажайып мұражайдың негізін қалау. Бұл - Елбасының мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жүргізілген шаралардың бірі. Баянауыл жеріндегі қазба жұмыстары екі айдан бері жалғасуда. Болашақта бұл аймақ абаттандырылып, көркеюі керек. Алдағы уақытта жолдар жасалып, ақпараттық тақталар ілінеді, - дейді Margulan Сentre орталығының директоры Тимур Смағұлов.

Фестиваль аясында ғалымдар еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей, Моңғолия елдерінен келген студенттермен бірге ежелгі Андронов мәдениетін зерттеді. Олар қола дәуіріндегі бірегей тастармен жабылған баянауылдық «Молалар алқабын» зерттеуге кіріскен. Қазба жұмыстарында QazaqGeography-тың жас зерттеу-шілері де бар. Ең кіші археолог - бес жаста.

- Көне табыттардан табылған сүйектер андроновтықтарға тиесілі. Бұл жердегі адамдар шамамен үш жарым мың жыл бұрын жерленген. Олардың осы аумақта тіршілік еткенін айтуға болады. Өкінішке қарай, сол заманның өзінде осы жердегі кейбір бағалы заттар тоналған. Олай болмағанда, бұл жерде алтын, күміс пен қоладан құйылған әшекей бұйымдар табылатын еді, - дейді экспедицияға келген ресейлік танымал маман, Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің өкілі, тарих ғылымдарының кандидаты Ирина Толпеко.

Ғалымдардың айтуынша, қабірде жатқандарың басым бөлігі – әйел адамдар. Ал оларды айнала көбі бір жасқа толмаған сәбилер жерленген. Археологтар бүгінде бұл жайттың құпиясын зерттеуде. Археологиялық қазба жұмыс-тарын жүргізуге келгендердің бірі - Айгүл Сергеева. Ол Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті.

- Ең алғаш рет Ұлытауда өткен «Хан Қорық» жастар фестивалі біз үшін ерекше әсер қалдырды. Жыл сайын студенттерімізбен осы шараны асыға күтеміз. Екінші жылы Оңтүстік Қазақстан облысында болдық. Белгілі бір тарихи кітапты оқу мен сол тарихқа қатысы бар жерлерге барудың айырмашылығы көп. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған шара Баянауыл жерінде өтіп отыр. Баянауылдың табиғи байлығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Дәл осы өңірде экотуризмді дамыту керек деп ойлаймын. Ел азаматтарымен қатар, шетелдік туристерді де тарта білуіміз керек. Бастысы тарихи құндылықтарымызды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізе білейік, - дейді Айгүл Сергеева.

«Туған жер» бағдарламасы аясында Баянауылдың тарихи аумақтарын түгел аралап, зерттеу жүргізу мүмкіндігіне ие болған-дардың бірі – Гаура Сабиханқызы. Ол фестивальге Моңғолия Республикасы, Баян-Өлгей жерінен арнайы келген екен.

- Баянауылдың табиғаты өте ерекше екен. Ақбет тауына шықтық. Бұл жерде Монғолияда кездеспейтін өсімдіктер өседі. Тіпті, таудағы тас құрылымының өзі өзгеше екен, - деп таңданысын білдірді ол.

Сондай-ақ, халықаралық «Хан Қорық» географиялық жастар фестивалі аясында ортағасырлық жауынгерлердің жекпе-жегі өтті. Батырлар шайқасына Тимуридтер дәуірі мен Қазақ хандығының заманында өмір сүрген ерлердің сауыт-сайманын киген азаматтар шықты. Бір қызығы, сауыт-саймандар, қалқан және қару-жарақтарды жастар тарихи деректерге сүйеніп құрастырған. Бір сауыт-сайманның салмағы 30-40 келіге жуық. Мәселен, дулығаның өзі 3 келіден асып кетеді. Ортағасырлық батырлардың өнерін еліміздің әр аймағынан және Ресей, Қырғызстан елдерінен келген жігіттер паш етті. Олардың қатарында астаналық «TEMIR TUMEN» тарихи реконструкция клубының мүшелері бар.

- Жәнібек пен Керей хандық еткен заманға дейінгі, Алтын Орда тұсындағы тарихи дәуірге басымдық бердік. Батырлардың киімдерінің көшірмесін жасадық. Сауыт-саймандардың барлығын археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған экспонаттарға қарап жасадық. Бір сауыт-сайманды жасауға бір жылдан астам уақыт кетеді. Оған темір, құрыш сияқты материалдар қажет. Тіпті, жібек, барқыт сияқты қымбат маталарды пайдаланамыз. Қазақ батырларының сауыт-сайманы да бар. Бұл киім-кешекті тарихи экспозиция- ларға апардық, - дейді астаналық клубтың мүшесі Дмитрий Горелик.

Ауқымды шара соңы облыс орталығында өткен «Ертіс думаны» шарасымен аяқталды. Жиналғандар аталмыш фестивальдің әлі де жалғасын табатынына сенімді.

Мереке АМАНТАЙ

 

Берік ӨМІРБЕКОВ, Қарағанды медициналық универсиетінің студенті:

- Мектеп немесе университет қабырғасында берілетін білім басқа, ал мұнда ғалымдар мен жергілікті тұрғындардың аузынан естіген тарих басқа. Олардың ортақ ұйытпасы болғанымен, тарихи өлкеге келіп, мол ақпаратты тәжірибе жүзінде білген археологтардан есту, әрине, мол әсер қалдырады. Студенттер Баянауыл жерін өз көздерімен көріп, кез келген ел азаматы біле бермейтін тарихи мәліметтермен толысты. Ал енді жастардың фестивальде болған жерлері туралы өзге достарына әңгімелеп, тарихымызды одан ары дәріптейтініне сенемін. Осылай әрқайсымыз ортақ тарихымыздың ары қарай зерттелуіне септігімізді тигізсек, нұр үстіне нұр болады.

Айнұр БАҚЫТҚЫЗЫ, Ховда мемлекеттік университетінің студенті (Моңғолия):

- Фестивальге Баян-Өлгей аймағынан келдік. Мұндай іс-шараға бірінші рет қатысып отырмын. Шындығында, «Хан Қорық» - тәрбиелік мәні зор, студенттердің бір-бірімен достасуына тамаша мүмкіндік беретін фестиваль. Жастардың басын тарихи ордада қосып, мәдени дамуға жетелеу идеясын құптаймын. Одан бөлек, соңғы күні фестиваль қатысушылары ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Оның да бізге берген мәліметі мол болды.

saryarka-samaly.kz