Сондай шараның бірі Павлодардағы жастар бастамаларын дамыту орталығында өтті. Жоғарыда аталған спортшылар жеке бапкерлерімен бірге қатысқан кездесу кеші мазмұнды өрілді. Атап айтқанда, сұрақ-жауап форматында өрбіген шараға шаңғы жарысынан облыстың бас жаттықтырушысы, А.Шевченконың жеке бапкері Александр Курсаков пен дене дайындығы жөніндегі бапкері Рамиль Хисматуллин, И.Быкованың жеке бапкері Евгений Кисляков та қатысты.

- Алматы Универсиадасынан жүлде еншілейтініме сенімді болдым. Бірақ жеңіс тұғырына бес мәрте көтерілемін деп ойлаған жоқпын. Өзім қатысқан сайыстың бәрінде олжалы болдым. Маған қолдау көрсетіп, сенім білдірген жандарға ризашылығымды білдіремін. Мені алдымен екібастұздықтар пойыздан күтіп алып, құттықтады. Мұндай тосын сыйды күтпеп едім. Павлодардың сапаржайына жиналған көп адамды көріп, таңдай тақтым. Осындай сый-құрмет, қошеметтен кейін менің нашар болуға хақым жоқ. Сондықтан келесі Универсиадада кем дегенде алты медаль ұтып алуды көздеймін, - деді Қазақстанға Алматы Универсиадасының алғашқы жүлдесін сыйлаған шаңғышы А.Шевченко.

Естеріңізге сала кетейік, А.Шевченко - бір Универсиадада 5 медаль ұтқан алғашқы қазақстандық спортшы-студент. Ол үш қоланы жекелей сында иеленсе, алтын мен күмісті командалық жарыс-тарда олжалады.

Шаңғышы Ирина Быкова Алматы Универсиадасы өміріндегі маңызды жарыстардың бірі болғанын айтты.

- Туған жерімізде өткен жаһандық жарыста күміс жүлде иеленгеніме қуаныштымын. Жүлдем саф алтын болмаса да, осы күнге дейін еншілеген басқа медальдарыммен салыстырғанда әлдеқайда салмақты. Алдағы ірі жарыстарда көзге түсіп, көк туымызды көкте желбіреткім келеді, - дейді Алматы Универсиадасының күміс жүлдегері И.Быкова.

Биылғы Универсиада Павлодар облысының спортшылары үшін өте сәтті өрілді. Алматыда біздің 10 спортшы ел намысын қорғады. Олардың алтауы жүлденің дәмін татты. Жерлестерімізге бұл аламаннан 11 жүлде бұйырды.

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz