Жалпы, Павлодар облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 300 кәсіпорын бар. Оның 221-і өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдесе, 79-ы мал шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаевтың айтуынша, жыл соңына дейін қайта өңдеу бағытындағы тағы 23 нысанды жаңғыртып, іске қосу жоспарланған.

Нақты көрсеткіштерге келер болсақ, үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында дайын азық-түлік өнімдерін өңдіру көлемі 30,7 млрд.теңгені құраған. Бұл ретте, күнбағыс майын өндіру 88 пайыз, жарма өнімдері 48 пайыз, сүт 13 пайыз, қымыз өндірісі 10 пайыз, макарон шығару 3,5 пайыз және кондитерлік өнімдерді өндіру 5,6 пайызға артқан. Алайда бұл қайта өңдеу саласындағы мәселелер шешімін тауып, өркен жая түсті дегенді білдірмейді. Аталған бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындардың басым бөлігі шикізаттан тапшылық көруде. Тек сүт, бидай бойынша ғана сұраныс ұсынысқа сай болып отыр. О.Дүзденбаевтың сөзіне сүйенсек, Павлодар облысы сүтпен 127 пайызға, бидаймен 333 пайызға қамтылған. Бұл аталған өнімдерді көп көлемде экспорттауға мүмкіндік тудырып отыр. Жыл басынан бері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне жалпы көлемі 46,4 мың тонна болатын бидай, ұн, жарма, сәбіз, картоп жөнелтілген.

Бүгінде аймақ шаруаларының көпшілігінің назары Қытай нарығына түсіп отырғаны жасырын емес. Күншығыс еліне бал, бидай, ұн өнімдерін экспорттау бойынша хаттамаға қол қойылған. Ораз Алпысұлы екі тараптың келісімі нәтижелі болса, ұн экспортын ертең-ақ қолға алуға болады.

- Біздің ұнның сапасы жоғары. Сәйкесінше оған деген сұраныс та мол. Павлодарлық омарташылардың балы да тіл үйіреді. Еліміз бойынша тұтынушыларға танылып үлгерді. Шағын мысал, Астана қаласында өткен екі күндік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 10 тонна бал сатылды, - дейді О.Дүзденбаев. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы екі апта бұрын аймағымызға Түркия елінен инвесторлар келгенін атап өтті. Олар жасымық өсімдігін көп көлемде сатып алмақ ниетте. Әзірге түрік ағайындардың сұранысын қанағаттандыратындай өнім жоқ. Жасымық небары 3 мың гектар жерге отырғызылған. Онымен қоса ол шикізат күйінде ғана қалып отыр. Шетелдіктер аталған өнімнің барлық көлемін сатып алуға дайын екендерін айтқан.

Алайда кейбір шетелдік серіктестер өз еліне қазақ өнімінің кейбір түрлерін импорттауға асығар емес. Атап айтсақ, қытайлықтар Павлодардан жеткізілетін ет өнімдерінің сапасына қатысты сын айтып отыр.

- Қытайлық тарап ет өнімдерін мұқият, қатаң түрде қадағалайды. Павлодарлық шаруалардың қолынан шыққан ет өнімдерінің сапасына қатысты сын айтқан. Бұл сын орынды деп айта алмаймыз. Себебі қытайлық кәсіпкерлердің сапаны бағлалау талаптары біздің тараппен сай келмейді. Сондықтан павлодарлық қайта өңдеу кәсіпорындарына халықаралық зертханалардың мамандары тартылуда. Қытайлық бизнес өкілдері айтқан сын-ескертпелер түзетілді. Осы айда күншығыс елінен тағы делегация келуі мүмкін, - деді Ораз Алпысұлы.

Десе де, бұл мәселелерге қарамастан, Қытайға ет өнімдерін экспорттау біздің шаруалар үшін тиімді болмақ. Мамандардың пікірінше, қазір аймағымыздағы семіз қара малды оңтүстік өңірлердің алыпсатарлары оңай олжаға айналдырған. Олар бір сиырды көзбен бағалап, бар болғаны 100 мың теңгеге ғана сатып алуда. Етті өткізу нарығына қатысты туындаған мәселелердің салдарынан жұртшылық осындай «әділетсіз» сауданың құрбандарына айналуда. Нарықты қалай да кеңейту қажет. «China – Kazakhstan Modern Agricultural Company» ЖШС Павлодар облысында заманауи ет өңдеу комбинатын салмақ ниетте. Қытайлықтар зауыт тұрғызып, ет қабылдап, дайын өнім шығаруды көздеп отыр.

Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген экспорттың артуы шаруалардың жұмысына үлкен септігін тигізбек. Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерлер қытайлық тараппен түйіршіктелген мал азығын дайындайтын бірлескен жоба құрмақ.

О.Дүзденбаев аймақтың ауыл шаруашылығына қатысты тағы бір маңызды жоба жайында атап өтті. Күзгі жиын-терімге дейін Успен және Ертіс аудандарында машина-трактор станциялары (МТС) іске қосылмақ. Бұл бастама астық ору науқанын уақытылы әрі шығынсыз аяқтауға мүмкіндік бермек.

- Біз бидайды уақытылы себуді үйрендік. Алайда оны жинауға келгенде техника жетіспейді. Соның салдарынан астықтың біраз бөлігі қар астында қалып жатады. Сондықтан МТС құру ісін қолға алдық. Беларуссия елінен арнайы техникаға тапсырыс бердік. Комбайндар жиын-терім науқанына дейін жеткізілуі тиіс. Бұл станцияның екеуі де жергілікті ауыл шаруашылығы кооперативтерінің аясында құрылатын болады, - деді О.Дүзденбаев.

Бүгінде Ертіс ауданында егістік алқабы 1 мың гектардан аспайтын 17 шаруа қожалығы бар. Ал Успен ауданында 2 ірі шаруашылық бар. Қалғаны - шағын қожалықтар. Жоғарыда аталған МТС-тер нақ осы шағын шаруашылықтарға астық оруға қолдау көрсетпек.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz