Жобалық қуаттылығы 600 мың құсты ұстауға мүмкіндік беретін фабриканың құрылысы 2013 жылы басталып, өндіріс 2015 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде кәсіпорында технологиялық процесс толығымен автоматтандырылып, неміс елінің әлемге танымал Specht компаниясының құрал-жабдығы орнатылған. Кәсіпорын басшысы Ербол Досыбаев алдағы уақытта тың жобаларды жүзеге асыратындығын айтады.

- Бүгінгі таңда күніне 120 мың жұмыртқа өндіріледі. Күзге дейін бұл көрсеткішті 450-500 мыңға дейін жеткізу ойда бар. Балапанның жетіліп, жұмыртқа беруі үшін 120-150 күн қажет. Құстың өсуі мен жұмыртқа беруі қоспа жемге байланысты екенін ескерген жөн. Бүгінде барлығы жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Біздің өзіміздің заманауи неміс құралдарымен жабдықталған құрама азық шығаратын зауытымыз бар. Сондықтан жем үшін сатып алынатын шикізат толығымен зертханада тексеруден өтеді, - дейді Ербол Досыбаев.

Күнделікті қажетсіз деп саналған құс саңғырығын да қажетке жаратуға болады. Биоэнергетикалық қондырғы «Павлодар-Құс» ЖШС-де қолданыла бастаған. Кәсіпорын басшысының айтуынша, техноло-гиялық үдеріске түскен құс саңғырығынан биологиялық тыңайтқыш алуға болады. Тың технологияда өңделген қалдықтар әмбебап тыңайтқыш ретінде ұсынылып отыр. Мамандар қоректік заттарға бай бұл органикалық тыңайтқыштар минералдық тыңайт-қыштардан артық болмаса, кем түспейді дейді.

Депутат Меруерт Қазбекова құс фабрикасының жұмысына көңілі толатынын айтты.

- Еңбек адамды алысқа жетелейді. Аз ғана уақыттың ішінде жетістігі мол кәсіпкердің ісіне көңілім толып отыр. Өйткені «Павлодар-Құс» өңір тұрғындарын ешбір химиялық қоспасыз өніммен қамтамасыз етуде. Фабриканың өсу қарқыны байқалады. Бүгінгі таңда кәсіпорынның жеке диірмен кешені бар. Демек, олар азықты сырттан алмайды. Құс саңғырығын да кәдеге жарата бастаған. Яғни, экологияның ластануына жол берілмейді деген сөз. Ал бұл - құс өсірушілердің басты мәселесі, - деді М.Қазбекова.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz